Аталған елді мекенде өткен жылдан бері ат спортына арналған жабық арена жұмыс істеп жатыр. Енді, міне, тағы бір жаңа спорт кешені ел игілігіне тапсырылып отыр. Кешеннің ашылу рәсіміне Қостанай ауданының айтулы спортшылары, сала ардагерлері, жергілікті спорт мектептерінің шәкірттері қатысты. Салтанатты іс-шараға арнайы келген облыс әкімі жаңа спорт нысанының тек кәсіби спортшылар үшін ғана қызмет етіп қоймай, осы аудандағы жалпы бұқаралық спорттың дамуына да зор ықпал ететінін атап өтті.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамыту, саламатты өмір салтын қалыптастыру жөнінде тапсырма беріп, арнайы бағдарлама бекітіп, соның аясында қомақты қаржы бөлінген еді. Мінеки, соның нәтижесінде былтыр Әулиекөл, Меңдіқара, Науырзым аудандарында заманауи спорт орталықтары ашылды. Биыл Денисов ауданының орталығында жаңа кешен бой көтерді. Қазір облыс бойынша тағы осындай 8 нысан салып жатырмыз. Оның біреуі – Қостанай қаласында, қалғаны шалғай ауылдарда бой көтереді. Бұл нысандардың бәрі жыл соңына дейін ел игілігіне тапсырылады. Бүгінгі оқиғаның да орны ерекше. Балалар мен жастарды спортқа тартуға бұл кешеннің зор пайда тигізері сөзсіз», деді Қ.Ақсақалов.
Заманауи спорт кешенінің ауданы 1 700 шаршы метр болады. Ішінде 23 бөлім жұмыс істеп тұр. Атап айтқанда, футбол, волейбол, баскетбол ойындарының залы, күрес залдары, тоғызқұмалақ бөлмесі, киім ауыстыру, жуыну бөлмелері, медицина қызметкерлерінің бөлмесі, өзге де спорт түрлерінен жаттығу орындары қарастырылған.
Жаңа нысанның ашылуы әсіресе, жергілікті жастар үшін үлкен оқиға, ерекше қуаныш. Өйткені ауыл тұрғындарының дені саламатты өмір салтын ұстанады. Мәселен, бұл елді мекенде 180 бала қазақ күресімен айналысады. Заречныйда ұлттық зияткерлік спорт ойыны тоғызқұмалақ шеберлері де көп. Спорт кешенінде осы спорт түрін дамытуға арналған арнайы бөлім жұмыс істейді. Бұл бөлімдегі 4 топта 7 жас пен 15 жас аралығындағы 54 оқушы зияткерлік ойынның қыр-сырын меңгеріп жатыр. Оларды тоғызқұмалақтан спорт шебері, Азия чемпионы Айым Ермұханова жаттықтырып жүр.
«Шәкірттерім облыстық жарыстарда жоғары нәтижелерге жетіп, жүлделі орындарға ие болып жүр. Бізге жаңа кешеннен арнайы орын бергеніне өте қуаныштымыз. Бұған дейін мектептің жертөлесінде жұмыс істеп келдік. Балалардың ынтасы өте зор. Тоғызқұмалақтың өзі – ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан дәстүрлі ойын. Балалардың логикасын дамытуға, ой қабілетінің кеңеюіне көп көмектеседі. Ата-аналар да баласының сабақ үлгерімі осы үйірмеге қатыса бастаған соң едәуір жақсарғанын айтып, алғыс білдіріп жатады», дейді жаттықтырушы.
Заречныйдағы заманауи спорт кешені сияқты жаңа нысандар көбейген сайын облыста бұқаралық спортпен айналысушылардың да саны арта түскен. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Елена Кирееваның айтуынша, өңірде спортты жанына серік еткендердің қатары жыл сайын көбейіп келеді. Мәселен, бүгінде облыс тұрғындарының 43,3%-ы спортпен белсенді түрде айналысады. 2029 жылға дейін бұл көрсеткішті біз 50%-ға жеткізуді көздеп отырмыз. Биыл облыста салынатын 8 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің жетеуі ауылды жерде бой көтереді.
Спорт кешенінің күрес залына екі кілем төселген. Мұнда бір уақытта 40 бала жаттығу жасай алады. Бапкер мамандар жаңа нысанның, әсіресе, ұлттық спорт түрлерінің дамуына үлкен ықпал ететінін айтып отыр.
«Бүгінде дәл осындай спорт кешені сонау шалғайда жатқан Жангелдин ауданының 3 ауданына салынайын деп жатыр. Мұның пайдасы өте көп. Мысалы, бүгін ашылып жатқан спорт кешенін алайық, бұған дейін осы елді мекеннің балалары мектептің жертөлесінде, Мәдениет үйінің холында жаттығып келді. Ешқандай жағдай болған жоқ. Соның өзінде Қостанай ауданы қазақ күресінен 3-4 Қазақстан чемпионын тәрбиелеп шығарды. Мұның сыртында, күрестің басқа түрлері бойынша өтіп жататын республикалық, облыстық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері шығып жатыр. Қазір ұлттық күрес бойынша облыс көлемінде Қостанай ауданы бірінші орында тұр. Қазақ күресінің мектебі дамыған Қостанай, Арқалық қалалары мен Амангелді, Жангелдин аудандарынан да озып кетті. Осында қазіргі ұлттық мектептің Серік Дәрменбаев бастаған бес мықты жаттықтырушы жұмыс істеп жатыр. Қостанай облысын алға сүйреп жатқан – осы азаматтардың шәкірттері. Заречный қазақ күресінен басқа, асық ойыны, тоғызқұмалақ, көкпардан да облыс бойынша бірінші орында тұр. Сондықтан Қостанай ауданының келешегі өте зор. Ең бастысы, жаңа спорт кешені мектепке жақын тұр. Сол жағында 500 метрдей жерде тағы бір үлкен мектеп салынып жатыр. Жалпы, мұнда тұрып жатқандар негізінен кезінде Амангелді, Жангелдин, Науырзым аудандарынан көшіп келген ауылдың балалары ғой. Сондықтан бұл ауданның болашағынан көп үміт күтіп отырмыз. Республика, Азияны айтпағанда, әлем, олимпиада чемпиондары шығатынына сенеміз», дейді Қостанай қаласының аға бапкері Жұмақан Қасымханов.
Спорт кешенінің ашылу салтанатынан кейін жаңа нысанда волейболдан облыс біріншілігінің жалауы көтерілді. Іс-шара аясында түрлі халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап, жеңіс тұғырынан көрініп жүрген спортшылар марапатталып, әр салада еселі еңбек етіп жүрген кәнігі мамандарға «Қостанай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Қостанай облысы