25 Сәуір, 2015

Баспана машақаты

542 рет
көрсетілді
30 мин
оқу үшін
Мырз.сұхбат.14.07.13ж. (Мырзатай Жолдасбековпен сыр-сұхбат кітабынан) Автор: Мырзеке, «Бермесең бер­мей-ақ қой, баспанаңды, Сонда да тас­тамаспын астанамды. Өлеңнің отын жағып жылытамын Өзімді, әйелімді, жас баламды» деп келетін атақты өлеңді бәріміз білеміз. Қасымның кеңес дәуіріндегі қазақтың барлық интеллигенция өкілдерінің басынан кешкен жағдай ғой. Ел астанасы Алматыдан өзіне, отбасына пана боларлық аядай ғана баспанаға қолы жетпей, маңдайы тасқа тигендей болып зарыққан, тарыққан ақынның «өлеңнің отын жағып жылытамын, өзімді, әйелімді, жас баламды» деп өзін өзі жұбатудан басқа амалы да қалмаған еді ғой. Сіз де сол кеңес өкіметі кезінде оқу бітіріп, астанада қалып, қызмет істеген аға буын өкілісіз. Кезінде баспана мәселесі сізді де қатты қинаған шығар? Мырзатай: Ол не дегенің, Бо­лат, қинағанда қандай! Жалпы, соғыстан кейінгі жылдарда, одан кейінгі елуінші, алпысыншы, жетпісінші жылдарда да қазақ интеллигенциясының негізін құраған азаматтарымыздың барлығы баспана машақатын бастарынан кешудей-ақ кешкен ғой. Біздердің ол жылдардағы көрген қиындықтарымызды ендігі жерде еш адамға бермей-ақ қойсын. Университет бітірген жылы шағын ғана той жасап, үйленгенімізді бұрынғы әңгімемде айтқанмын. Осы күнгі тойларды көріп отырып, бір жағынан қызығасың, бір жағынан шошисың. Масштабы, ауқымы сұмдық үлкен ғой. Жүз адам, екі жүз адам былай қалыпты, үш жүз, төрт жүз, кей жерлерде бес жүз адамға дейін барады дейді тойға шақырылатындар. Масқара ғой. Содан кейін тойдың шашуы, ысырабы көп. Қазір тау-тау қылып ет асады, тау-тау қылып тамақтың неше түрін үстемелеп әкеледі. Соның бәрін жеп жатқан ешкім жоқ. Автор: Осы жерде көрсеқы­зарлық, даңғойлық, өзгелерден қайткенде де асып түсуге тыры­сушылық сияқты жағымсыз мінездер бой көрсететін сияқты. Әйтпесе, қазір өзіміз араласа бастаған дамыған, мәдениетті, өркениетті дейтін елдерге қарасақ, оларда мұндай көрініс, мұндай ысырап жоқ қой. Америкаға барғанда жиырма, отыз, қырық адаммен өткізілетін тойларды байқадық. Ол тойларға ең жақын деген достар мен туыстар ғана шақырылады. Ал бізде той өткізу үшін шығынға батып, үлкен мөлшерде кредит алып, кейін ол қарызын өтей алмай, кепілге қойған үйлерінен айырылып қалып жататын жағдайлар да ұшырасады. «Көрпеңе қарай көсіл» деген халқымыздың данышпандық мақалын ұмытып кетеміз.  Мырзатай: Біздің тойға сол кезде елден өзімнің алдымдағы әпкем бір қойын сойып, қарындағы майын әкелді. Ауылдағы жалғыз ағам үй салам деп ссуда алыпты, ол да көп ақша емес, соны әкеліп жұмсады. Сөйтіп, Никольский базары жанындағы бесінші жатақхананың асханасында тойымыз өтті. Оған курстастарымызды ғана шақырдық. Той өткен соң өзімізбен бірге оқитын Орынкүл дейтін Шымкенттің бір қызы бар еді. Өзі қазақи, екі өрім шашы қалың, құйымшағына