Оқиға • 27 Мамыр, 2024

Ұлытау облысында жантүршігерлік жол апаты болды

303 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлытау облысындағы тасжолда ірі жол апаты болып, бес адам қаза тапты, тағы төртеуі ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ұлытау облысында жантүршігерлік жол апаты болды

Фото: Ұлытау облысының Полиция департаменті

Қайғылы оқиға жексенбі, 26 мамыр күні сағат 14:15 шамасында республикалық маңызы бар Жезқазған – Петропавл тасжолының Сәтбаев қаласынан Жезді ауылына дейінгі учаскеде болған.

Сәтбаев қаласынан Ұлытау ауданы бағытында келе жатқан 2002 жылы туған жүргізуші басқарған Mercedes-Benz 190 маркалы автокөлігі қарсы жолаққа шығып кетіп, 1978 жылы туған жүргізуші басқарған Chevrolet Nexia көлігімен бетпе-бет соқтығысқан.

Апат салдарынан Chevrolet Nexia көлігінің жүргізушісі мен оның үш жолаушысы – 1978, 1981 және 1971 жылы туған әйелдер, сондай-ақ Mercedes-Benz 190 көлігіндегі 2002 жылы туған жолаушы оқиға орнында көз жұмды.

Mercedes-Benz 190 көлігінің жүргізушісі мен 2002 жылы туған жолаушысы Жезқазған қаласының орталық ауруханасына жеткізілді. Олар Ұлытау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің кіші сержант шеніндегі қызметкерлері.

Сондай-ақ түрлі дене жарақаттарымен Жезқазған қаласының орталық ауруханасына Chevrolet Nexia көлігінің жолаушылары – 1999 жылы туған әйел мен 2023 жылы туған қыз бала жеткізілді.

Аталған факті сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігі «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бойынша тіркелді.