Фото: gov.kz
Жуырда Павлодар облысында полицейлер «синтетиканың» ірі партиясын тасымалдаған курьерді ұстады. Павлодар қаласының аумағында тыйым салынған заттардың заңсыз таралуы туралы жедел ақпарат алған тәртіп сақшылары жедел-іздестіру іс-шаралар кешенін жүргізіп, нәтижесінде күдіктіні анықтады. Ол 28 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Жедел уәкілдер оны «қаптаманы» жасырып жатқан кезінде қала аудандарының бірінде қолға түсірді.
Ол танымал мессенджердегі интернет-дүкеннің курьері екен. Күдіктіні тексеру барысында жедел уәкілдер одан тыйым салынған заттардың орналасқан жері туралы ақпараты бар ұялы телефонды тәркіледі. Сонымен қатар полицейлер жалпы салмағы 1,6 келіден асатын синтетикалық препараттары бар 18 конволюция мен 4 пластикалық контейнерді, құрамында есірткі бар 189 таблетканы тапты. Қолға түскен есірткі 3 400 бірретік дозаны құрайды.
Осы факті бойынша ҚК-нің 297-бабы (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу), 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Күдікті Павлодар қаласы ПБ УҰИ-ға қамауға алынды.
Полицейлер облыс тұрғындарына есірткі заттарын сатумен айналысатын курьер болып жұмыс істеу туралы ұсыныстардан бас тартуды қатаң түрде ескертеді. Есірткі саудагерлерінің курьерлерге уәде еткен анонимділігі мен жазасыздығы ойдан шығарылған. Полиция қызметкерлерінің заңсыз заттармен байланыссыз сауданы тоқтатуға, өткізу схемасының барлық қатысушысын анықтауға және бәрінің кінәсін айғақтайтын дәлелдемелерді жинауға жеткілікті мүмкіндіктері бар. Есірткінің заңсыз айналымына байланысты қылмыстар үшін ең жоғары жаза ретінде өмір бойына бас бостандығынан айыру қарастырылғанын бүгінде көп адам біле бермейді.
Осы сынды тағы бір қылмыс Қостанай облысының Рудный қаласында тіркелді. Полицейлер есірткі жасырып кетушіні ұстап, күдіктіден 29 грамнан аса мефедрон тәркіледі. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде қолға түскен 39 жастағы жергілікті тұрғыннан 129 мефедрон қаптамасы табылған.
Қостанай облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы Аят Қартбаевтың айтуынша, күдікті әр жолы үйден есірткі салынған пакеттерді аузына салып, алып шыққан. Өзін ешкім бақылап тұрмағанына көз жеткізгеннен кейін ғана тиісті жерге жеткізіп отырған. Енді оған есірткіні аса ірі мөлшерде сақтағаны үшін мүлкі тәркіленіп, он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру қаупі төніп тұр.
Бір өкініштісі, есірткі заттарын жасырып кету қылмыстарына балалардың да тартылу жағдайлары орын алып жүр. Мәселен, жыл басталғалы бері 19 бала есірткі таратқаны үшін ұсталған. Жастар есірткі таратудың және жарнамалаудың құқықтық салдары туралы білсе де, олардың кейбірі есірткінің заңсыз айналымынан бас тартар емес. Нашақорлыққа қарсы иммунитет қалыптастыруда отбасының айрықша рөлін ескере отырып, ІІМ ата-аналарға жазғы демалыс қарсаңында балалар өміріне барынша көңіл қою керектігін ескертеді.
«Өз балаларыңыздың араласатын ортасын білу, олар пайдаланатын интернет-ресурстарды бақылау аса маңызды. Заттарының ішінен медициналық препараттардың қорабын, фольга немесе шыны түтікшелер байқасаңыз, елеусіз қалдырмаңыз. Мұның бәрі синтетикалық есірткі тұтынуға арналған болуы әбден мүмкін. Сабақтағы үлгерімінің нашарлауы, сабаққа бармауы және араласатын ортасының өзгеруі ата-ана назарынан тыс қалмауы керек. Агрессия, аяқ астынан көңіл күйінің өзгеруі, шаршаңқы күйге жиі түсуі де есірткі тұтынып жүргенінің белгілері болуы ықтимал. Баланың бойынан үш немесе одан да көп осындай белгілер байқалса, тез арада шара қолдану қажет. Ақша жұмсауы жиілесе немесе қаражаты көп болса, бұл да – алаңдауға тұрарлық мәселе. Өйткені баланы есірткі тұтынуға ғана емес, оны таратуға да тартуы мүмкін. Егер баланың телефоны мен мессенджерлерінен геолокация көрсетілген суреттер, үй қабырғалары мен бағандардағы штамптарды байқасаңыз, бұл да – күмән тудыратын жайт. Себебі онда есірткі жасырылған жерлер көрсетілуі мүмкін. Нөмірлер және түрлі сайттың сілтемелері жазылған тізімге, изолентаға оралған заттарға да назар салғаныңыз абзал. Есірткі қылмыстары үшін жауапкершілік 16 жастан басталатынын естеріңізге саламыз», – дейді ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.