Шарайна Пхеньян АҚШ пен Оңтүстік Кореяның бірлескен жаттығулар өткізуден уақытша бас тартуына жауап ретінде ядролық сынақтарды тоқтатуға қатысты өз ұсынысын түсіндіру үшін Вашингтонмен тікелей келіссөзге шығуға дайын. Бұл туралы КХДР-дің БҰҰ-дағы тұрақты өкілінің орынбасары Ан Мен Хун мәлімдеді. Бұған дейін АҚШ мұндай жайтты егер бірлескен жаттығуларды өткізуден бас тартқан жағдайда сынақ жасаудың «жасырын қатері» деп есептейтінін айтқан болатын. Ал Ан Мен Хун ядролық сынақтар мен америкалық-оңтүстіккореялық жаттығуларды тоқтату бастамасын өте нақтылы және маңызды бастама деп атай отырып, жоғарыда айтылған сөздерді теріске шығарды. Осы орайда КХДР-дің соңғы жылдары үш ядролық сынақ жасағанын, оған жауап ретінде Қауіпсіздік Кеңесінің Пхеньянға жаңа санкциялар енгізгенін және бұрынғы санкцияларды қатайтқанын айта кету керек. Жанкешті қай елдің азаматы? Ыстамбұл прокуратурасы таяуда қаланың Сұлтанахмет алаңында террорлық акті дайындауға қатысы бар деген күдікпен үш адамды, оның ішінде Дағыстанның екі тұрғынын тұтқынға алу туралы сотқа ұсыныс хат жолдады. Террорлық акт Ыстамбұл қаласының орталығындағы полицей учаскесінде орын алған болатын. Ғимаратқа кіру үшін «жанкешті белдігін» таққан әйел тәртіп сақшыларына ағылшын тілінде өзінің әмияны ұрланғанын хабарлаған. Ғимарат ішінде ол жарылғыш затты іске қосады. Соның салдарынан екі полицей жарақат алып, олардың біреуі қаза табады. Барлығы террорлық актіге қатысы бар деген күдікпен алты адам қамауға алынды. Түрік БАҚ-тарының хабарлауынша, жанкешті Диана Рамазанова есімді ресейлік көрінеді. Дегенмен, әзірге ол туралы нақты мәліметтер жоқ. Италия президенті отставкаға кетті Италия басшысы Джорджо Наполитано 14 қаңтарда отставкаға кетті. Резиденцияны президент ретінде босатқаннан кейін ол өмір бойғы сенатор мәртебесіне ие болады. Бұл туралы Италия парламентінің отырысында елдің премьер-министрі Маттео Ренци хабарлаған. Осы орайда, президент мәлімдемесінде күлкілі дерлік жағдайдың орын алғанын айта кету керек. Мәселе былай болған. Президент сарайы алдында кездескен бір бала одан өзін қалай сезінетіні туралы сұрағанда, президент: «Мен үйге қайтатыныма өте қуаныштымын. Бұл жерде (резиденцияда) жақсы, бірақ бұл түрмені аздап еске түсіреді» деп жауап берген көрінеді. Жұмыстың күрделілігін әзілмен түсіндірген президенттің әу бастан-ақ екінші мерзімге сайланғысы келмегенін де айта кеткен жөн. Францияда арнайы түрмелер ашылмақ 2015 жылдың соңына дейін Франция түрмелерінде радикалды бағыттағы идеяларды уағыздайтын қылмыскерлер қамалатын айрықша бөлімше пайда болмақ. Елдің премьер-министрі Мануэль Вальс жергілікті парламент депутаттары алдында сөз сөйлеп, осындай мәлімдеме жасаған. Мұндай жағдайға Charlie Hebdo сатиралық апталығының редакциясына жасалған қарулы шабуыл себепкер болып отыр. Оның үстіне Еуроодақтың терроризммен күрес жөніндегі үйлестірушісі Жиль де Кершов Еуропада жаңа террорлық актілердің орын алуы мүмкін екенін айтып, ескертуде. Ол Парижде орын алғандай жаңа шабуылдар қайталанар болса, одаққа мүше елдер олардың алдын ала алмайды деп қауіптенеді. Дубай әуежайы көш бастап тұр Дубайдың халықаралық әуежайы 2014 жылдың қорытындысы бойынша тасымалданған жолаушыларының саны жағынан лондондық Хитроуды басып озып, әлемдегі ең жүктемесі ауыр әуежай атанды. 2014 жылы Дубай әуежайы арқылы 71 миллионға жуық халықаралық жолаушылар өткен. Ал Хитроуда бұл көрсеткіш 68,1 миллионды құрайды. Біздің Хитроудың қуаттары жетпейтін бағыттарға қызмет көрсетуге қабілетті болуымызға байланысты Хитроу әуежайы Дубайдың пайдасына көптеген тасымалдарын жоғалтуда, деп мәлімдеген Дубай әуежайының бас атқарушы директоры Пол Гриффитс. Оның сыртында көшбасшылықтың ауысуына Дубайда орналасқан Emirates Airline әуе компаниясының 30 жылға жетер-жетпес уақытта тасымалды қарқынды түрде үдетуі де себепкер болып отыр. Аталмыш компания бүгінде алысқа ұшатын ұшақтардың ең ірі флотына ие. Ел тарихындағы ең ірі бюджет бекітілді Жапония үкіметі сәрсенбі күнгі отырысында елдің 2015 қаржы жылына арналған бюджетінің жобасын бекітті. Онда 4,98 триллион иенді (42,2 млрд.доллар) құрайтын әскери шығындардың ең жоғары деңгейі қарастырылған. Өткен жылмен салыстырғанда, қорғанысқа жұмсалатын шығындар 100 миллиард иенге артпақ. Оның ішінде осы елде орналасқан америкалық әскери базаларға қатысты шығындар үстіміздегі жылы 149 миллиард иенді құрайтын болады. Сөз ретінде КХДР-дің ядролық бағдарламасының, сол сияқты Қытайдың Шығыс-Қытай теңізінде болуының Жапонияның дәстүрлі түрде алаңдаушылығын туғызатынын да айта кету қажет. Ел үкіметі бекіткен бюджет Жапония тарихындағы ең ірі бюджет болып отыр. Жоғалып кеткен студенттер тағдыры анықталмай отыр Мексиканың Игуала қаласында осыдан үш жарым ай бұрын жоғалып кеткен студенттердің ата-аналары бір әскери бөлімнің аумағына басып кіріп, сол жерде жанжал шығарды. Прокуратураның болжамы бойынша, полицейлер студенттердің бір тобын «Геррерос унидос» тобының бандыларына беріп жіберген. Ал олар болса, студенттерді атып өлтіріп, олардың денелерін өртеп жіберген. Мүрдесі тергеу органдарына берілген бір студенттің денесінің қалдықтарына жүргізілген сәйкестендіру шарасы да осы болжамды растап отыр. Жоғалып кеткен жастардың ата-аналары өз балаларының қаза табу себептері туралы нақты айғақтар беруді талап етуде. Тергеу барысында елдің құқық қорғау органдары осы қайғылы оқиғаға қатысы бар деген күдікпен 80 адамды қамауға алды. Сонымен бірге, оннан астам адам әлі күнге дейін іздестірілуде. Интернет материалдары негізінде әзірленді.
«Жастар» Сарайының жарты ғасырлық мерейтойы тойланды
Елорда • Кеше
«Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі «Дарын» сыйлығын иеленді
Мәдениет • Кеше
Алматы • Кеше
Президент Мәжіліс төрағасын қабылдады
Президент • Кеше