Фото: gov.kz
Көрменің салтанатты ашылуына Мемлекеттік әскери-тарихи музейдің басшысы Ләззат Әлжан, Қарулы күштердің ардагерлері, мерзімді қызметтің әскери қызметшілері, армия генералы С. Нұрмағамбетов атындағы әскери колледждің кадеттері және батырдың туыстары қатысты.
Тұңғыш Қорғаныс министрі туралы қызықты естеліктер айтқан генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев батырмен болған естен кетпес кездесулерге де тоқталды. Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов өте қарапайым болатын, әскери бөлімдерге де жиі барып тұрды. Тіпті, қарамағындағылардың есімін жатқа білетінін атап өтті.
Батырдың қызы Айсұлу Сағадатқызы Нұрмағамбетова Халық қаһарманының өмірінен қызықты естеліктерден сыр шертті.
«Ол кісінің өмірбаяны взвод командирінен бастап министрге дейінгі жауынгерлік жолдан тұрады. Әкем қуатты, заманауи және ұтқыр армияны армандады. Өмірлік ұстанымы туған халқы мен еліне қызмет ету болатын», деді Айсұлу Сағадатқызы.
Экспозицияда Сағадат Қожахметұлының армия генералының салтанатты киім нысаны, құжаттар мен наградалары, соғыс кезіндегі, соғыстан кейінгі жылдар мен Қазақстан Қарулы күштерін басқару кезеңінен сыр шертетін сирек фотосуреттері қойылған. Батырдың 1994 жылы Алматыда АҚШ Қорғаныс министрі Уильям Перримен кездесуін және 2005 жылы 9 мамырда Нью-Йоркте өткен екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуының 60 жылдығына арналған БҰҰ-ның салтанатты отырысына қатысуын бейнелейтін фотосуреттері ерекше қызығушылық тудырады.
Іс-шара Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық әскери оркестрінің шығармашылық ұжымы дайындаған концертпен аяқталды. Орталық ансамбльдің солисі Дәурен Төлеубаев көрмеге келушілер үшін «Сағадат» әнін орындады.