Тұлға • 29 Мамыр, 2024

Сапарбаевтың өмірлік сабақтары

4220 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Мамыражай мамырдың алғашқы онкүндігіндегі сейілден кейін Бердібек Машбекұлы Оңтүстік Кореяға жол жүретінін, келген соң өзі хабарласатынын ескертті. Бірақ айтқанынан көп уақыт өтіп кеткен еді. Уайымдай бастадым. Бір күні амалсыздан қоңырау шалуға тура келді. Өйткені ертеңінде мен де жолға шығуым керек. Туған жерге бір аптаға бара жатқан соң, жөнімді айтып кетейін дегенмін. Телефонын көтерген ағам сәт сапар тілеген: «Аздап таза ауада жүрейік деп Ғайша жеңгең екеуміз Зерендіге келгенбіз, жолың болсын, елге сәлем айт, амандықта жолығайық».

Сапарбаевтың өмірлік сабақтары

Фото: tengrinews.kz

«Адамның емес, Алланың айт­қаны болады» деген, бұдан ке­йін ағаммен кездесу бұйыр­мады. Қайран Бекем-ай, «ақ иіліп сынбайды» деген сөз бекер болғаны ма? Кеудеге өксік тығылды. Жүрек қан жылап тұр­ды. Тіл байланып қалды. Тағы да өмірдің өлшеулі екенін түсіндім. Ал өкініштің өлшеусіз болатынын ұқтым. Алдыңдағы ардақты аға көрмеген көшесіне бара жатып та сенің көзіңді көп нәрсеге жеткізіп кететін болғаны да. Адам бұйрықтан қалған ба? Сұм ажал кімді айналып өткен? Дегенмен Құдайыңдай сыйлайтын адамның бес күн жалған дүниені аяқасты, тосыннан тастап кеткенінен қиын ештеңе жоқ екен. Сол өзекті өртейді.

Көңіл айтуға барғанымда Ғайша жеңгейдің айтқаны әлі құ­ла­ғымда тұр: «Шархан-ау, ағаң­нан айырылып қалдық. Есілдің бойында енді кіммен жүресің?». Мына сөзден кейін аяғымнан әл кетіп, әзер тұрғаным есімде. «Тірі адам тіршілігін істейді» дегенді де айтып кеткен қазақ. Бүгін де серуенге шықтым. Жалғыз өзім. Жақсы ма, жаман ба, бір жұмбақ құбыл қалыптасты: серуенге шыққанда, ағам есіме түсе береді. Шартты рефлекске айналып барады. Оның айтқан әсерлі әңгімелері құлағымда қайта жаңғырады. Осы сәт ол қасымда бірге келе жатқандай күй кешемін. Сәлден соң барып жанымда жоғын сезінген кезде көңілім қайта құлазиды. Тағы да өзімді алдаймын: жоқ, қазір екеуміз ылғи тоқайласатын анау тұйық көшенің өзенге шығатын тұсынан қылаң беріп қалады. Бие бауындай жерге жеткенше үмітім үзілмейді. Амал нешік, ағам бой көрсетпейді. Әлгі жерден өтіп кеткен соң да тылсым ойдың жете­гінен арыла қоймаймын. Бәрібір мені қуып жететіндей еле­гізіп, артыма қарайлай бере­мін. Осындай ассоциация!

Бердібек Машбекұлымен Үкімет аппаратына жұмысқа орналасқан 1994 жылы таныстым. Премьер-ми­нистрдің баспасөз қызметінде консультант болып істегендіктен, атқарушы биліктің алмағайып кезде атқарып жатқан жұмысын бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттаумен көбірек айналыстық. Жұмыстың дені қаржы саласы мен әлеуметтік мәселелерге байланысты бол­ған­дықтан, сол жылдары Ми­нистр­лер кабинетінің қаржы, ең­бек және әлеуметтік қорғау бөлі­мі меңгерушісінің орынбасары болып еңбек еткен оны көп жағалайтынмын.

