Мәдениет • 25 Мамыр, 2024

Мәдениет майталмандары марапатталды

141 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мәдениеттің көшін алға оздырып жүрген әрбір маманның, та­­лант иесінің тағдыр шұғы­ла­сының бір парағы сән-сал­та­натымен айшықталды. Көздің нұры мен көкіректің жырын қатар аңғартқан сол мәдениет саласының қызметкерлері Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрында әсем ән­мен шалқып, күймен қалқығандай сезілді. Кейбір ардақтылар омы­­рауына еңбегінің өтеуіндей көрінген төсбелгілерді тағынса, кей­бір жерлестеріміз әртүрлі марапатқа ие болды. Ал Жетісу облы­сының Дәнеш Рақышев атындағы филармониясы үздік мәде­ниет мекемесі атанып, ұжымға автокөлік сыйға тартылды.

Мәдениет майталмандары марапатталды

Суреттерді түсірген – Жеңіс Ысқабай

Мәдениет және өнер қыз­мет­керлерінің кә­сіби мере­кесіне орай өткен салтанатты кеш Абай Құ­нан­­байұлының «Желсіз түнде жарық ай» әні мен би композициясынан бастау алды. Ұлы Даланың дара ойшылының «Сәулең болса кеудеңде» жыры театр актерлерінің орындауында асқақтады. Рухани салтанатта алғашқы болып сөз алып, сала қызметкерлерін құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев алдымен жәннат мекен тұрғындары мен мәдениет саласының өкілдеріне облыс басшысының ыстық сәлемін жеткізді.

а

«Мәдениет – қоғамның рухани қозғаушы күші, халықтың ортақ игілігі. Кез келген ұлт ең алдымен өзінің төл тарихымен, дәстүр-салтымен, өркенді өнерімен әлемдік мәдениеттің бір бөлшегі бола алады. Бұл орайда Жетісу сан ғасырлық тарихында өзінің мол мәдени мұрасымен мақтана алады. Осы рухани сабақтастықты үзбей, жаңа заманға сай дамыту үшін біз бұл салаға барынша қолдау көрсетіп келеміз. Мәселен, мәдениет, архивтер және құжат­тама басқар­ма­сы­ның биыл­ғы бюджеті 15 млрд­ теңгеге жуықтап отыр. Осы­ салада еңбек ететін қыз­меткерлер саны 2 100-ден асады. Өткен жылы Қаратал ауданы Кәлпе ауылдық Мәдениет үйі, Қаратал тарихи-өлкетану музейі пайдалануға берілді. Ондаған нысанға күрделі жөндеу жүргізіліп, шалғай ауылдардағы мекемелер­дің материалдық-техникалық ба­­за­сы жаңартылуда», – деген­ ол өз кезегінде өткен жылы атқарылған істерді, аталып өткен мерейтойларды айшықтады.

Сонымен қатар биылғы жоспарға да қысқаша тоқ­талып өтті. Мәселен, биыл Мұхаметжан Тынышпаевтың 145, Пышан Жәлмендеұлының 140, Ілияс Жансүгіровтің 130, Әбілхан Қас­теев­тің 120 жылдықтары аясында көр­нек­ті қайраткерлердің өмір жолы мен шы­ғар­машылығы кеңінен насихаттала­тын болады. Өз кезегінде қазақ бейнелеу өнерінің атасы саналған Әбілхан Қас­теев­тің бюсті Талдықорған қаласында орна­тыл­мақ.

«Ел идеологиясы мен сананы жаң­ғырту бастамаларында мәдениет сала­сының алатын орны ерекше. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазіргі таңда зиялы қауымның қоғамдағы рөлі аса маңызды. Мәдениет қайраткерлері халыққа, ең алдымен, өз туындыларымен танымал болуы керек, қоғамға, әсіресе жастарға жол көрсетіп, үлгі-өнеге болуы қажет. Жұртымыз зиялы қауымнан сабырлықты, пара­саттылықты күтеді», деді. Шынында да әлеуметтік-экономикалық, саяси реформалар іске асырылып жатқан ел өмірінің жаңа кезеңінде зиялы қауымға артылар жүк ауқымды. Халықтың рухани байлығын еселеумен қатар қоғамның жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне өнер адамдарының қосатын үлесі зор», – деп айрықша атап өткен Марлен Қапашұлы мәдени сала мамандарын марапаттауға көшті.

Мәдениет және ақпарат министр­лі­гінің «Еңбек арда­гері» төсбел­гісімен Дина Нұр­ғалиева әжеміз бен театр майталманы Аман Қожабеков марапатталды. Еселі еңбегін ел руханияты үшін бағыттаған 16 жерлесіміз «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін омырауында жарқыратты.

Сол сияқты жылдағы дәстүрге сай Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай арнайы номинациялар бойынша үздік деп танылған азаматтар, мекемелер мен өнер ұжымдары марапатталды. Атап айтқанда, Мәдениет үйі қызметкерлері арасынан әр аудан-қаладан жалпы 10 адам үздік деп танылды. Сондай-ақ «Үздік техникалық-жабдықтау қызметкері», «Үздік аспапшы», «Үздік дәстүрлі әнші», «Үздік әнші», «Үздік биші», «Үздік театр артисі», «Үздік музей қызметкері», «Үздік кітапхана қызметкері» аталымдарының жеңім­паздарының есімдері белгілі болды. Соны­мен бірге «Үздік халық театры» атағын Көксу аудандық Мәдениет үйінің Мұқыры халық театры, «Үздік халықтық, үлгілі атағы бар ұжым» аталымын «Алтын дән» халықтық ән-би ансамблі, «Үздік музей» атағын Ш. Уәлиханов атындағы «Алтынемел» мемориалды музейі, «Үздік кітап­хана» – Талдықорған қаласының орта­лықтандырылған кітап­ханалар жүйесі, «Үздік Мәдениет үйі» аталымын Алакөл ауданы Қабанбай ауылдық Мәдениет үйі жеңіп алды. Атал­ған аталымдардың барлығының жеңім­паздарына арнайы диплом мен 100 мың теңгенің сертификаты табыс­талды.

Ал аймақтағы «Үздік об­лыстық мәде­­­ниет мекемесі» ретінде облыстық Д.Рақы­шев атындағы филармония танылып, оған жеңіл автокөліктің кілті берілді. Шара барысында «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталған «Құрмет» орденінің иегері Дина Нұрғалиқызы мен «Үздік дәстүрлі әнші» аталымын жеңіп алған Бейбіт Мұсаев сөз алып, өнерін дәріпте­ген, мәдениетін мәуелеткен елдің алар орны қашанда төр екенін айшықтады. Оған қоса руханиятына көңіл бөліп, өнерпазын баулып, оған қамқорлық жасап, ақсақалдары мен ақжаулықты аналарын ардақтап жүр­ген облыс басшыларына, атқамінер аза­мат­тарға алғысын жет­кізді. Көпшілікті төл мере­келерімен құттықтады. Игі іс-шара облыстық Д.Рақышев атындағы филар­мониясы бастаған жетісулық өнер ұжым­дары­ның мерекелік концертіне ұласты.

 

Жетісу облысы