Атыраудағы «Айбын–2024» облыстық дәстүрлі әскери-патриоттық жиыны «Сармат» мамандандырылған мектеп лицей-интернатының базасында өтті. Іс-шараға облыс орталығы мен аудандарынан 9 командадан барлығы 140 жасөспірім қатысты. Жас қорғаушылар пневматикалық мылтықтан ату, күш жаттығулары, газқағар мен қорғаныс костюмін кию, АК-74 автоматын шашу, қайта жинаумен сыналды. Сондай-ақ арқан тартып, 3000 және 1000 метр қашықтыққа жүгіріп жарысты.
– Бұл жарыстың мақсаты – әскерге шақырылғанға дейінгі жастарды патриоттық сезімге баулу, әскери-қолданбалы спорт түрлері мен саламатты өмір салтын насихаттау, физикалық дағдыларды жетілдіру. Сәйкесінше жиын жастар арасында әскери-патриоттық тәрбие жұмыстарын жетілдіруге, Қарулы күштердің мәртебесін биіктетуге бағытталған. Жыл сайын іс-шараға өңіріміздің дарынды жастары қатысады. Олардың республикалық жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткені қуантады. «Айбын–2024» облыстық әскери-патриоттық жастар жиынының қорытындысы бойынша І орын Индер ауданының командасына бұйырды. Жүлделі ІІ орынды Қызылқоға ауданының командасы, ІІІ орынды Құрманғазы ауданының құрамасы иеленді. Жеңімпаздарға түрлі марапаттар, кубоктер, дипломдар мен медальдар табыс етілді. Бірінші және екінші орын жеңімпаздары «Али» оқу полигоны базасында Алматы қаласында өтетін республикалық кезеңге жолдама алды, – деді «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігі Атырау облысы бойынша филиалының төрағасы Нұрлан Елеуов.
Ал Петропавлдағы спартакиадаға әр елді мекеннен іріктеліп алынған 6 топ қатысты. Әскери-патриоттық жиында 14-тен 17 жасқа дейінгі 100-ге жуық бозбала бақ сынады. Әр топта 15 жасөспірімнен тіркелді. Өңірлік сайыс 4 күнге созылды.
– Осындай жарыстарға жиі қатысамын. Ата-анам да әскери қызметте. Әскери-спорттық жиындардың жастар үшін маңызы зор деп білемін. Денсаулыққа да пайдалы, – дейді қатысушы Нұржан Сабыржан.
Маңғыстауда өткен жиынға аудан, қалалардан 7 командадан барлығы 105-ке жуық жас қатысты. «Айбын–2024» облыстық әскери-патриоттық жастар слетінің қорытындысы бойынша бірінші орын Ақтау қаласының «Ақтау» командасына бұйырды. Екінші орынды Жаңаөзен қаласының «Қайсар» командасы, үшінші орынды Қарақия ауданының «Жас қыран» командасы иеленді.
Іс-шараны Маңғыстау облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті мен Маңғыстау облысы білім басқармасының «Оқу-әдістемелік орталығы» ұйымдастырды.
– Өңірде дарынды жастардың жарыстары тұрақты негізде өткізіліп тұрады. Біз үшін олардың республикалық деңгейде жоғары нәтиже көрсетуі өте маңызды, – деді Маңғыстау облысы оқу-әдістемелік білім беру орталығының директоры Жаңагүл Үмбетова.