Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Байқағанымыздай, жылыжай ішінде «ЭЙР F1», «Кавагучи F1», «Бриоза F1» атты қызанақ пен «Валигора F1», «МЕВА F1» сортты қияр түрлері өседі.
«Мұнда 20-ға жуық қызметкер бар. Бірі жылыжайдың ішкі температурасын қадағаласа, енді бірі өнімді жинау, сорттау жұмыстарымен айналысады. Әр өнім алдымен көшет түрінде өсіріліп, кейіннен жылыжайға орналастырылады. Бұл жұмыстарға бекітілген бас агроном бар, ол барлығын жауапкершілікпен үйлестіреді», дейді серіктестіктің жоба жетекшісі Аманкелді Таукенов.
Көшеттерге тамшылатып суару әдісі қолданылады. Бас агроном Айбол Рамазанның айтуынша, барлық көкөніске керекті тыңайтқыш пен қоректік заттар осы суғару жүйесі арқылы бірге беріледі. Бұл ғылымда «гидропоника» деп те аталады. Яғни өсімдіктерді топырақсыз, жасанды ортада қоректік заттардың судағы ерітіндісінде өсіру әдісі. Расымен де мұндағы көшеттер арнайы қорапқа кигізілген минералды мақтада өсіріліп жатыр.
«Жылыжайда әр көкөністің өсу мен өнім беру уақыты бар. Мысалы, қияр көшетін шығару үшін көшетханада дәнегін егіп, бір ай шамасында баптап, өсіреміз. Ал одан соң көшет күйінде жылыжайға ауыстырылады. Артынша тұрақты күтімнің арқасында 3-4 аптадан кейін өнім бере бастайды. Қиярды күнде жинасақ, қызанақ күнара теріледі. Жылыжай жыл бойы жұмыс істейді. Айта кетейін, қияр көшеттерінің өнім беру уақыты төрт айға дейін созылады. Ал қызанақтан ұзақ мерзім, яғни 8 ай бойы өнім алынады. Әр көкөністің уақыты біткен соң, қайта көшеттер әкеліп, жұмыс үдерісі қайталана береді», дейді бас агроном.
Оның айтуынша, жылыжайдағы барлық көкөніс алқабы 1,5 гектар болса, оның ішіндегі өнімділік көлемі – 1,2 гектар. Осының ішінде 800 шаршы метрде салат жапырақтары (батавия, кармези, базилик, жалбыз) егілсе, дәл осындай аумақта құлпынай өсіп тұр. Қалған аумақ қияр мен қызанақ дақылын өсіруге бөлінген.
Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетін тәмамдаған Айбол Рамазан осы салаға қатысты әлі де кемшіліктер барын айтады. Оның сөзінше, жылыжай өндірісін дамыта түссек, нарықтағы көкөніс бағасы да тұрақты болатыны анық. Бірақ бұл салаға алдымен қызығушылық танытып, алғашқы қиындығына төзе білсе, жақсы нәтижеге жетеді.
«Астана қаласы бойынша үлкен көлемдегі жалғыз жылыжай біздің серіктестіктікі болып отыр. Одан бөлек, қала ішінде жарты гектарға жуық аумағы бар жылыжай барын естідім. Жалпы айтпағым, Астана қаласын мұндай өніммен қамту үшін жоқ дегенде 20 жылыжай салынуы керек. Сонда ғана қала халқының сұранысын толық қамтуға болады. Ал әзірге Астанаға келетін өнімдердің көпшілігі оңтүстік өңірден тасымалданатыны белгілі. Тіпті Өзбекстан, Түрікменстан мемлекеттерінен де келетін көкөніс пен жеміс-жидек бар», дейді агроном А.Рамазан.
Бүгінде жылыжайдан бір тәулікте орташа есеппен бір жарым тонна қияр, бір тоннаға жуық қызанақ жиналады. Сондай-ақ 80-90 килодай құлпынай теріліп, 500-600, кейде 800 данаға дейін салат жапырағы дайындалады.
Серіктестік өз өнімінің басым көпшілігін көтерме бағамен арнайы тауарлық белгісі бар қораппен саудаға шығарады. Көбіне-көп қала дүкендерінен бөлек, орталық базарға да жіберіледі екен. Сондай-ақ «Led system media» ЖШС-на қарасты қала орталығында «QGreen» атымен белгілі дүкені бар. Көкөністердің бір бөлігі осында жіберіледі әрі көтерме сауда бағасымен сатылады. Өнімнің енді бір бөлігі сұранысқа орай қайта өңделіп, арнайы консервіленеді.