түсетін, домалақ бет, өзін-өзі күтіп, шайын баптап, демдеп, шәйнегін тұмшалап қойып, шай ішетін қыз еді. Сол Тілеген Макаров дейтін оралдық жігітке тұрмысқа шыққан. Жақсы жігіт болатын. Мәрия екеуміз сол Тілегеннің туған нағашысының үйінен пәтер жалдадық. Үйі қазақи салынған, кірсең – кішкене дәліз, сол қол жағыңда үлкен бөлме, оң қол жақта кіші бөлме. Біз сол кіші бөлмеге кірдік. Таң қалатыным, сонда, Мәрияның ешкімі жоқ, менің де сенетін ешкімім жоқ. Университет бітіріп жатырмыз. Қалтамызда соқыр тиын жоқ. Сол кезде мен кішкентай скетчтер, шағын мақалалар жазамын. Қаламақысын алғанда, ол да шақ қана, айына екі рет беруші еді, соған әжептәуір қуанып қалатынбыз. Әлі есімде, бөлмемізде не төсек жоқ, киім ілетін бір шеге жоқ. Оған ілетін киіміміз де жоқ екен ғой ол кезде. Көрпе-төсекті ауылдан әкелген. Бір бұрышқа жиып қояды. Киіз, текемет. Үй иелері де бізді үнемі қадағалап, таршылық жасайды. Ол кезде тамақ пісіргенде Мәрия қолдары күйелеш-күйелеш болып, далаға шығарып, керосин құйылған керогаз жағады. Плиткамыз да бар, «электрге ақша көп кетеді» деп бізге оны қосуға рұқсат етпейді. Кейде тамақ жылыта қоюға ыңғайлы деп оны қоссақ, «что-то, «счетчик» крутиться етіп кетті» деп үй иесі әйел жүгіріп келеді. Қалай күн көреміз, отбасымды қалай асыраймын деген уайым жоқ, ойда түк жоқ қой. Жас кезде ондай ой басқа келмейді екен ғой. Ақырында, жайымыз онша болмаған соң, ана кісінің үйінен кеттік. Содан бастап Алматының біз бармаған қуысы, шарламаған жері, біз тұрмаған көшесі қалмаған шығар. Қазақ интеллигенциясының негізін құраған ағаларымыздың барлығы ол жылдарда пәтер жалдап тұрды ғой. Көбінің тұрағы – Тастақ жағы болатын. Алыс та болса, арзандау. Ол кезде трамвай бар, зуылдатып алып келеді, алып кетеді. Мәрияның анасы, менің енем Мәзкура, ұмытпасам, тұңғышымыз Ғайни туған 1961 жылы Атыраудан біздің қолымызға келген еді. Жетегінде жеті жасар Асқар деген ұлы болды. Содан бастап қиындықты да, жоқшылықты да, жақсылықты да бірге көрдік. Қиналып, қысылып, қымтырылып жүргеннің өзінде де мен енеме бір ауыз сөз айтып көрген жан емеспін. Қыздарым «Дәу мама» дейді, біз «Дәу» деп кеткенбіз. Жа­ны жайсаң, қолы ашық, сөзге шешен, елгезек кісі еді. Үйсіз, күйсіз жүр­дік. Бәріне шыдадық. Ылғи пәтер іздейміз. Космонавтар мен Байтұрсынов көшелерінің жоғарғы жағы базар болатын, сол жақтан да іздедік. Автор: Құжынаған үйлер еді ғой ол кезде. Мырзатай: Иә, құжынаған үйлер. Тар көшелері машина жүретін даланың жолы сияқты. Тарсылдатып есік қағамыз, арп ете қалады бір ит. Үй иесі шығады. «Семья есть?» – деп сұрайтұғын. «Есть». «Дети есть?» «Есть». «Иди, иди...» деп ит қосқандай қуып шығатын. «Ой­пыр­май, өз елімізде, өз жерімізде тұ­­рып, қаңғырып жүрміз. Мыналар жайлап кеткен екен ғой» деймін. «Ата-бабамыздан қалған жер ғой, мынау. Өз жерімізге өзіміз ие бола