Өткен жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі халық саны 17 397,2 мың адамды құрады, соның ішінде қалалықтар – 9 612,6 мың (55,3%), ауылдықтар 7 784,6 мың адамды (44,7%) құрап отыр. 2014 жылғы қаңтар-қарашада жалпы елімізде халық саны 236,4 мың адамға немесе 1,38%-ға өсті, 2013 жылғы 1 желтоқсанмен салыстырғанда халық саны 251,5 мың адамға немесе 1,47%-ға артқан.
Бұл жөнінде Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде болған брифинг барысында хабарлаған Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің төрағасы Әлихан Смайылов әлеуметтік-экономикалық қорытындыларға біршама тоқталып өтті. Оның айтуынша, жыл сайын жақсы жағынан артып отырған көрсеткіштер барлық салада көрініс тауып отыр. Мысалы, АХАЖ органдары ұсынған азаматтық хал актілері жазбаларындағы мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, өткен жылдың қаңтар-қарашасында туғандар саны 368,9 мың адамды құрап, 2013 жылғы қаңтар-қарашаға қарағанда 5,8 мың адамға немесе 1,6%-ға артқан. Ал қарастырылып отырған кезеңде қайтыс болғандар саны 120,8 мың адамды құрап, 2013 жылғы қаңтар-қарашаға қарағанда 5,9 мың адамға немесе 4,7%-ға азайғандығын мәлімдеді.
Сондай-ақ, Ә.Смайылов еліміздегі халықтың басым көпшілігін жастар құрап отырғандығын нақтылады. Сандық көрсеткіште 15 жасқа дейінгі балалар – 27,3%, ал 16 жастан зейнет жасына дейінгі еңбекке жарамды азаматтар 62% болса, зейнет жасынан бастап қариялар – 10,8%, ал 14 пен 28 жас аралығындағы жастардың үлесі 25% болып отырғандығын айтты. Сонымен қатар, өткен жылдың қаңтар-қарашасында республика халқының табиғи өсімі 2013 жылдың қаңтар-қарашасымен салыстырғанда 11,6 мың адамға немесе 4,9%-ға артып, сандық көрсеткіші 248,1 мың адамды құраған.
Ал экономикадағы өзгерістер бойынша қысқа мерзімді экономикалық индикатор 2014 жылғы қаңтар-желтоқсанда 2013 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 102,8%-ды құрады. Сондай-ақ, негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 6574,7 млрд. теңгені құрап, бұл көрсеткіш 2013 жылға қарағанда 3,9%-ға артты. Ал өнеркәсіп өндірісінің көлемі қолданыстағы бағаларда 18492,8 млрд. теңгені құраса, бұл көрсеткіш 2013 жылмен салыстырғанда 0,2%-ға артық, деді Ә.Смайылов. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 2509,9 млрд. теңгені құрап, 2013 жылмен салыстырғанда 0,8%-ға артқан.
Эльмира МӘТІБАЕВА,
«Егемен Қазақстан».