Өндіріс • 25 Мамыр, 2024

«Ақтастың» өніміне көршілер де қызығады

157 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Халқы тығыз орналасқан Қордай ауданында жұмыс істеп тұрған өндіріс орындары жеткілікті. Қолға алған қандай да бір кәсібін дамытқысы келетіндер дәл осы ауданға қарай бет бұрып жатады. Қазақ пен қырғыз елінің шекарасында орналасқандықтан да болар, мұнда сауда-саттық мықты дамыған. Кәсіпкерлер де осы жағын ескеретіндей көрінеді.

«Ақтастың» өніміне көршілер де қызығады

Өндірісінің өрісін кеңейтіп отыр­ған түрлі серіктестік басшылары жергі­лікті жұртты жұмыспен қамтып қана қоймай, аудан экономикасын арттыруға айтарлықтай үлес қосып жатыр. Олар жергілікті халықпен тіл табысып, ісін дөңгелетіп отыр. Жұмысын ширек ғасыр бұрын бастаған, ұзақ жылдар бойы тоқтаусыз жұмыс істеп тұрған «Ақтас» ЖШС әктас және шағал өндірісін жыл өткен сайын арттырып келеді.

Тимур Байгелдиев басқаратын серік­тестік қызметкерлері тынымсыз еңбек етіп, нәпақасын айырып жүргеніне де біраз жылдың жүзі болды. Түрлі кезең­ді бастан өткерсе де, серіктестік басшылары жұмысты ілкі сәтке де тоқтатқан емес. Мұның өзі табандылық пен жанкешті­ліктің үлгісіндей көрінеді.

«Серіктестік жұмысын жандандыру мақсатында қолдан келгенше жұмыс атқарып жатырмыз. Әлбетте, әр жұмыстың өзіне тән қиындығы болатыны анық. Әктас пен шағал өндіру де түсіне білгенге оңай шаруа емес. Мұны жұмысшылар да жақсы біледі. Біз өз тарапымыздан оларға қолдан келгенше қолдау көрсетіп жүрміз. Қазіргі кезде біздің ұжымда 120 адам еңбек етіп жатыр. Олардың орташа жалақысы 180 мың теңгені құрайды», дейді ЖШС бас директорының орынбасары Константин Афонин серіктестік қызметкерлерінің әлеуметтік тұрғыдан қамтылуы туралы ой бөлісіп.

Дерекке сенсек, «Ақтас» ЖШС жылына 1 миллион тонна әктас және 200 мың тонна шағал өндіруге қауқарлы екен. Әрине, ол үшін серіктестік толық қуатында жұмыс істеуі керек. Сұраныс болса, бұл межені бағындыру қиын емес.

Жыл басталғалы көп уақыт өткен жоқ. Әйтсе де, осы уақытқа дейін «Ақтас» ЖШС 384,1 мың тонна әктас пен 20,9 мың текше метр шағал өндіріпті. Бұл көрсеткішті арттыруға әлі де мүмкіндік мол деп білеміз.

Қордай ауданына қарасты Қарасу ауылдық округінде тоқтаусыз жұмыс істеп жатқан серіктестік өнімін негізінен Қырғыз Республикасындағы «Кант цемент зауыты» АҚ тұрақты түрде тұтынады. Шикізатқа қызығушылық танытатын басқа да тұтынушылар жоқ емес.

 

Жамбыл облысы,

Қордай ауданы