Мұны байырғы қазақтар уілдек деп бесіктің басына да іліп қойған. Жел соқса, дыбыс шығарып, баланы алдандырады.
«Шын мәнінде, сазсырнайдың дыбысы адамның жүйкесін тыныштандырып, жүрегі ырғағының біркелкі болуына әсер етеді. Біздің елдегі демалыс орындарында, денсаулық сақтау шипажайларында, емханаларда әлі күнге дейін қобыз, сазсырнай, домбыраның күйлері сияқты халық аспаптарын музыка терапия ретінде қолданады», дейді профессор, күйші Жанғали Жүзбай.
Кез келген кәсіби маман сазсырнайды 50 секундта жасай алады. Ал жаңадан үйренсеңіз, 3 минут қана уақыт жұмсайсыз. Арнайы таңдалған сазды иі қанғанша илеп, қалыпқа салып кептіріп, кейін 1200 градуста күйдіреді.
Мәселен, шебер Азамат Бақия күніне 100-150 сазсырнай жасайды. Оның айтуынша, аспапты дайындаудың өзі ептілікке үйретеді, ойың демалады. «Ол адамның, баланың моторикасын дамытады. Мысалы, суретте былай бейнеленген сазсырнай, 4 ойығын жапсақ 1,2,3,4,5,6. Бұл моторика болғанда ұсақ моторика және координация жүріп жатады. Тіпті кейбір ғалымдар осы моториканың дамуы тілі шықпай жатқан баланың тілінің шығуына пайдасы бар дейді», деді шебер.
Иә, оймақтай сазсырнайдың терапиясы мұншалықты пайдалы екенін кім білген немесе көбіміз білгенімізбен, сазсырнайдан дыбыс шығара алуымыз екіталай. Сазсырнайды ойнағанда алдымен өкпеге ауаны көбірек жинайсыз. Кейін ақырындап шығарасыз. Бұл өкпе қабаттарындағы шырышты қабықты қатайтады. Тамырдың кішкентай капилярларына, өкпе мен жүрекке дейін оттегіге толады. Ал оттегі аз болса, вирус еніп, өкпе суланып кетуі мүмкін.
Күнделікті өмірге қажетті нәрдің бәрін аламыз. Бірақ адамдар дұрыс дем ала алмайды дейді ғалымдар. Терең тыныс алу технологиясының сыры да осы сазсырнайда жатыр. Мәселен, ауаны ішіңізге терең жинап алып ойнамасаңыз, жақсы музыка шықпайды. Тынысты терең алып ойнағанда адам демалмай тұрады. Сонда денеге оттегі, көмірқышқыл газы көп тұрақтап тұрады деседі.
Жалпы, қоңыр – жайлылық, тыныштық, тұрақтылық мағынасымен астасып жүретін сөз. Қоңыр түс болса да, дауыс, үн болса да... Қоңыр дала, қоңыр тіршілік... Сазсырнайдың үні де қоңыр, тыныш, жұмсақ. Аспаптан шыққан акустикалық тербеліс жан тереңіндегі кірбің, өкпе, наз атаулыны өзімен бірге ауаға шығарып, ішіңді босатып, бір сәт тыныштық орнағандай күй сыйлайды.