Осыған дейін индексте еліміз 117 мемлекеттің арасында 66-орында болғанын айта кеткеніміз жөн. Бағалау нәтижесіне кеңінен тоқталсақ, елдің туризмі бәсекеге қабілеттілік жағынан 2-сатыға жайғасыпты. Туризмнің әлеуметтік-экономикалық әсері жағынан бестікте болса, денсаулық сақтау және гигиена бойынша 23-орында. Бұған қоса табиғи және мәдени ресурстар, адами капитал мен еңбек нарығы, туристік инфрақұрылым мен сервис санаттары бойынша жоғары баға алған. Тізім бойынша еліміз Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстаннан алға шығып, Орталық Азиядағы ең жоғары көрсеткішке ие болып отыр.
Былтыр елдегі 19 курортты аймақта 3,8 миллионнан аса турист демалған. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 311 мың адамға өскен. Нәтижесінде, курортты аймақтардағы қонақүйлер былтыр 130 млрд теңгеден аса табыс тапқан. Туристер арасында Алматы тау кластері ең танымал орындардың бірі саналады. Былтыр бұл курортты аймаққа 2,3 миллионнан аса адам саяхаттаған. Сол секілді былтыр Маңғыстау курортты аймағына 356,2 мыңнан аса адам барса, Щучье-Бурабайда 305,4 мың, Абай облысының Алакөл көл жағалауында 205,8 мың қонақ демалған.
Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаевтың айтуынша, туристерді қабылдау шарттарын жетілдіруге көңіл бөлінген. Бұл да болса, елге туристердің көптеп келуіне септессе керек.
«Жыл сайын елдегі курортты аймақтарда демалатын туристер саны артып келеді. Бұл аталған аймақтардың тартымдылығын және еліміздің туристік әлеуетіне қызығушылық артқанын аңғартады. Біздің мақсатымыз – әрбір қонақ еліміздің ыстық ықыласы мен қонақжайлығын сезінуі үшін туристерді қабылдау шарттарын одан әрі жетілдіру», дейді Н.Кәріпбаев.