Ол кезде аппаратта қазақ тілін­де сөйлей алатын адам жоқ­тың қасы еді. Ал Бекең орысшасы өз алдына, қазақшаға да ағып тұр. Білмейтін нәрселерімді сұрап алуға арланбайтынмын. Көптеген эко­номикалық сұрақтарды со­қыр­ға таяқ ұстатқандай қара­пайым тілмен оңай түсіндіріп беретін. Әсіресе теле­ар­наларға сұхбат ұйымдастырғанда қатты қысылатынмын. Белгілі бір оқи­ғаға қазақша түсінік беруден «тілі шықпаған» қазақ шенеу­нік­тер­дің бәрі ат-тонын ала қашады. Амал жоқ, тағы да салып отырып, Бердібек ағамның алдына барып, жағдай айтамын.

Көп ұзамай Үкіметтің бөлім меңгеру­шілігіне көтерілді. Одан соң Үкімет аппаратының жетекшісі болды. Ал 1995 жылы Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалды. Бес жылдай арамыз алыстап кеткендей болды. Алайда Алладан асқан шебер бар ма? Жақсы адамнан алыстатпаймын десе, алыстатпайды. Айналып келгенде онымен 2000-жылдардың басында Астанада көрші тұруды маңдайға жазды. Бұл – екі бірдей облысты басқарып, үлкен тәжірибе жинақтап үлгерген Бердібек Машбекұлының мемлекет қайрат­кері деңгейіне көте­рі­ліп, ха­лықтың зор құрметіне бө­лен­ген кезі. Соған қарамастан мен сияқты пақырмен қоңсы болуы оның қарапайымдылығынан хабар берсе керек. Төрт-бес жыл бойы күн сайын бірге серуендеуді әдетке айналдырғанымыз да – оның адам баласын жатыр­қа­май­тындығының айқын белгісі.

Кешкілік есіп ағатын Есіл өзенінің бойында әңгіме-дүкен құратынымыз күні кеше. Ең алдымен, оның қарапайым­дылығы қайран қалдыратын. Кез келген адам қарапайым бола алмайды. Бұл қасиет – Құдайдың сыйы. Күн сайын кешкілік серуен құрып, тотанағы көп тіршіліктің сан түрлі тақырыбында екеу­ара әңгімелескенімнен ұққаным, оның ел басқару ісінде тамаша табыстарға жетуінің басты сыры психологияны терең меңгеруінде жатыр. «Адамды тану үшін өзіңді зерттеу жеткілікті, ал адамдарды тану үшін олармен араласу керек». Бердібек Машбекұлы Стендальдың осы қанатты сөзін берік ұстанған. Осыны айқын байқадым.

2022 жылы Бекең Аста­на­ға қайта қоныс аудар­ды. Екеуміз де бұрынғы жері­мізден әл­­де­­қашан көшіп кетсек те, ниетіміздің түзулігінен бо­­лар, тағы көр­ші болып шықтық. Үйле­рі­міздің арасы бір көше екен. Күндегідей серуен құрып жүр­генмін. Алдымнан шыға келмесі бар ма? Дежавюдің на­ғыз өзі. Осының алдында ғана Жамбыл облысының әкімі қызметін аяқтап, зейнетке шық­қанын естігенмін. Алайда телефон нөмірін білсем де хабарласпаған едім. Өйткені қоңырау шалмаса, өздігімнен ешқашан мазаламайтынмын.

Көрген кезде қуанышым қойныма сыймады. Аузым ашылып қалды. Бердібек Машбекұлы да аң-таң: «Ау, Шархан, қайдан жүрсің?». Жауап бердім: «Жақын маңда тұрамын, Беке». Сөзімді іліп әкетті: «Мәссаған! Мен де осы маңайға қоныстандым. Екін­ші рет көрші болғанымызды қарасаңшы!». Бұдан соң ескі әдетпен серуенге шығуды жалғастырып кеттік. Бір күні сұрақ қойғаным бар: «Беке, құрметті демалысқа шықтыңыз. Өткен өмір жолыңыз алпыс атанға жүк болғандай. Жасым кіші болса да, зейнетке сізден бұрын шықтым. Әлеуметтік статус өзгерту оңай емес. Оның үстіне қарап отыра алмайтын адам екеніңізді жақсы білемін. Өзіңізді демалыста қалай сезініп жүрсіз?».