алмай отыр екенбіз ғой» деп ойға қалатынмын. Жігеріміз құм болатын. Автор: Мырзеке, сіздің осы айтып отырғаныңыз сол кездегі қазақ интеллигенциясының басындағы ортақ жағдай болса керек. Мен атақты композиторымыз Еркеғали Рахмадиев ағамыз жайлы да кітап жаздым ғой. Ол кісі де үйленген соң, үйсіз-күйсіз жүргенінде, ауылдан өзінің туған ағасының кішкене үш баласын алып, шешесінің қолдарына көшіп келгенін әңгімелеген. Сонда арғы шеті Тастақтан бастап, одан бергі толып жатқан «бәленінші, түгенінші линия» деген көшелерді аралайтынын, жеңгеміз Клара екеуі екі бөлініп, көшенің екі жағына түсіп алып, қатар жылжи отырып, пәтер іздейтіндерін айтқан еді. «Үй иелері балаларың бар ма дейді. «Бар» десең «иди, иди» деп, ары қарай сөйлеспейді» дегенді сол кісіден де естігенмін. Мырзатай: Ерағаң бізге қа­ра­ғанда пысық болып шықты. Біз Мәрия екеуміз бірге жүріп іздейтінбіз. Сон­да көшенің екі жағын қарауға біз екі есе көп уақыт жіберген болдық қой. Автор: Мен де жетпісінші жыл­дардың басына дейін, «Лениншіл жас» газеті редакторының орынбасары болып жүргенімде екінші Алматы вокзалының ар жағындағы ығы-жығы көшелерде орыс кемпірінің қуықтай бөлмесін жалдап тұрдым. Жанымда Ғазиз дейтін жігіт бар. Екеуміздің төсегіміз бөлмеге әрең сияды. Қыстың күні күндіз от жаққанда бөлме сәл жылынғандай болғанымен, түнде суып, таңертең «а-а-а» десең, аузыңнан бу шығады. Бәрі түк емес, бір тышқаннан көрген қорлығымыз естен кетпейді. Менің төсегімнің жанында кішкене тумбочка болатын. Шам сөнсе болды, соның ішінде тықыр-тықыр басталады. Кейде таңертең оянсам, әлгі тышқан маған қарап, тумбочканың үстінде отырады. Сәл қозғалсам, жып беріп, тесікке кіріп кетеді. Бір күні таңертең бірнәрсе сарт ете қалды. Шошып ояндым. Ғазиз өз төсегінде күліп отыр. – Құрттым ана тышқанды, – дей­ді. Сөйтсем, ерте оянып, қо­лы­на бәтіңкесін алып, тышқанды аңдыпты. Бәтіңкесімен жіберіп ұрып, тышқанды тырапай асырыпты. Мырзатай: Сол кезде Малая станица – Кожмехкомбинаттың жанында Мәрияның бір шөбере боп келетін туыс ағасы тұрады екен. Отарғали Базаров деген кісі. Малая станицадағы автожөндеу қоймаларының бірінің бастығы екен. Сол кісі біздерді іздеп тауып алып, қаңғып жүрген жағдайымызды көрді. Еті тірі кісі болатын, шешесі сұмдық би-шешендерше сөйлейтін еді. Бізді алып келіп, есігінің алдындағы времянкасына кіргізді. Бір жақсы жері – оған ақы төлемейміз. Бірақ ол жақтан жұмысқа жету қиямет-қайым. Ол кезде автобустар жоқтың қасы. Көк базарға дейін автобус болмайды. Сол тұста реті келіп, Мәрия Көк базардың жанындағы 2-ші типографияға корректор болып орналасқан. Бастығы татар еді. Осы екі орта, Кожмехкомбинат пен Көк базардың екі арасы бұзықтардың мекені болатын. Сонда Мәрия әртүрлі сменадан шығады. Түн ортасында шығады кейде. Менің қолымнан не келеді, ана кісінің үлкен ауласында не көп, ағаш көп, содан