Оқиға • 24 Мамыр, 2024

Асату

135 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сабыр ақсақалдың Аме­ри­каның үлкен бір уни­вер­ситетінде оқитын неме­ресі келіп, құрмалдық берген. Аумағы атшаптырым үлкен бөлменің ішінде ине шаншар жер жоқ.

Асату

Ниеттес, тілектес қауым. Ауыл үйдің әңгімесі былай қа­лып, мұхиттың арғы бетіндегі білім мәсе­­лесін жіктеп, жіліктеп, талдап-ақ жатыр. Әлден соң алдымызға ас келген. Ақ­сақал да ақ түйенің қарны жарылған күні аянып қалмапты. Екі жас жігіт екі ше­тінен әзер көтеріп әкелген ұзын­ша, үлкен астаудың үстіндегі буы бұр­қыраған ет туралып жатыр. Сүбенің өзі бестінің қазысындай. Аппақ қардай жамбас жарты астауды алған.

– «Семіздікті қой ғана көтереді» деген рас, – деді Әубәкір аға. – Қабыр­ғасын қарашы, май жеп қойыпты, жамбастың сүйегі де жіптіктей. Басқа мал болса күпті болып, жүрегін май ба­сып өліп қалар еді.

– Немерем оқуға түскенде бай­лаған ісек қой, төрт жыл жемде тұрды. Бүгін өздеріңе бұйырыпты. Оқуын аяқтады, енді құжаттарын бір айдың ішінде рәсімдеп келеді, – деді Сабыр ақсақал масаттанып.

– Бұл да заманның өзгергені, – деді Әубәкір аға. – Кешегі кеңес зама­нында біздің ауылдың бір кісісі «Мен бармаған жер бар ма, Антонов­каны да көргенмін», депті ғой, сонда Антоновкасы ауылдан қырық шақы­рым жердегі орыс поселкесі. Бүгін, міне, Сәбеңнің немересі көз көріп, құлақ естімеген Америкадан оқу біті­ріп келіп отыр.

Ас қайырардың алдында Сабыр ақсақал шетін бір әңгіменің ұшығын шығарған. Қайдан тапқанын кім білсін, аршаның бірер көшетін әкеліп отырғызыпты. Көкшетау өңірінде арша Сандықтауда ғана бар. Басқа жерде өсе қоймайды. Сондықтан таңсық. Ақсақалдың екі-үш жылғы талпынысы зая болған. Арша көшеті қанша күткенімен көктемей қойды. Ағаш жайын білетіндердің айтуына қарағанда, кінәрат топырақтан.

Сәлден кейін балалардың бірі табақты алуға рұқсат сұраған.

– Асатайық, – деді Әубәкір ақ­сақал. – Көне ырым. Жол жүріп ба­ра жат­қан баланы топырағымен татқан дәмі періштедей қолдап, қорғап жү­реді.

Астаудың түбіндегі бір шөкім қиғаштай тілінген бауырдың үстіне жамбастан жонып алған аппақ майды қондырды. Зордың күшімен қара кесек ет табылды. Сөйтіп, барып алыс­тағы Америкада білім алып келген Сабыр ақсақалдың немересін шақыр­ды. Бала болса ақсақалдың қолына бір, дәмге бір қарады. Ты­жырынған тәрізді. Қолмен берген соң біртүрлі жиіркеніп тұрғаны аңғарылады.

Енді өзі ыңғайсыз жағдайға қалған Әубәкір ақсақал жуып-шайып жатыр. «Атам қазақ осылай жеген, айып-шамы жоқ».

Көк теңіздің әр жағындағы мол білімге бөккен немеренің туған жердің топырағынан ажырап қал­ғаны аңғарылып тұр еді. Есіме әлгі арша түсе бергені.