Ол көп ойланбастан жауап берді: «Көңіліңнің тыныштығы үшін және өзіңді бақытты сезіну үшін ұлтқа адал қызмет етуден асқан абыройлы іс жоқ. Саналы өмірімді осы жолға арнаған адам ретінде батыл айта аламын: елге қызмет ету ісіне демалыс жат. Десе де еліңе пайдалы болу дәйім креслода отыру деген сөз бе? Әкімнің орынтағынсыз да жұрттың болашағы үшін күресуге болатынын талай тұлғалар дәлелдеп өткен. Қол қусырып қарап отыра алмайтынымды өзің де айтып қалдың. Әрине, солай. Тұғырдан тайып тұрғандай болып сөйлегеннен Құдай сақтасын. Әлі де болса, еліме еңбек сіңіремін деп ойлаймын. Себебі мен өзімді жұмыс істегенде ғана бақытты сезінемін. Жалпы, кез келген адамның пешенесіне өзінің сүйікті ісімен айналысуды жазса, жер бетінде бақытты жандар көбірек болатынына бәс тігемін».

Турасынан тартар болсақ, Бердібек Машбекұлы фено­ме­нінің сыры неде десе, мен оның, ең алдымен, еңбекқорлығын айтар едім. Бала кезінен халықтың ауыр тұрмысын көріп өсті. Сол ортада еңбекке ерте араласып, шыңдалды. Мұндай адамның қашанда есіл-дерті жұмыста болатынын да жастайынан бойына сіңірді. Дәл осыдан кейін Бердібектің биік белестерді бағындыруының бас­ты себебіне тап болатыныңыз даусыз. Сәл жымиған сәтінде отты жанарынан байқала кететін ақықтық оның жанының соншалықты таза екенінен әп-сәтте хабар бере қоятыны адам қызығарлықтай еді. Мұны ағамды бұрыннан танитын кісі болсын, бірінші рет көріп тұрған кісі болсын, салған бетте ұғатын. Жанының гравитациясы кез келген кісіні өзіне ерекше тартып тұратын. Неге? Негесі сол, жанының тазалығы өз алдына, Бердібек Машбекұлы билік дәлізінде жеткен белестері болсын, өрелі істері болсын, бағындырған биіктері болсын, солардың бәрін ұлтының тамырынан ажырамай бағындырғаны – бүгінгі күні біз үшін басы бүтін шындық. Елдің алдында жүзі жар­қын жүргені де сондықтан болса керек.

Жаратқан Ием Бердібек Машбекұлы­на бәрін берді. Ақыл­ман еді. Жайлы мінез берді. Үнемі ақжарқын жүре­тін. Кез келген ойын ат құлағын теңес­тір­гендей әдемі жеткізетін. Алдына келген адамды сендіре білетін қасиеті тағы бар. Ойға алған мақсатына жету жолында сабырлығы да, табандылығы да сезіліп тұратын. Құдіреттің осыншама сыйын біреулер көтеріп жүре алмас еді. Ол көтере білді. Қарапайымдылық қасиетімен. Қанағатшылдығымен. Иә, тап осы екі артықшылығы тіршілігін әрлі де нәрлі етті. Басқаларға оның өмірі тақтайдай тегіс көрінгені – ақиқат. Дей тұра, олай емес. Басшы ретінде де, адам ретінде де өмірдің талай сынағынан өтті. Соның бәріне төтеп берді. Екі аяғын тең басып, әр нәрсені ақылға салып шешті.

