Суретті түсірген – Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
«Аяла» қоғамдық қоры Қарағанды облысында кәсіби бағдарлау бағытындағы жұмысты қолға алғандарына көп болды. «Кәсіби бағдарлау» жобасының мақсаты – балалар үйлері мен мектеп-интернаттардың балаларын әлеуметтік бейімдеуге көмектесу», дейді қордың вице-президенті Наталья Еськова.
– Білім беру мекемелерінің балалары оқуын бітіргеннен кейін өмір сүруге, оқуды жалғастыруға және жан-жақты дамуға көмектесетін пайдалы практикалық дағдыларды меңгеріп, жұмыс тапқанын қалаймыз. Мектеп-интернат немесе балалар үйін іздеп, олардың қажеттіліктерін анықтаймыз. Демеушілер тауып, қажетті жабдықтарды сатып алып береміз. Осы жолы Cummins Қазақстан компаниясы демеуші болуға ниет білдірді, – дейді ол.
Мәселен, аймақтағы «Таңшолпан» арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілері қордың игілігін сезініп келеді. Екі жыл болды, қор қолдауымен ашылған тігін шеберханасында іс тігуді үйреніп келеді. Мінеки, биылғы курсты 15 бала бітіріп отыр.
Орталықтың директоры Серік Әмірханов тігін шеберханасының арқасында балалар бір істі меңгерді дейді. «Ерте кәсіби бағдарлау бұл балалар үшін маңызды. Олар кейін болашағын құра алатындай мамандық таңдауы керек. Бізден шыққаннан кейін балалар осында игерген кәсіптері арқылы өзін-өзі асырай алатындай болуы керек. Биыл шеберханаға жаңа жабдықтар әкелінді. Бұл балалардың құлшынысын арттырды», – дейді орталық директоры.
№18 жалпы білім беретін мектептің 9-сыныбында оқитын Айжан Рамазанқызы курсты ойдағыдай тәмамдап шыққандардың бірі.
– Курсқа басталғаннан бері қатысып келемін. Бірде-бір сағатын жіберген емеспін. Соның арқасында тігуді үйрендім. Өзіме жазғы жейде тігіп алдым. Мұндай кәсіп көңіліме ерекше жақты. Бұдан басқа спорттық үйірмелерге қатыстым. Осы жерде үйренгенімді пайдаланып, болашақта Қарағанды университеніне дизайнерлік мамандыққа түскім келеді, – дейді жас тігінші.
Курсты жүйелі жүргізген арнайы маман, кәсіби тігінші Анастасия Бугинова шеберхана жабдықтарына демеушілік көрсеткен Cummins Қазақстан компаниясына айрықша риза.
– Басында біз қарапайым тігін түрлерінен бастадық. Кейін күрделі дүниелерге көштік. Косметика салатын кішірек сөмкені қыздар өздері тігіп шықты. Астары сырылған. Жастықша, алжапқыш, шопер тікті. Сонымен қатар жаңа құралдардың арқасында балалар киімге, шоперге сурет, жазу жабыстыру техникасына дейін меңгерді. Болашақта қыздар өндірісте істей алады, өз ісін бастай алады, термопресс арқылы логотип жабыстыра алады. Шеберханадағы барлық жабдықтан бастап, мата, ине-жіпке дейін Cummins Қазақстан компаниясы алып берді. Бұл үшін компанияға алғыс білдіреміз, – дейді А.Бугинова.
Бұдан бөлек, орталықта слесарлық-токарьлық іске баулитын шеберхана бар. Оны да ашып берген осы қор. Жыл бойы істейтін жылыжай, коворкинг орталығы, хореография, графика, дыбыс жазу студиясы, туризм үйірмелері, фотостудия, спорттық секциялар бар.
Білім басқармасының бас маманы Ольга Токубаева жыл сайын арнаулы мекемелерді 70-80 адам бітіретінін айтады.
– Биыл 74 түлек бітіреді деп отырмыз. Колледжге, жоғары оқу орындарына түспекші. Қазіргі уақытта жетім және ата-аналар қамқорлығынсыз қалған 518 студент бар. 38 колледжде түлектерді жұмыспен қамтамасыз ету ісі жолға қойылған. Қазіргі кезде жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың қатары айтарлықтай азайып келеді. Мұнда тұрақты тұратын жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар және уақытша топтар бар. Олар мұнда жарты жылға дейін қалады. Ата-анасының мәтебесі анықталғанша. 84 баланың 21-і – уақытша тұратындар, – дейді О.Александрқызы.