келтек, шоқпар сияқты қысқалау ағашты қойныма тығып, типографияның жанынан Мәрияны қарсы алып жүрдім. Сол кездерде бір жақсылықтың лебі білінгендей жағдай болды. Менімен шөбере болып келетін Әйтекеев Арын дейтін ағамыз бар еді. Ол да Темір бидің ұрпағы, Алматының облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында бас зоотехник болып істейтін. Сосын, Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі мал шаруашылығы басқармасына бастық болып ауысты. Өзі ретін тауып, Кеген, Нарынқолға барып жүріп, ағаш кестіріп, Тастақтың Руднев көшесінен үй сала бастаған еді. Сол жұмыстарды бастар алдында әуелі времянка салып алып, сонда тұрып жатқан. Мен бір күні со кісіге сәлемдесіп барған едім. Сол жерде Бәйгесеев Жәлел дейтін тағы бір ағамызбен таныстым. Өзі атақты инженер, электрик-энергетик екен. Заманында өте беделді болыпты. 37-ші жылы халық жауы болып ұсталады. Артынан аман-есен босанып, елге қайтқан соң «Алматыжилстройдың» бастығы болады. Арын ағамның әңгімелерінен естимін ғой, ол кезде Орталық партия комитетінде Тәжиев деген хатшы болды, соның алдына мына кісі құрылыс алаңынан шығып, кабинетіне керзі етікпен кіріп барады екен. Бойы ұзын. Алпамсадай. Маңдайы қасқа, шашы сирек. Өзі маған да жақын аға болып келеді. Сол кездегі Коммунистік даңғыл, қазіргі Абылайхандағы ЦУМ-ның алдында «Қазақстан» деген қонақүй болды. Міне, соны осы Жәлел ағамыз салған. Соны салып жүргенінде, бір күні тағы кездескенімізде менің Арын ағам: – Жәлел, мынау інің үйленген, жұмыс істеп жатыр, қаңғып жүр. Қолыңда тұр ғой, пәтер берсейші, – деді. – А, солай ма? – деп ағамыз кішкене ойланып отырды да: – Жүр, машинаға мін, – деді маған. Қазіргі орталық стадион бар ғой, соның жоғарғы жағында шағын-шағын, ылғи екіқабатты үйлер салынып жатыр екен. Өздері көп, қаз-қатар тізілген. Соның арғы, Космонавтар жағынан келе жатқанда, үшінші ме, төртінші ме үйді көрсетті. – Мынадан екі бөлмелі үйді аласың, – деді маған. Қуанышта шек жоқ. Автор: Керемет қой! Оған дейін көп жыл пәтерде жүріп қалдыңыздар ғой. Мырзатай: Иә. Талай қорлықты көргеміз ғой. Қайтып келіп, ағама қуанышымды айттым. Ол кісі де қатты қуанды. – О, жақсы болды. Бұл іс Жәлел ағаңның қолынан келеді, – деді. Жәлел ағамыз драматург Шахмет Құсайыновпен дос екен. Шахметтің «Кеше мен бүгін» деген пьесасы болатын, Қазақ драма театрының сахнасынан түспеген. Соның бас кейіпкері, инженердің түп бейнесі осы Бәйгесеев ағамыз екен. Сөйтіп, пәтер аламыз деп, дәмеленіп, мәз болып жүрдік. Бірақ, бұл созылып кетті. Мен Арын ағама барып тұратынмын. «Жәкеңнен пәтер туралы сұрап беріңізші, созылып кетті ғой» дегенді де айтқанмын. Автор: Қолында мүмкіндік бар адам өзінен жақсы хабар күтіп жүрген адамның әрбір таңды үмітпен атырып, үмітпен батырып жүргенін, ол үшін аптаның айға, айдың жылға тең болатынын сезіне бермейді