Бердібек Сапарбаев – Қа­зақстан тәуелсіздік туын тұ­ғыр­ға қондырғаннан кейін саяси сахнаға шыққан ұлттық кадр­лар­дың алғашқы легінің өкілі. Еліне шын жаны ашитын тұлға халыққа қалтқысыз қызмет етуден шаршаған жоқ. Өзінің ана тілін алдымен қастерлейтін, салт-дәстүрге қашанда берік Бекең ел үшін жүрегін суырып беруге дайын екенін сан мәрте дәлелдеген. Бес облысты басқарған тұста от пен судың ортасында талай ақкөз ерлікке барды. Қашанда қазақы қалпынан айнымаған Бердібек Машбекұлын өмірінде шынайы сыйлап өткенім де сондықтан. Айналып келгенде әр адам білім мен ұлттық қасиеттің біртұтас үйлесімділігіне жеткен тұста біз ұлт болып ұйысып, халық болып қалыптасатынымыз рас болса, біз, ең алдымен, осындай тұлғаларымызды басқаларға, әсіресе келешек ұрпаққа үлгі етуге тиіспіз.

Оның өмірі Қазақ­­станның тә­уел­сіздік алған­нан кейінгі даму жолымен тығыз байланысты. Ол ел басынан өткен талай қиын­дыққа қанық, соның қақ ортасында жүрді, көптеген мәсе­ле­нің шешілуіне тікелей араласты. Қазақша кестелесек, Қазақстанның жарты аумағында ел басқарған оның осы жылдар ішінде елімізге қанша инвестиция тартылуына, қаншама өндірістік және әлеуметтік нысандардың бой көтеруіне, алыстағы ондаған ауылға көгілдір отынның жет­кізілуіне, қанша шақырым жол­дың салынуына бастамашы болғанын, қандай ірі жобалар, идея­лар мен бағдарламаларды іске асырғанын жұрт жақсы біледі.

Ол өте ашық әкім болды. Халықтан бойын аулақ сал­ған жері жоқ. Жұрт ортасынан табылатын қашанда. Көп­тен ешнәрсені жасырмайтын. Кез келген мәселе бойынша өз ұстанымын ел алдында күлбіл­те­ле­мей тікесінен айтатын. Халық қамы мен ел намысын қатар қорғай білетін бекзаттылығымен берекесіздіктің бұлтын сейілткен Бердібек Сапарбаевтың біз байқаған бас­ты қасиеті қай салада да қажыр-қайрат пен ерік-жігер таныта алатындығынан айқын аңғарылды. Еліміздің бас кеден­шісі ретінде де төрт жылдан астам уақыт ішінде талай шаруаның басын қайырып үлгерді. Екі рет Премьер-министрдің орынбасары, қос мәрте Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі қызметін атқарған кезінде де барлық ауыртпалықты шешуде білгірлік таныта білді. Өңірлерді басқар­ғаны – бөлек әңгіме. Ол туралы баспасөзде де көп жа­зыл­ғандықтан, қай­талап жат­қым кел­мейді.

Дау жоқ, аталған қызмет­тің бәрінде де оның кризис-менеджерлік таланты кеңінен ашылды. Осы тұста оның әр кез табысқа жетуінің басты кілті адамдармен тез тіл табыса білетін үлкен жүректілігінде жатты. Оның мықтылығы сол, кез келген әлеуметтік топпен бір қатарда тұрып, солардың тілінде сөйлесе білді. Осы өнерді бүге-шігесіне дейін меңгерген оның ел алдында өзін-өзі бақылау тетігі де барынша дамығанын талай көз көрді. Оған қоса халыққа берген уәдесінің орындалуын қатаң қадағалайтыны да – табандылық қасиеті. Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және Жамбыл облыстарында әкім болған тарлан тұлға солардың бәріне де абыроймен барып, солардың бәрінен де абыроймен кетуінің басты кілті осында жатса керек.

