Қоғам • 30 Мамыр, 2024

«Ауыл аманаты»: Өтінім беру жеңілдейді

115 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысуға ниет білдірген азаматтар үшін электронды ақпараттық жүйе әзірленіп жатыр. Портал жеңілдетілген несие алып, кәсіп ашуды көздеген адамға тиісті өтінімді үйден шықпай-ақ, қашықтан беруге мүмкіндік туғызады, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«Ауыл аманаты»: Өтінім беру жеңілдейді

Фото: primeminister.kz

Жүйе жобасы Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен кеңесте таныстырылды.

Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған бағдарламаға қатысушыларға жеңілдетілген несие беру үрдісін өңірлердегі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар үйлестіріп отыр. Олардың кеңселері облыс орталықтарында орналасқан. Бұл ретте шалғай жатқан ауылдардан келіп, өтінім беру ыңғайсыздық тудырып отыр. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауовтың сөзінше, әзірленіп жатқан портал өтінімді қабылдап қана қоймай, оның қарастыру кезеңдерін қашықтан бақылап отыруға мүмкіндік береді.

«Өтінім беруші жүйеге электронды қолтаңбасы арқылы тіркеліп, бағдарламаға қатысуға қажетті мәліметтер мен құжаттарды жүктейді. Қолданушының рұқсатымен оның жеке деректері тексеріліп, базаларда бар кей мәліметтер автоматты түрде енгізіледі. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларда өтінім бірнеше сатыда қарастырылады. «Ауыл аманаты» арқылы несие алуға ниетті азамат жеке кабинеті арқылы құжаттар нақты қай маманның қарауында тұрғанын көре алады», деді Бағлан Бекбауов.

Электронды жүйені Жамбыл облысында пилоттық режимде енгізу көзделіп отыр.

«Бағдарламаға қатысушылар үшін барынша ыңғайлы жағдай жасау маңызды. Ақпараттық жүйенің өзге де қажетті мәліметтер базаларымен интеграциялануын жіті қадағалау керек. Біздің түпкілікті мақсатымыз ауыл тұрғындарының табысын арттыру екенін естен шығармау қажет. Сондықтан берілетін несиелер ауылдардағы ағайынның тұрақты табысқа қол жеткізуіне ықпал етуі тиіс. «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы кәсіп ашқан немесе жұмысқа орналасқандар туралы деректер тиісті базалар арқылы тексеріліп отырады. Сондықтан аймақтар бағдарламаның нәтижелі жүзеге асуын қатаң бақылауы шарт», деп атап өтті Тамара Дүйсенова.