Фото:ritmeurasia.ru
Сериал Жошы ханның өмір тарихы призмасы арқылы Алтын Орда империясының даму кезеңдерін көрсетеді.
Деректі-драмалық телехикаяның продюсері креативті директоры Эмре Шахин жетекшілік ететін «Karga Seven Pictures» компаниясы. Түсірілім 2024 жылдың күзінде Қазақстан мен Түркияда басталады деп жоспарланып отыр.
«Жошы ханның өмір тарихы керемет эпикалық, ол дүние жүзіндегі көрермендерді қызықтырары сөзсіз. Осы ауқымды тарихи жобаны жүзеге асыруда «Dara» қорымен бірлесіп, жұмыс істеу біз үшін үлкен мәртебе», дейді «Karga Seven Pictures» креативті директоры Эмре Шахин.
Еске сала кетейік, биыл Жошы Ұлысының құрылғанына 800 жыл толады.
«Осы атаулы күнге арналған тарихи деректі жоба мемлекеттігіміздің сан ғасырлық тамырын көрсетеді. Жаппай аудиторияға арналған деректі-драма ұлттық тарихты кеңінен насихаттауға, қазақ халқының ұлы тарихын тануға, халықаралық аудиторияның Қазақстанға деген қызығушылығын арттыруға септігін тигізеді», деп атап өтті «Dara» Президенттік бастамалар қорының баспасөз қызметі.
Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
ЕҰУ студенті