Оның басты қасиеті «Халық – Мемлекет – Билік» үштағанын ұштастыра білгенінде жатыр деп ойлаймын. Осы синтезді өзінің еңбек жолында басты арқау етіп алған ол өмірінің мәнін дәл тапқан сақа саясаткер болғаны – басы ашық ақиқат. Шынында да, осы тиімділігі жоғары симбиоздың барлық тылсым тұсын аша білген адам ғана өмір диалектикасының сырын аударып-төңкеруге шамасы жетеді. Қазақстандағы әкімдік институттың бастауында болған Бердібек Машбекұлы халыққа және мемлекет ісіне адалдығымен әкім сияқты лауазымның планкасын тым биік­ке көтеріп кетті. Есіме Шарль де Голльдің «Всегда выбирайте самый трудный путь, на нем вы не встретите конкурентов» деген сөзі түсіп отыр. Қашанда бәсекелестері баруға батылы жетпейтін қиын нүктелерді таңдайтын Бердібек Сапарбаевтың жұлдызы басқа­лар­дан оқ бойы озық тұрды. Осы қағидатты өмірінде берік ұстанған ол қашанда сүрлеуі көп соқпақта өзін алабөтен та­ныта білді. Қай өңірге, қай салаға барса да, оның өзіне тән жұмысының ізі, нәтижесі бар. Олар – мектеп, аурухана сияқты әлеуметтік нысандар болсын немесе спорттық, өнер кешендері, жол құрылысы, кәсіпорындар, жаңа жұмыс орындары болсын, бәрі-бәрі – ел-жұрттың тұрмыс жағдайын жақсартуға қосылған елдік қор һәм қазына.

Одан үйренетін нәрсе көп еді. Пайдалы коэффиценті мол адам болатын. Қай жағынан алсаң да, оның бойындағы құш­тарлық атаулының бәрі көзге ұрып тұратын. Біріншіден, өз ісіне құштар Бердібек Машбекұлы қолға алған кез кел­ген ісін мұқият атқармай көңілі жайлана қоймайтын. Тыным көрмейтін. Қолды-аяққа тұр­май­тын қағылездік қасиетін көзі жұмылғанша сақтап кетті.

Екіншіден, өмірге құштар еді. Тың көрінетін. Бойын тік ұстап жүретінін былай қойғанда, ешқашан консерва­тизмге беріл­мейтіндігімен тәнті ете­тін. Жаңа­лыққа жаны құштар ол өткенін айтып мақтанбайтын. Сені дәл қазіргі тір­шілігімен өзіне бағындырғысы ке­ле­тін. Бұл – бұрынғы жинаған ұпай­ларымен мысыңды басамын деп ойлайтын кейбір кісілердің бойынан мүлдем кездестіре алмайтын керемет қасиет. Осының бәрінен оның өмірге құштарлығы атойлап тұратын.

Үшіншіден, айналасындағы адам­дарға құштарлығы туа біт­кен төл қа­сиетіндей көріне­тін қарапайым­ды­лығынан байқа­латын. Кісі жатсынбайтын. Қасы­на келген адамды бауырына тарта сөйлесетін.

Алайда бұл құштарлықтың үш түрі де мен танымайтын көп адамдарда да алғаусыз ұшыраса беретін жалпыадамзаттық құн­ды­лықтар екенін естен шығар­мауымыз керек. Ондай адам­дар қазақта жүздеп, мыңдап кез­деседі.

Ал енді Бердібек Сапар­баевтың бойындағы төртін­ші құштарлық біздің қоғамда өте сирек кездеседі. Бұл қазақ біткеннің бойына кездейсоқ құйыла кететін қасиет деп айта салуға аузың бармайды. Ол үшін ең алдымен рух ірілігі керек. Одан қалды азаматтық мәдениет керек. Сонда ғана ұлты мен адамзатқа деген құштарлық бойға бітеді. Әрине, бұл дәрежеге жету өте қиын. Бердібек Машбекұлының бо­йында осы ұлы қасиет бар еді. Ұлтын да, адамзатты да сүйе білген оның тұлғалық болмысы мен үшін осынысымен құнды.

Әлгі рух ірілігі бір не бірнеше адам­ның бойында болғаны жеткіліксіз. Ол бүкіл қоғамның бойында болуға тиіс. Сонда ғана біз мықты мемлекет боламыз. Азаматтық мәдениеті жоғары ел дәрежесіне көтерілеміз. Қадыр-қасиеті күшті халыққа айналамыз. Қазаққа өзі де, сөзі де көркем кісілердің көбірек болуы сол үшін керек.