ғой. Мырзатай: Иә. Содан, сәлем берейін деп тағы бір барсам, екеуі бірге отыр екен. – Жәлел, мына Мырзатайға пәтер беремін деп едің ғой, апарып көрсеттің, бұл мәз болып жүр, ешқандай хабар жоқ қой, – деді Арын ағам. Екеуі де кезінде «халық жауы» деген жалған айып тағылып, ұсталып келген ғой. – Әй, біз екеумізге кім қамқор­шылық жасады, айтшы өзің? Бұ­лар бесіктен белі шықпай жатып қамқоршылық сұрайды. Көрсін қиындықты. Өмірдің не екенін көр­сін. Мен ойландым, мынаған пәтер бере салсам, ертең бәрін ұмытып кетеді. Өмірдің бәрі осындай бола береді екен деп ойлайды. Өз еңбегімен жетсін, – дегені Жәлел ағамның. – Ой, Жәлел, сенің бұның дұрыс болмады ғой. Қайдан алады бұл пәтерді, – деп Арын ағам қиналып қалды. Менің де көңілім су сепкендей басылды. Қаншама күндерден, айлардан бергі талғажау етіп, іштей жылытқан үміт оты жалп етіп, бір-ақ сәтте сөніп тынды... Көп кешікпей, ана кісі орнынан түсіп қалды. Өзі Маловодное деген жақта, әдемі, тыныш жерде тұратын. Коттедж етіп салған үй. Бір жағында «Правда» газетінің тілшісі Қаржаубаев тұрады. Таудың бөктерінде. «Ана ағаң орнынан түсіп қалыпты, жүр, барып шығайық» деді Арын ағам. Кішкене көңілін демдейік, сүйеу болайық деп үйіне келдік. Әйелі украинка еді. Алдында бір барғанымызда екі ағам қазақша сөйлескен, сонда жеңгеміз қастарына келіп отырып алып: «Че, вы, опять вдвоем, говорите по-русски» деген болатын. Сол есімде қалыпты. Ағамыз үйінде екен. Бұрынғыдай арсылдап тұрған күйі жоқ. Жүні кәдімгідей жығылып, ұнжырғасы түсіп қалыпты. – Жәлел, қызмет қолдың кірі. Одан да жаман жерге барып келген жоқсың ба? Ит айдағанға, ит жеккенге. Одан да аман келдің. Құдайға шүкір, отбасың аман. Уайымдама. Екі қолға – бір кетпен дегендей, жұмыс табылар. Денсаулығыңа қара, онсыз да, сен, денсаулығыңды аз берген жоқсың, – деп Арын ағам көңілін аулап, жұбата бастады. – Мынаны қарашы, – деп Жәлел ағам маған бір, Арынға бір қарап, бас бармағын аузына салып, шайнап, жеп қоя жаздады. «Дурак же, дурак, дурак, ах, ах, ах! Надо было дать Мырзатаю квартиру», – деп өзінің басын өзі тоқпақтады. Маған тіпті көзіне жас алғандай болып та көрініп кетті. Өзі көбіне орысша сөйлейтін еді, жеңгей украинка ғой. Жаным ашып кетті. Қолын ешкім қаққан жоқ, бәрі қолында тұрды ғой. «Әзірше көре тұрсын қиындықты. Кейін берермін» деп ойлаған ғой. Өзі, әр нәрсені қолыңнан кеп тұр­ғанда, орайы келіп тұрғанда істеу керек екен ғой. Бұл маған да сабақ болды өмір бойына. Қолымнан кеп тұрғанда ешкімнен жақсылығымды аяған емеспін. Сөйтіп, қиындықтарды көріп жү­ріп, аспирантураға түстім. Аспи­ранттарға жатақхана беруші еді ғой. Семьясы барға бір бөлме, отбасы жоқтарға – екі аспирантқа бір бөлмеден. Космонавтар мен Кали­нин көшесінің бұрышындағы жатақханадан. Содан бесінші қаба­тынан бір бөлме алдық. Сөйтіп, сол жерде көп тұрдық. Аспирантураны бітіргеннен