Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Осыған дейін қазақы тазы халықаралық кинология федерациясының номиналды тізіміне енген еді. Ізінше, тазыға гендік талдау жасалып, арнайы комиссияның қабылдауына ұсынылып, елдегі тазы жанашырларының бір арманы орындалды. Көп ұзамай, халықаралық кинология федерациясы тазы туралы деректерді басшылыққа ала отырып, халықаралық кинология федерациясы қазақы итті көзбен көріп, тексеретіні туралы хат жолдаған. Осыдан кейін «Қазақстан кинологтер одағы» қоғамдық бірлестігі көрмені ұйымдастыруға мықтап кіріскен.
Ресми ақпаратқа үңілсек, қазірдің өзінде елде тіркелген қазақы тазының үлесі – 3 500-ге шамалас. Қаны бұзылмағанымен, құжаты жоқ қазақы тазыларды тіркеу жұмыстары әлі де үйлесімді жалғасып келеді екен. Бірер жылда мұның саны тағы еселеп өседі деген болжам бар. Көрмеге елдің барлық өңірінен іріктелген, ең таза деген 100 қазақы тұқымды тазы иесі жолдама алған. Көрмеде Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев қазақы иттердің артықшылығы туралы әңгімеледі.
– Тазы – қазақтың ежелден келе жатқан серігі, жеті қазынаның бірі. Тазының шығу тегі арыда. Ел аумағынан табылған петроглифтерде де тазыға ұқсас иттер бейнелері кездеседі. Ең ежелгі кескіндер біздің дәуірімізге дейінгі X-XII ғасырға тиесілі екен. Өкінішке қарай, XX ғасырда осы танымал ит тұқымының саны күрт азая бастады. Тіпті жойылудың аз-ақ алдында қалды. Қазір мемлекет қазақы ит тұқымдарын қорғау және өсімін молайту мәселесіне ерекше назар аударып отыр. Тазымен қатар қазақтың мал-мүлкінің қорғаны бөрібасар төбет тұқымын қорғау және оны әлемдік деңгейге танытуға көңіл бөлінді. Қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселесі заңнамалық деңгейде бекітілді. Көрмеге өңірлерден іріктеліп келген үміткерлерге, қазақы тазының жанашырларына табыс тілейміз, – деді Е.Нысанбаев.
Халықаралық кинология федерациясының (FCI) басшылығы, халықаралық комиссия мүшелері тазылардың түр-сипатына, салмағына, жүрісіне, бойына, сүйегіне ерекше назар аударды. Жасқа толған және толмаған тазыларға бөлек-бөлек зер салды. Қалай дегенде де қазақ тазысын зерделеп жүрген халықаралық комиссия қазақы иттің шығу тарихынан бөлек, өзіндік ерекшеліктерін де қалт жібергісі келмейді. Бүкіл әлем білгенімен әлі күнге дейін ресми тіркелмеген қазақтың тазысын осылай меншіктеп береді. Көрмеге арнайы келген Халықаралық кинология федерациясының атқарушы директоры Ив Де Клерг сапарға қазақ тазысын мақұлдау туралы құжаттарды зерделеуге келгенін айтып, «Қазақстан кинологтер одағы» қоғамдық бірлестігіне табыс тіледі. Сапар барысында Ив Де Клерг тазының ерекшелігіне, соның ішінде көру, сезу, естумен қатар аңшылық қабілетіне, амал-айласына тәнті болған.
Көрмеге Шымкент қаласынан келген Дүйсенәлі Сүлеймен тазы асыраумен бала күнінен айналысады екен. Беріде әкесі, арыда атасы да тазы жүгірткен. Тазыны көбіне-көп қоян, түлкі, қарсақ, шибөріге салатын көрінеді. Облыстық деңгейдегі түрлі көрмелерге, жарыстарға қатысып, жүлделі болған қария осы жолы халықаралық көрмеге Зита атты тазысын ала келіпті.
– Қазақ тазысы сұғанақ болмайды. Жуас, адамға айбат шекпейді әрі малға да қарайды. Тоғыз жасар Зита көрмелерде талай мәрте үздіктер қатарынан көрінді. Негізі тазының жарғақ және шашақ тәрізді деген екі түрі болады. Зита – шашақ түрлі тазы. Бұлар орта бойлы болғанымен, өте жүйрік, алғыр. Бабын сақтау үшін, артық тамақ ішпейді. Аталарымыз бастап, әкем жалғаған істі қолға алған соң қазақтың тазысы әлемде ресми тіркелсе, мойындалса деген арманымыз бар, әрине. Осы атакәсіпті үзбей, жалғап жүрген үміткерлерге табыс тілеймін. Еңбегі ақталсын дегім келеді. Негізі қазақ тазысының стандарттары бекітілген. Енді соны ресми тіркеу жағы қалып тұр. Үйде Зитадан бөлек 5-еуі бар. Айпақшы, осы көрмеге қатысу үшін Түркістан облысында 70 тазыдан 5-еуі іріктелді. Содан комиссия біздің Зитаны да халықаралық көрмеге қатысатын тазылардың тізіміне қосқан еді, – дейді Д.Сүлеймен.
Көкшетау қаласынан келген Ерғазы Баймолдың тазы асырап жүргеніне 15 жылға жуықтапты. Ізінен ерген 10 жастағы жиені Ерасыл Қалманның да он айлық тазысы іріктеуден өтіп, көрмеге қатысуға жолдама алған.
– Көкшетаудан 3 тазы әкелдік. Үшеуі де – облыстық деңгейдегі көрмелерде жүлдеге іліккен тазылар. Облыстағы 120 тазының ішінен 9 тазы іріктелсе, соның үшеуі біздікі болды. Тазымен бала күнімнен айналысамын. Әйткенмен, кейінгі 5 жылдың көлемінде ғана тәуір нәтиже көрсете бастадық. Тазы баптау да табандылықты қажет етеді екен. Жиенім Ерасыл 5 жастан тазы асырайды. Қазір өзінің 10 айлық Найзағай атты тазысы бар. Көрмеде тазылардың дене бітімі, құлағы, бас сүйегі, көзінің орналасуы, тісіне дейін тексереді. Қазақы тазы кем иек болмауы керек деген тағы бір қатаң талап бар, – дейді Ерғазы.
Сонымен көрмеде комиссия шешімімен Перизат атты тазы қазақы тазы тұқымдас иттердің үздігі атанды. Тазының қожайыны Алматы қаласының тұрғыны Берік Орынбаев болса, итті өсіріп, баптаған Елена Хардина екен. Көрмеден кейін комиссия сараптама жасап, қазақы тазыны ұлттық бренд ретінде бекіту және халықаралық деңгейде таныту мәселесін қарайды, пысықтайды. Қазақы тазының стандарттарына қатысты ұсынылған деректердің дәлдігіне назар аударады. Тазы баптап, көрмеге қатысуға жолдама алған азаматтардың қай-қайсысы да ұтылмайды. Әдетте, халықаралық ұйымнан жоғары баға алған иттердің күшігі де арзан болмайды.