Қазақстан Республикасының Австриядағы елшісі, Қазақстанның Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Сарыбай Словения Республикасының Президенті Борут Пахорға Сенім грамотасын тапсырды.
Кездесу барысында қазақстандық дипломат Словения басшысына Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сәлемін жеткізіп, Астананың екі ел арасындағы инвестициялардың кеңеюіне мүдделілігін атап көрсетті. Сондай-ақ, словениялық компаниялардың қатысуы үшін тиімді алаң болып табылатын Астана қаласында өтетін халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесінің маңызына баса назар аударды.
«Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясат пен индустриялық-инновациялық бағдарламаның екінші кезеңі Словения компанияларының Қазақстанның индустриялық жобаларына қатысуына жаңа серпін беруі ықтималдығы туралы айтылды.
Өз кезегінде Б.Пахор Қазақстан Президентінің жылы лебізіне алғысын білдірді және Люблянаның Қазақстан-Словения қатынастарына үлкен мән беретінін жеткізді. Словения Президенті екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастыққа жоғары баға беріп, оны дамытуда айтарлықтай әлеуеттің бар екендігін атап өтті. Ерекше назар екі ел арасындағы ғылыми және мәдени алмасулар мәселелеріне аударылды.
Кездесу соңында Словения Президенті Борут Пахор Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ізгі тілектерін білдіріп, елшіден Елбасына ыңғайлы уақытта ресми сапармен Словенияға келуге шақыруын жеткізуді өтінді.
«Егемен-ақпарат».