Тағзым • 25 Мамыр, 2024

Болмысы биік тұлға

114 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Халық қаһарманы, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, қарулы күштердің құрылуы мен қалыптасуында аса маңызды рөл атқарған алғашқы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдығына орай кеше елордада тарихи тұлғаның сара жолына арналған дөңгелек үстел өтті.

Болмысы биік тұлға

Іс-шараға Астана қаласы әкімдігінің өкілдері, қалалық ҚХА мүшелері, Ақсақалдар кеңесінің, «Ассамблея жастары» РҚБ өкілдері, ғалымдар, Қорғаныс министрлігінің Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледжінің курсанттары қатысты. Басқосудың басты мақсаты – аты аңызға айналған тұлғаның әскери мұрасын зерделеу, ата-бабаларымыздың ерлігін ұлықтау мен насихаттау арқылы өскелең ұрпақтың бойында ұлттық сана-сезім мен патриотизмді қалыптастыру.

«Атамның аманаты» қоғамдық бір­лестігі басқарма төрағасының орынбасары Әбубәкір Смайылов атап өткендей, батырдың ел болашағы үшін жасаған екі ерлігінің өзі үлкен құрметке лайық. Біріншісі – 19 жасында майданға аттанып, 20 жасында «Алтын жұлдыз» табыс етіліп, кеңес одағының батыры атанған. Ал 21 жасында оның батальоны­­­­­ Гитлердің Рейх канцеляриясының ғимаратына жасалған шабуылға қатысқан. Жеңістен кейін ба­тальонның жеке құрамы мемлекеттік маңызы бар маңызды нысандарды күзету міндеттерін орындады. Екінші рет кеңес одағының батыры атағына ұсынылғанымен, өкінішке қарай, еңбегі еленбей кетті. Екіншісі – тәуелсіздіктің таңы атқан тұста шинелін қайта киіп, Қазақстанның қарулы күштерін құруға белсене атсалысты. Ердің төл армиямызды құрудағы еңбегі өлшеусіз. «Жақында ғана батыр атамызға арналған «Тумысы бөлек тұлға» деген ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Сол жерде оның әрбір тұлғалық қырына жеке-жеке тоқталып, үлкен баға берілді. Тарихшылар мен ғалымдардың айтқан сөзі болашақта үлкен жинақ болып шығады. Өздеріңіз білесіздер, Сағадат жастайынан жетім қалып, өзінен үлкен ағасы Сағиттың қолында тәрбиеленген. Ол кісі бірінші болып соғысқа аттанып,1941 жылы қаза тапқан. Сағадат Нұрмағамбетов ағасының жерленген жерін өмір бойы іздеп өткен. Батырдың қызы Айсұлу апамыз қоғамдық ұйымға өтініш берді. Біз қазір батырдың арманын жалғастырып, іздестіру жұмысын бастадық. Сағит Нұрмағамбетовтің қайда жерленгенін тауып жатсақ, сауапты іс болатын еді», дейді Ә.Смайылов.

Сағадат Нұрмағамбетов – батыр ғана емес, халықаралық деңгейдегі тұлға. Бұлай деуге негіз көп. «Ол – 2005 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының биік мінберінде сөйлеген әлемдегі жалғыз майдангер. Сол мінберде ол бейбітшілікті сақтау, ұлтаралық келісім туралы 6 минуттық баяндама жасаған. Тарихи бейнебаянды БҰҰ-ға арнайы хат жазып, архивтен алдырдық. Енді алдағы уақытта шығатын жинаққа батырдың өнегелі сөзін қалдырсақ дейміз. «Тасқа басылған сөз ешқашан өшпейді» демекші, тумысы бөлек тұлғаның айтқан ұлағатты сөзін қағазға жазып, кітапқа шығаруды қолға алып жатырмыз. Мақсат – өткен тарих арқылы жастардың бойында әскери-патриоттық тәрбиені сіңіру. Себебі, өткенін қадірлемеген елдің болашағы болмайды», деп түйіндеді сөзін Ә.Смайылов.

С.Нұрмағамбетов атындағы әске­ри колледж­дің үшінші оқу взводы, 1-курс ұланы Даниал Қуанышев те бола­шақта батыр атасының жолын жалғап, қарулы күштер сапында қызмет етуді арман­дағанын айтты. «Қазақ армиясының бет-бейнесі болған армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің өмірі – халқына қызмет етудің озық үлгісі. Генералдың тұла бойында адамгершілік пен патриоттық рухқа тән тұтас қасиет бар. Сол үшін бала кезден Сағадат атамыздай батыр, даңқ­ты қолбасшы, Отан қорғаушы болуды армандадым», дейді ол.

Генералдың әскери өмір жолын заман­дастары арасында танытуға талпынып жүрген жасұландықтың талабына сүйсін­дік. Бүгінде ол армия генералы тура­лы тест сұрақтарын дайындап, әскери қызмет­кер­лермен сұхбат құрып, мектеп оқушы­лары арасында түрлі сауал­­нама жүргіз­ген. Батырдың өнегелі өмірі мен өміршең істерін үлгі тұтып қана қоймай, өскелең ұр­паққа жеткізуді бас­ты парызы санайтын жас: «Сағадаттай ұлы бар ел бақытты. Оның ерлігі мен адамгершілік қасиеті әр­бір офицер мен сержанттың ғана емес, кез келген адамның бойында болса жөн», дейді.

Дөңгелек үстелге қатысушылар батыр рухын асқақтату 100 жылдықтың аясында ғана емес, өскелең ұрпақ бойындағы жігерді оятуға өмір бойы азық болса деген тілегін жеткізді. Бұдан кейін жиналғандар әскери колледждің аумағында орналасқан Сағадат Нұрмағамбетовтің ескерткішіне гүл шоғын қойды.