Ажал құдайын алдап соққаннан кейін Сизифтің арқасында жер беті тегіс өлімнен құтылады. Дүниенің тепе-теңдігі заңы бұзылады. Қаһарланған олимп құдайлары қылмыскерді ең ауыр жазаға кеседі. Оның жазасы мынау: Сизиф үлкен бір тасты шың басына шығаруы керек. Бірақ межеге жеткен сайын әдіре қалғыр әлгі тас етекке қарай домалап кетеді. Сизиф оны қайыра көтереді, тас қайыра ылдиға құлдилай түседі. Осылайша, мәңгілікке тасты итерумен болады ол. Сөйтіп, мақсатына ешқашан жете алмайды.
Міне саған баянсыз тірлік!
Кейде ай бойы айыл жимай тапқан-таянғаны тамағына ғана жететін бауырлардың осынау аянышты жағдайын көргенде, Сизифтің жағдайы еріксіз еске түседі...
Тағы сол мәнсіз әрекет! Тұрмыстық түйткілден көтеріліп, мінез мінбесінен дүрбі салсақ та, сол көрініс көз алдымызға келеді.
Мақтангерлік уағдасымен марапатқа ұмтылу;
Күрделі сөйлеп күдірейіп, ақылды болған сыңай таныту;
Ешкімге қажетсіз еңбек жазып, елендің деген емеурін күту жүйкеңе жүк, санаңа салмақ болуға татымайтын күшеншек кісінің тірлігі ғана. «Баянсызға бәрі құл, жынданбаған пенде жоқ» деп бір-ақ сөзбен бүкіл ойыңды бүктей салған Шәкәрім де әулие ғой, шіркін.
Айтпақшы, домалап кеткен тасын қайта итеруге жоғарыдан түсіп бара жатқан сәті бар ғой Сизифтің. Сол уақытта ол не ойлады екен?