кейін, ол жерден шығуға тура келді. Тағы да сол қаңғитын әдетімізге бастық. Соған қарамастан, жас болсам да ағаларымыздың көзінен таса болғаным жоқ. Шахмет Құсайынов, Есмағамбет Ысмайылов, осы ағалар маған көп қамқорлық жасады, әсіресе, Есмағамбет аға. Сөйтіп, КазГУ-де оқытушы болып жүріп жаттым. Әдебиетіміздің мың жылдық терең тамырларын зерттеп, көне түркі әдебиетінен кандидаттық диссертациямды табысты қорғасам да қызметімде еш өзгеріс болмады. Алғаш жұмысқа алынған кезімдегідей ассистентпін. Содан факультет деканы Тауман Амандосов ағамызбен амалсыз қабақ шытысуға тура келді. «Немене, ме­нің сізбен жерлес болмағандығым ба, не кінәм бар? Әйтпесе, анау, анау, анау деп біраз адамды тізіп бердім, бұлардың бәрі келе сала аға оқытушы болып жатыр. Ал, мен аспиранту­ра бітірдім, қорғадым, қайтып кел­дім, әлі күнге ассистентпін. Не жазы­ғым бар» деп сөзге келгенмін. Содан кейін ғана ол кісі мені аға оқытушылыққа көтерген. Бірақ, өзін жақсы көретінмін, әнші еді, екі аяғы бірдей жоқ. Автор: Мүсіреповтің «Қазақ солдатындағы» кейіпкері ғой. Мырзатай: Иә, дәл сол, Шеген. Өзі ақкөңіл еді. Протезбен жүреді. Әнді жақсы салады. Келіншектер жақсы көретін. Бір күні мені шақы­рып алды. Алдында Жоғарғы Кеңесте төраға болған Асқар Закариннің бізге ректор болып келген кезі. – Мырзатай, Асқар Закарин бір кітап жазып жатыр екен. Ғылым кандидаты ғой, докторлық қорғайды дейсің бе. Бір монография болса, профессор болғалы тұр. Соның материалдарын редакциялап берсең. Мен сені айтып қойдым, – деді. Құдай-ау, биттің қабығындай ғана кітапша, «Абель Галуа, Лобачевский, Эйнштейн» деп аталады. Сол кітапты редакцияладым. Қайта жазып шықтым десем де болады. Автордың алғысөзінде: «Осы кітаптың жазылып шығуына, оның әдеби өңделуіне жәрдем берген математик Мыңбай Ысқақов пен әдебиетші Мырзатай Жолдасбековке алғыс айтамын» деген сөзі бар. Ол кітап кітапханаларда бар. Ана кісінің өзінің үйін көрген емеспін, ал ылғи генералдар тұратын ауданда қосымша бір бөлмелі пәтері бар екен. Абай мен Төлебаев кө­шелерінің бұрышында. Мені мәшинесіне мінгізіп, соған алып келеді. Сыртымнан кілттеп кетеді. Тоңазытқышы болды, іші толып тұрады. Қарның ашқанда ішіп-жерсің деп ішіндегілерін көрсетеді. Кітабын бітіріп бердім, профессор атанды. Тауман ағам айтады, сен, ұялма, арасында жағдайың қалай деп жатса, пәтеріңнің жоқ екенін айт дейді. Мен «айтудайын айтып жүрмін» деймін. Бірақ бәрібір өзгерген ештеңе жоқ. Бір күні біреулер менен: – Әй, сен Жолдасбековсің ғой. Политехта бір жанып тұрған Өмірбек Жолдасбеков деген мықты проректор бар екен. Сенің жақының емес пе, – деп сұрады. – Жоқ. Ол кісіні танымаймын. – Мүмкін, жақының шығар, сұрастырсайшы. Оның әйелі бізде істейді, Бағызбаева Мая Михайловна. Кәсіподақ комитетінің төрайымы, – деді. Сөйтіп жүргенде мені Мая Михайловнаның өзі шақырды. Ол орыс тілінің