Бердібек Машбекұлы осы киелі қағиданы өмірінде молынан қолданды. Ол қашанда аталған ережемен өмір сүрді. Өз елі мен жалпы адамзаттың рух бірлігіне жетуді армандады. Сол жолда жан тәнімен күрескен аяулы тұлғаның адами амплуасы да дәл осы жерде айқындала түсетіні – тылсым құбылыс. Бердібек Машбекұлы елге қызмет ету ісінде жылы жер іздемегенін екінің бірі біледі. Ел ертеңін екшеген ердің эталонына айналған ол мемлекеттік басқару батальонының сұрапыл сарбазы болғанын мақтан тұтатын. Қай жер күйіп жатса, жоғары басшылық сонда жіберіп отырды.

Жылдар бойы сырласқанда, оның ең басты өмірлік нанымы бостан-босқа қарап отыра алмау екенін ұқтым. Онда керемет бір тылсым күш жатқанын ішім сезетін. Адамның айтқан ойынан оның парасаттылық парқының қаншалықты дәрежеде екенін аңғаруға болатынымен келісетін шығарсыз. Шынында да, жер бетіне шыр етіп түскен пенде өмір бақи өзін-өзі танумен өтеді. Бізге дейін де осылай болған, бізден кейін де осылай бола бермек. Адамның бес күн жалғанға келудегі басты миссияларының бірі де осы. Ол сол арқылы ғана мына дүниені жақсылыққа қарай жылжыта алады. Өзін де, өзгені де сыйлай білетін ол бұл мәселені санасынан шығарған емес. Қай кезде де. Логикасы мен эпатиясы қатар дамыған Бердібек Машбекұлының қашанда табысқа жетуінің феномендік формуласы осында жатқанында күмән жоқ.

Басқасын былай қойғанда, ел үшін жатпай-тұрмай еңбек еткендіктен болар, халық үшін титтей де болса пайдам тисін деп таңның атысынан күннің батысына дейін тыным таппағандықтан болар, құрметті демалыста да ел болашағына бейжай қарай алмады. Елдің ықыласына бөленген салиқалы басшы мемлекеттік қызметтен кетсе де, қоғамнан қол үзген жоқ. Ұзақ жылғы қызметінде «іскер әкім», «топ-менеджер» атанған тұлға 2023 жылы Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында жастарға дәріс бере бастаған. Оқыған әр лекциясы туралы кеңінен әңгіме қозғаушы еді. Былтыр мамыр айында кезекті бір серуен­ге шық­қанымызда Бекеңнің елеусіздеу айта салған сөзі әлі есімде: «Бүгін академия­да соңғы сабағымды өткіздім». Неге екенін қайдам, бір айдан соң Бердібек Машбекұлының өмірден қайтқаны тура­лы жайсыз хабарды естіген сәтте осы сөйлем, ең алдымен, еске түскен.

Айтары жоқ, өмір антонимдерден тұрады: Туу – өлу, қуаныш – қайғы, кездесу – қоштасу, бастау – аяқтау. Алғашқы дәріс – соңғы сабақ. Осылай кете береді. Әрине, адам баласы антонимдердің жағымды жағын ұнататыны рас. Десе де өзен өз ағысымен ағады, өмір өз қағидаттарымен көшеді. Пенде біткен соған амалсыз тәуелді. Осылай болса да, өзің ерекше ұнататын адаммен қоштасқың келмейді. Аса қимас сезімнен туған ниет болар, бұл мақаланы жақсы оймен бітіргім келді.

Бір анық: туған халқының ертеңі жолында ер екенін дәйім дәлелдеп өткен оның ғұмыры мен қызметі болашақ ұрпаққа өнеге болып қаларына күмән жоқ. Сондықтан да оның үйретері көп, үлгі болар сабақтары ешқашан бітпек емес. Отты жүрегімен өзі жағып кеткен сәулелі жарық Бердібек Машбекұлының іргелі істерінің символындай көп адамға жол көрсетіп тұрарына сенемін.

 

Шархан ҚАЗЫҒҰЛ