Көрме • 30 Мамыр, 2024

Көне деректер көмбесі

134 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық ор­талығы биылғы ар­хео­­графиялық экспеди­ция­лар нәтижелері бо­йын­ша есеп беріп, елі­міз­дің тарихына қа­тыс­ты көне деректер көр­сетілген «Ұлы дала тарихының жазба мұра­лары» атты көрме ұйымдастырды.

Көне деректер көмбесі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрыл­тайдың үшінші отырысында еліміздің тарихын зерттеу мен насихаттауға, тіл мәселесіне, ономастика, тарихи мұралар мен тарихи тұлғаларға, табиғи және тарихи мекендерге ерекше назар аударған еді. Соны­мен қатар Президент тарихи-мә­де­ни жәдігерлерді, олардың кө­шірмелерін Қазақстанға қайтару жұмыстарын жандандыру да аса маңызды екенін атап өтті.

Аталған іс-шараға Пар­ламент  депутаттары, Қазақ­стан мұсылмандары діни бас­қар­масы, кітапханалар мен архив өкілдері, қоғам қай­рат­керлері қатысты.

Көрмеге Ұлыбританиядан әкелінген 15 қолжазба мен ар­хивтік құжаттың көшірмелері және республика аумағында анықталған 150-ден аса көне қолжазба мен сирек құнды кітаптар қойылды. Олардың ішін­де түркі-ислам мәдениеті­нің құнды ескерткіші, алғаш түркі тіліне аударылған қасиет­ті Құран кітабы (X-XII ғғ.), Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Сүлеймен Бақырғани еңбектерінің көшірмелері, XI ғасырдағы парсы тарихшысы Гардизидің «Зейн-әл-ахбар» қол­жазбасы, т.б. бар.

Алқалы жиын аясында ұлт­­тық құндылықтарымызды жи­нақтау, оларды келер ұрпаққа сақ­таудың маңыздылығы мен осы саладағы өзекті мәселелер талқыланды.

Сондай-ақ «Uly dala mu­rasy» ғылыми-танымдық жур­­на­лының жаңа нұсқасы мен ше­телдерде анықтал­ған көне де­ректер бойынша «Шетел­дік қорлардағы құн­ды жазба мұ­ралары» атты каталог-альбом­ның тұсауы кесілді.