Оқиға • 27 Мамыр, 2024

Оралда 352 саяжай тұруға жарамсыз

137 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Орал қаласында суға батып кеткен саяжай тұрғындарынан  9920 өтінім түсті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Оралда 352 саяжай тұруға жарамсыз

Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Орал қаласы әкімінің орынбасары Азамат Халеловтың айтуынша, 130 бау-бақша серіктестігінде тұратын жеті мыңнан астам саяжай иелері біржолғы әлеуметтік көмек алды. Оның айтуынша, техникалық байқау жұмыстарымен 7 компания мен 29 сарапшы айналысады.

«Бұл саяжайлар 2500-ге жуық азаматтың жалғыз баспанасы болған. Комиссия қазірдің өзінде 1000-ға жуық үйді сараптап, оның 650-іне қорытынды шығарды, соған сәйкес 287 үй жөндеуді қажет етеді, 352 үй қауіпті деп танылды. Саяжай учаскелерінің көпшілігін әлі де су басқан. Сондықтан суды сыртқа шығармай техникалық тексеру немесе бағалау жүргізу мүмкін емес», дейді А.Халелов.

Әкімнің айтуынша, жалғыз баспанасы жарамсыз деп танылған тұрғындарға қаладағы шағын аудандарда салынып жатқан тұрғын үйлерден баспана беріледі. Сондай-ақ екінші нарықтағы ғимараттардағы пәтерлер де сатып алынады.

«500-ге жуық саяжайдың құжаты рәсімделмеген. Саяжай кооперативтерінің төрағалары берген мүшелік кітапшалары бойынша саяжай үйлерінде тұрып жатқан отбасылар бар. Сондай-ақ үйлерін сатқандар немесе бұзғандар бар, бірақ олардың үйлері әлі күнге дейін тізімде тұр. Көпбалалы отбасылар жатақханада бір бөлмелі пәтерге ие болуы мүмкін. 700-ге жуық үй иесінің мүліктік үлесі бар. Осының барлығын комиссия қарап, қорытынды шығарады», деді А.Халелов.

 

Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

ЕҰУ студенті