Мұнымен қоса, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдау орталығында да кәсіби бағдарлама бағытындағы жұмыс жүйелі деуге толық болады. «Кондитерлік іс» және «Мейрамхана ісі» бағыттары бойынша орталықтың 27 тәрбиеленушісі кәсіби бағдарлау курсынан өтті. Мұндағы оқытуды Қарағанды тамақтану және сервис колледжінің оқытушылары жүргізген. Оқу жылы басталғаннан бері үйренгенін қорытындылаған жеткіншектер арнайы сертификаттарына қол жеткізді.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау орталығының директоры Дәнекер Сейсекина кәсіби бағдарлаудың оң нәтижесінде төрт бала Қарағанды тамақтану және сервис колледжіне оқуға түскенін айтады. Одан бөлек, биылғы екі түлек осы оқу орнына түсуді жоспарлап отыр. Үш бала былтырдан бері «Хани» дәмханаларында бариста болып жұмыс істеп жүргенін жеткізді.
– Біздің кәсіптік бағдарлау толығымен тәжірибелік тұрғыдан жүргізіледі. Біз тәрбиеленушілеріміздің әлеуметтенуіне басымдық береміз. Барлық бастама мен жоба білім басқармасымен келісіледі. Бұл курс міне, аяқталды. Бірақ бұл іс жалғасын табады деп ойлаймын. Басқа бағыттар бойынша курс ұйымдастыруымыз да мүмкін. Жалпы, курс балалар үшін қызықты болды. Кейтеринг, үйден тағам дайындау қазір үлкен сұраныста және өте табысты іс. Тәрбиеленушілеріміздің белгілі бір істі меңгеріп, болашақта маман болғанын қалаймыз. Осындай пайдалы және қажетті оқытуды ұйымдастырғаны үшін Cummins Қазақстан компаниясы мен «Аяла» қайырымдылық қорына алғыс айтамыз, – дейді орталық директоры Д.Сейсекина.
Ынтымақтастыққа ынта көрсеткен Қарағанды сервис және тамақтану колледжі директоры Құралай Әбенова да мұндай нәтижелі әріптестікті алдағы уақытта әрмен қарай жалғастыруға ниетті екенін жеткізді.
Балаларды «Кондитерлік іс» курсы бойынша оқытқан Виктория Рябцева бір жыл уақыт ішінде балаларға әбден бауыр басып қалдым дейді. Келер жылы да мұндай игілікті істі жалғастырғысы келетінін айтып отыр.
– Тәттілер, фуршеттік тіскебасар пісіруді, дастарқан жаюды үйренді. Қордың қолдауының арқасында кондитердік жабдықтар мен бұйымдардың керекті барлық түрі бар. Балалар оның барлығын қолдануды үйренді. Сабақта әуелі теория айтылады, кейін өздері жасап көреді. Балаларға бастапқыда қиындау болды, олар мұнда тамақ істемейді. Олармен көп жұмыс істегеннен бе, олардың бойындағы қандай да бір ерекшелік білінбейді. Бастысы, олардың құлшынысы – жоғары. Қор рұқсат етсе, бұл істі келесі жылы да жалғастырғымыз келеді. Өзім жазғы демалыс кезінде келуді жоспарлап жүрмін, – дейді ол.
Ерекше балалар үшін маңызы зор мұндай кәсіптік бағдарлау жобасы әзірге облысымызда осы екі орталықта ғана жүзеге асып жатыр.
– Біз Оқу-ағарту министрлігі өкілдеріне осы жобалар туралы айттық, оны барлық өңірге енгізу қажеттігін де ұсындық. Себебі кәсіби бағдарлау жобасы екі орталықта да нәтижелі екенін көріп отырмыз. Балалардың ынта-ықыласы, қызығушылығы жоғары. Біз үшін олардың әлеуметтік ортаға сәтті бейімделуі бірінші кезекте, – дейді қордың вице-президенті.
Қарағанды облысы