Мәдениет • 23 Мамыр, 2024

Мәдениет – мәңгі құндылық

35 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл Сыр өңірінде «Руханият жылы» болып жарияланды. Атаулы жыл аясында әр аудандағы мұражай, мұрағат, кітапханалар басын қосатын «Руханият» орталықтары салынады. Олардың кейбірінің құрылысы басталып та кетті. Ал мәдениет және өнер қызметкерлері күнінде сала өкілдерінің бірқатары марапат төріне көтерілді. Салтанатты іс-шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, сала қызметкерлері мен ардагерлерді кәсіби мерекемен құттықтады.

Мәдениет – мәңгі құндылық

«Биылғы наурыз айынан бастап аймағымызда «Ру­ха­ният жылы» жарияланды. Атаулы жылға басты тар­ту ре­тінде 1000 орындық «Өнер ор­талығы» ашылды. Халық­ара­лық ТҮРКСОЙ ұйымының ше­шімімен біздің өңір түркі дүниесінің «Ең үздік мәдени аймағы» аталымын иеленді. Бұл Сыр жағалауындағы байыр­ғы жұрттың Орта Азиядағы рухани, мәдени кемелденген өңір ретінде лайықты бағалануы деп білеміз», деді аймақ басшысы.

Ұлт мәдениетінің мәйегі саналған өңірдегі сала өкілдерін қолдау қадамдары қуантады. Жыл сайын білімге құштар жас­тарға облыс әкімінің 100 гранты табысталып келеді. Одан бөлек, қабілетті талапкерлерге Қор­қыт ата университетінің «Дәс­түрлі өнер» мамандығына оқуға қосымша 10 грант бөлінетін болады. Былтырдан бас­тап мә­дениет және өнер саласы май­талмандарының мәр­тебесін көтеретін «Тұран» арнайы сый­лығы тағайындалып отыр. Салтанатты жиында бұл сый­лықтың биылғы иегерлеріне көп алдында құрмет көрсетілді. Бірқатар азаматқа облыстың Құрмет грамотасы, Мәдениет және ақпарат министрлігінің марапаттары табысталып, 8 өнер ұжымына 60 домбыра тарту етілді.

Алдағы уақытта өңірдің жаз­ба мәдениетін насихаттайтын «Алаш әдебиеті» музейі ұйым­дас­тырылып, жазба жәді­гер­лерін реставрациялауға арнал­ған архив лабораториясы іске қосылады.

«Руханият жылы» шең­берінде облыстағы 171 мәдениет үйі мен клуб «Адал адам» тұжы­рымдамасы аясында қайта жаң­ғыртылып отыр. Аймақ мәде­ниетінің басты бренді – жы­раулық дәстүр өкілдерінің басын қосқан «Жыраулар үйі» ашылды. Осы көктемде дала ділмары Әйтеке бидің 380 жылдығына орай тұңғыш республикалық командалық айтыс өткізілді.

«Руханият жылы» аясында Сырдария өзенінің сол жаға­лауынан облыстық тари­хи-өлкетану музейінің жаңа ғи­мараты бой көтермек. Бала­лар талабын ұштайтын «Шы­ғармашылық академиясы», екі ауданда «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектебі» салынып жатыр. Өнер керуеніне талай дарынды қосқан Қазанғап атындағы Қы­зылорда музыкалық жоғары колледжінің жаңа ғимараты да сол жағалаудың сәнін келтіретін күн алыс емес. Жеті ауданда му­зей, кітапхана, архив, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар орталықтарын бірік­тіретін типтік үлгідегі «Ру­ханият» орталықтарының ірге­тасы қаланды.

Мемлекет басшысының Түркістанда өткен құрылтайда заманауи кітапхана жұмысын ұйымдастыру туралы ұсыны­сына сәйкес 1 маусымнан бастап Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әм­бебап-ғылыми кітапхана тәу­лік бойы жұмыс тәртібіне көшеді.

Былтырғы жылдың тағы бір табысы – «Сақ жауынгері» мен «Сығанақ ханшайымының» мүсіндері. Археолог-ғалымдар 20 жыл бойы жүргізген қазба жұмыстарының нәтижесінде жасалған бұл жәдігерлер қата­рын биыл «Түгіскен көсемі» мен «Жетіасар ақсүйек әйелі» мүсін­дері толықтырып, күзде Ұлттық музейдегі көрмеге қойылмақ.

Былтыр елордада Астананың 25 жылдығына орай «Сұлу Сырдан – ару Астанаға» атты Қызыл­орда облысының өнер күн­дері жоғары деңгейде өтті. Би­ыл аймақ өнерпаздары осындай сапармен Алматы қаласына жол тартады. Облыстың мәдени ұйым­дар мамандары Италия, Бела­русь елдерінде біліктілігін арт­тырып келеді. Өзге ел өне­рімен танысып, Еуропадағы белгілі концерттік залдардың озық тәжірибесін үйреніп жүр.

Алда ел намысын қорғаған ер Жан­қожа Нұрмұхамедұлының 250 жылдығына орай дастан орын­даушылардың респуб­ли­калық фестивалі жоспарланып, Қазақстанның Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығына орай «Соңғы парыз» романы ТҮРКСОЙ ұйымының қолдауымен түрік тіліне аударылып жатыр.

Осы күні «Өнер орталығына» келгендер Әбілхан Қастеевтің 120 жылдығына орай ұйым­дастырылған «Қылқаламда мәң­гілік ел бейнесі» атты халық­аралық симпозиум қатысушы­ларының көрмесін тамашалады. Жиын соңы жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.

 

Қызылорда