беделді маманы еді, казачество фольклорынан диссертация қорғаған. – Мырзатай, сенің фамилияң Жолдасбеков. Жұрттың бәрі сені талантты, жақсы ұстаз деп мақтайды. Өзің қай жақтансың? – деп сұрады. – Жамбыл облысының Талас ауданынан. – Өмірбек Жолдасбековті білесің бе? Мен сол кісінің әйелімін. Оның аталары сол ауданнан. Өзің қай рудансың? Айттым. – Міне, қызық. Сен онда Өмір­бекке іні болып шықтың. Мен оған айтамын, – деді. Сөйтсем, ол кісі кәсіподақтың төрайымы ғой, үйі жоқ, кезекте тұрғандардың жағдайынан хабардар, кәсіподақ жиналыстарында осындай да осындай, жақсы ұстаз, кандидаттығын қорғаған, үйленген, екі баласы бар, пәтері жоқ, ылғи қаңғып жүреді деп мен туралы да айтатын көрінеді. Оны кейін Тауманнан естідім. Өзі өте жігерлі адам, балалар үйінде тәрбиеленіп, жетілген, әкесі халық жауы болып атылып кеткен. Бір күні ректоратта да орнынан тұрып: «Неге осындай оқытушы осы уақытқа дейін пәтер ала алмай жүр?» – деп сұрақ қойыпты. Сонда Закарин: – Мая Михайловна, біз мұны білеміз, ол Өмірбек Арслановичтің інісі ғой, – деп жауап беріпті. – Қайдағы інісі. Мырзатай ол кісіні танымайды. Сіз мені дұрыс түсінген жоқсыз, – депті Мая Михайловна. Автор: Сіз ол кезде КазГУ-де­гі пәтерге зәру адамдар тізімінде тұрдыңыз ғой? Мырзатай: Соңғы жылдарда тізімнің басында тұрдым. Бірақ университетке үй берілсе, басқалар алып кетеді. Осы екі ортада, мына жаз­мыш дегенді қойсаңшы, Өмірбек Жолдасбеков КазГУ-ге ректор болып шыға келді. Маған сонда Мая Михайловнаның айтқаны бар: «Құдай бар. Ол біреу. Ол жұрттың бәріне бірдей қарайды. Әділетсіздік, теңсіздік дегендерді өзі түзетеді. Менің тілегім құдайдың құлағына жетсе керек. Өмірбек Арслановичты ректор етіп бізге жіберді», – деп. Кешке жақын үйіне барғанында Өмірбек ағамызға мен туралы айтыпты. Ертесінде маған: «Мырзатай, бүгін кешкі сағат бесте Өмірбек сені қабылдайды», – деді. Дайындалып бардым. Әлі күнге есімде, французский қоңыр костюмім болатын. Арық болғандығымнан, алған кезде маған үлкендеу еді. Сәбит Оразбаев өзіме шақтап қайтадан тігіп берген. Автор: Ол ағамыз сонда киімді өзі тіге ме? Мырзатай: Ойбуй, Сәбит деге­нің талантты, атақты актер болуымен бірге нағыз тігінші ғой. Шебер! Менің алған шалбарларымның бәрінің белі ұстамайтын. Сонда солардың бәрін Сәбит шақтап тігіп беретін. Сол костюмімді, таза жейдемді киіп бардым. Ой, аруағыңнан айналайын, сұмдық кісі еді ғой. Арыстан сияқты. «Аха-ха-ха, сенің жеңгең құлағымның құрыш етін жеді. Өзіңді мақтағанда қол-аяғыңды жерге тигізбейді. Университетте он бір жылдай жұ­мыс істейді, әлі күнге пәтерсіз жүр дейді. Рас па?». Ол кісінің жан­ашырлықпен айтқан шынайы жылы лебізі жүйкемді босатты ма, құдай сездірді ме, білмеймін, оған дейін талай қиындықтарды көріп, бір адамның алдында босаған емеспін, сол жерде бейнебір тіріліп келіп арқамнан қаққан, пәтер жөніндегі