16 Қаңтар, 2015

Елде күрделі үрдістерді еңсеруге қажетті резервтің бәрі бар

302 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
15-01-01-42 Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан Назарбаев елдің әлеу­меттік-экономикалық даму мәселелері жөнінде ке­ңес өткізді, деп хабарлады Пре­зиденттің баспасөз қызметі. Кеңес барысында өңірлік және әлемдік нарықтардағы жағдайға байланысты ел экономикасы мен қаржы саласындағы ахуал қаралды. Мемлекет басшысы халық­аралық экономикадағы қазіргі жағымсыз құбылыстар 2007-2009 жылдардағы жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыстың салдары екеніне тоқталды. – Дағдарыстың көрінісі елі­міздің экспорттық тауарлары­ның, әсіресе, соңғы жарты жылда құны барреліне 50 доллардан түсіп кеткен мұнай бағасының төмендеуінен байқалды. Ел бюд­жетіне қаражат түсімін қамта­масыз етіп отырған түсті және қара металлургия өнімдерінің де ба­ғасы төмендеді. Сонымен қатар, Украинадағы ахуал және соған байланысты Ресейге қатыс­ты санкциялар, ресейлік рубль­дің қазіргі жағдайы ықпал етіп отыр. Сондықтан біз ахуалды ба­қылап отыруға және тиісті шаралар қабылдауға тиіспіз, – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев өт­кен жыл соңында Үкіметке оқи­ға­ның түрліше нұсқада өрбуінің сцена­рийлерін әзірлеуді тапсыр­ға­нын, ондағы басты міндет эко­номиканың өсім қарқынын тө­мен­детпеу және негізгі әлеу­мет­тік төлемдерді сақтау екенін еске салды. – Бюджеттің күрт қысқаруы себепті Үкіметке оның бірқатар өлшемдерін қайта қарауға тура келеді. Біз бюджетке бір рет өзгеріс енгіздік, қажет болған жағдайда мұны тағы жасау керек. Барлық нәрседе үнемдеуге кіріскенімізді халыққа нақты түсіндіру керек. Тәуелсіздік жылдарында біз 700-ден астам мектеп және сонша аурухана салдық. Қазір жүріп жатқан құрылысты аяқтап, бірқатар инвестициялық құрылыс жобаларына қоса, жаңа нысандарды тоқтату керек. Бұл жұмыстар дағдарыс аяқталған соң жалғастырылатын болады, – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті жағдай осылай өрбитінін еліміздің бол­жағанын және жағымсыз құбылыстарды еңсеру үшін тиісті шаралар әзірленгенін айтты. – «Нұрлы Жол» бағдарламасы елдің инфрақұрылымдық дамуын қамтамасыз етуге, жұмыс орындарын құруға бағытталған, оның бүкіл экономикаға муль­тип­ликативтік әсері болады. Соны­мен қатар, индустриялық-инно­вациялық даму бағдарламасы аясында 75 нысан іске қосылуы тиіс, олардың негізінде 7500 жаңа жұмыс орны құрылады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы қаражатты тиімді жұмсамау оқиғаларының байқалып отырғанын, мұны болдырмау қажеттігін айтты. – Атаулы әлеуметтік көмек, көпбалалылар мен тұрмысы төмендерге арналған жәрдемақы бақуатты адамдарға берілмеуі керек. Басты міндет – дағдарыстан қарапайым адамдардың жапа шекпеуін қамтамасыз ету. Мем­лекет сауын сиыр емес, – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев Қа­зақ­станда күрделі үрдістерді еңсе­руге мүмкіндік беретін қажетті ре­зерв­тің бәрі бар екенін атап өтті. – Барлық қиындықтарға қара­мастан, біз 2014 жылды 4,3 пай­ыздық өсіммен аяқтадық. Бұл қазіргі жағдайда жаман көр­сет­кіш емес деп ойлаймын. Ресей­дегі және Еуропадағы ахуалдың өрбуін де бақылап отыру қажет. Халық табысының төмендеуі, көрші мемлекеттердегі әлеуметтік шиеленістің күшеюі бізге де әсер етуі мүмкін. Біз бұған жол бермеуге тиіспіз. Жылдың не­гіз­гі қорытындыларын біз Үкімет­тің кеңейтілген отырысында шығара­мыз. Ол кезге қарай Үкіметте ахуалдың өрістеуінің барлық ықтимал жағдайына арналған нақты жоспар дайын болуы тиіс, – деді Қазақстан Президенті. Соңында Мемлекет басшысы ел ішіндегі маңызды жобаларды жүзеге асыруға бағытталған шараларды қаржыландырудың негізгі көздері былтырғы жылы-ақ айқындалғанына тоқталды. – Үкімет пен оның әрбір мү­ше­сі жұмыстың тиімділігі мен қа­ра­жаттың жұмсалуын бақылауға жауапты болады, – деді Мемлекет басшысы. Ұлттық экономика министрі Е.Досаев негізгі үш сценарийді әзірлеу барысында мұнай баррелі құнының түрліше нұсқасы қарас­тырылғанын айтты. – Бүгінде Мемлекет басшы­сы­ның Жолдауда қойған міндеттерін жүзеге асыруға қажетті барлық құралдар бар. «Нұрлы Жол» бағдар­ламасы биыл Үкіметтің кон­тр­циклдық экономикалық саяса­тын іске асырудың негізгі «өзегі» болады. Сонымен қатар, прак­ти­калық сипаттағы шаралар жиын­тығы, соның ішінде өнеркә­сіп кәсіпорындарын қолдау­дың 2015 жылға арналған жос­пары, мемлекет-жекеменшік серік­тес­тігін дамыту, жаңа және тұрақты жұмыс орындарын ашу шаралары әзірленді, – деді Е.Досаев. Өз кезегінде қаржы министрі Б.Сұлтанов бюджет саласындағы былтырғы жылдың алдын ала қорытындылары, фискалдық ор­ган­дар алдында тұрған 2015 жыл­ға арналған міндеттер туралы баяндады. – 2014 жылдың нәтижелері бой­ынша мемлекеттік бюджеттің өлшемдері орындалды. «Нұрлы Жол» бағдарламасының аясында бөлінетін қаражат және Ұлттық қордан алынған 1 триллион теңге көзделген мақсатқа жетеді. Бұл орайда бақылаушы және са­лық ор­гандарының жұмы­сы қам­тама­сыз етіледі, – деді Б.Сұл­танов. Ұлттық банк төрағасы Қ.Ке­лім­бетов өткен жылдың қоры­тын­дылары мен алдағы кезеңге арналған макроэкономикалық саясаттың негізгі бағыттары туралы баяндады. – 2014 жылы Қазақстан эко­но­микасының беріктігі едәуір нығайды. Елдің алтын-валюта ре­зерві 102 миллиард долларға жетті, соның ішінде Ұлттық қор 73 миллиард долларға дейін өсті. «Нұрлы Жол» бағдар­лама­сын жүзеге асырумен бірге ал­ған­да, бұл 2015 жылға арнал­ған эко­номикалық саясатты сенімді қа­лыптастыруға мүмкін­дік береді. Ұлттық банк биыл айыр­бас бағамының күрт өзгеруін бол­дыр­мауға ниетті, – деді Қ.Келім­бетов. Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.