шеккен азап, мехнаттарымның бәрін білетін әкеме мұң шаққандай, көңілім босап, өзімді ұстай алмай, еңкілдеп жылап жіберіппін. Өзімді тоқтата алсамшы. Әбден тығылып жүргенмін ғой. Қызмет жөнінен басшылардың бәрі мені мақтайды, бірақ жағдайымды жасайын деген ниет қылмайды. Ана кісі орнынан тұрып келіп, құшақтап: «Болды енді, жылама. Бәрі дұрыс болады, бәрі дұрыс болады» дей берді. Ұмытпасам, бұл көктемнің кезі еді. Содан күзде, Жандар Ту­ле­нов деген өзбек профессоры, өзі ғылым докторы, философия кафедрасының бастығы, өте беделді адам, жаңадан салынған үйге көшті. Оған дейін ол кісі Мәметова көшесі мен Коммунистік даңғылдың қиылысындағы Министрлер Кеңесі салдырған үйдің төрт бөлмелі пәте­рінде тұрған екен. Құдай жарылқап, сол үйді босай салысымен Өмекең маған берді ғой. Сөйтіп, он бір жыл дегенде пәтерге қолым жетті. Пәтер болғанда да бірден төрт бөлмелі пәтерге. Өзі екінші қабатта, балконнан театр көрінеді. Екі ортада фонтан, су бұрқақ. Одан атқылаған судың лебі үйге келетін. Пәтерден пәтерге қаңғырып, көшіп жүрген адамда қандай мүлік болушы еді, жинаған түк дүниеміз жоқ. Залға ештеңе қойғызбай, текемет төседік те, көрпе салып, сол жерге жатып жүрдік. Пәтердің қорлығы, тарлығы өткен ғой әбден. Екі қолымды екі жаққа жайып жіберіп, қасыма ешкім жатпаңдар деп, рахаттанып ұйықтап жүрдім. Құмардан шыққанша. Әрине, бүгінгі өлшеммен салыстырғанда ол үйдің бөлмелері кішкентай-кішкентай болатын. Бірақ бізге ол кезде кең сарайдай болып көрінген еді. Қыздарым да мәз-мейрам. Одан бұрынырақ, ол уақытта балаларды алып, қонаққа жиі баратынбыз, алды-артымызға қара­маймыз. Өзіміз де шақырамыз. Қа­тарластарым да пәтер ала бастаған. Бәрі алтыншы шағын ауданнан алады. Соларға барған кезде, балаларым ананы көреді, мынаны көреді, үйге келген соң екі қызым мені алқымымнан алады. «Папа, біз қашан үй аламыз, бізде қашан мұздатқыш болады, қашан ванна болады» деп. Төрт бөлмелі үйді алмай тұрғандағы жағдай ғой. Аузыма періштелер салды ма, «саспаңдар, біз олардың бәрінен де жақсы үй аламыз, мұздатқышымыз олардікінен жақсы болады» деп балаларымды жұбатамын. Айтқаным келді. Сол кезде жұмысшыларды жабдықтау бөлімі – ОРС деген мекеме болды ғой. Соның бастығы ағайын адам еді. Жеңгеміз қыздарымызға сабақ берді, он екінші мектепте. Бірде әңгіме болғанда сол кісіге айтып едім, «ойбай, оның бәрі ағаңның қолында ғой» деді аңқылдап. Сол жерден «Зил Москва» деген мұздатқыш алдым. Ондай мұздатқыш ол кезде санаулы адамдарда ғана болды. Қыздарыма айттым: «Неғыл дедім сендерге. Біз ірі панельден емес, кірпіштен салынған әдемі үй аламыз, күтіп жүрмін дедім бе? Дедім. Ешкімде жоқ мұздатқыш аламыз дедім бе? Мінекей...» Пәтер алған күні мен ұйықтап қалғанмын. Енеміз айтады, қыздарың таң атқанша ұйықтаған жоқ деп... Болат БОДАУБАЙ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.