25 Сәуір, 2015

Шығыстың шырайы

425 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
DSC_5503Таяуда Өскеменде, ерке Ертістің сол жағалауында шамдалдары жарқыраған жаңа театр ғимаратының ашылуына, Кенді Алтайдағы кенеулі қуанышқа Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ортақтасуы – шығысқазақстандықтарды шабыттандырған шұғылалы шаққа айналды. Бағзы антика, көне Рим, орта ғасырлық Еуропаның қайта өрлеу дәуірлерінің маңызды бөлігі театрлар тарихынан тұратынын ескерсек, театрдың әлмисақтан бекзат өнер өрісі, мәдениет мәйегінің ошағы екенін бағамдаймыз. Зерделесек, Қызылордадағы алғашқы кәсіби театрдың құрылуынан ілгерірек, жас Мұхтардың алғаш рет Абайдың Әйгерімінің отауында «Еңлік-Кебекті» сахналауы мен Тәуелсіздік жылдарында еңселі ерекше театрдың еліміздің Шығыс өңірінде бой көтеруінде өзара сабақтастық жатқан сияқты. Шығыс Қазақстан жұртшылығының көптен күткен нысанының бірі болған облыстық драма театрының ашылу салтанатында Мемлекет басшысының: «Мен театр ғимаратының салынуына мүдделі болдым. Өскеменге жыл сайын келемін. Бұл – еліміздің индустриялық жүрегі. Әлгінде металлургтермен жүздескенімде, жастық шағымды есіме алдым. Металлургтердің елдің тұрақтылығы, достығы, адамдардың өзара түсіністігін қолдайтындығы туралы ойларын ден қоя тыңдадым. Олар сіздерге келіп, өздерін рухани тұрғыдан байыта түсетін болады, – деп әріден толғауы бекер емес. Өндірісті өңірдің өнері де өрісті болуын меңзеген Елбасы облыс орталығында ХІХ ғасырда салынған тар ғимаратта қазақ және орыс драма театрының қысыла-қымтырыла орналасуы қиындық тудырғандықтан жаңа нысан құрылысын салуға тапсырма жүктегенін атап өтіп, барлық жағдай жасалған өнер ордасының ашылуымен шын жүректен құттықтаған-ды. – Соңғы кезде көптеген қиындықтарға қарамастан, Қазақстанда 3 опера және балет театры жұмыс істеуде. Астанада бірегей опера театры салынды. Мен Париж, Вена, Сеул және Сидней сияқты әлемдік опера театрларын көрдім. Біздің театрымыз ең әдемі театр дер едім. Барлық азаматтар оның акустика, техника бойынша ең үздік театр екенін айтуда. Бүгінде облыстарда 50 қазақ және орыс драма театры жұмыс істейді. Бұл – мемлекеттің экономикамен бірге рухани-мәдени өмірге жасаған қамқорлығының көрінісі. Халқымызға Абайды, Шәкәрімді, Мұхтар Әуезов секілді ұлыларымызды алып келген өңірде мұндай ғимарат болуы керек еді. Сондықтан осы театрдың ашылуына келгеніме өте қуаныштымын. Қазақ және орыс театрының қатар орналасқанын жақсылыққа балаймын. Біз ешкімді өзекке теппейтін халықпыз. Қазақ халқы баршаға ұйытқы болып отырмыз, – деген Мемлекет басшысы өнер ұжымының кешегі тарихпен бірге қазіргі заманды көрсету керектігін атап өткен болатын. Өз кезегінде театр ұжымы жаңа нысан­ның тұсаукесер сәтінде Тұңғыш Прези­дентке шексіз ризашылығын жеткізіп, ақжарма тілектерін жаудырды. Тарихқа көз жүгіртсек, облыстық драма театрының осыған дейінгі орналасқан ғимараты 1902 жылы пайдалануға берілген екен. Ғасырдан аса тарихы бар ескі ғимарат қазір қаланың сәулеттік мәдени-тарихи ескерткіштерінің қатарына енген. Халық үйі ретінде қаланың қоғамдық-мәдени орталығы болған ғимаратта алғаш рет «Рабочая слободка» атты пьеса сахналанғанымен, тұрақты кәсіби театр жұмыс істемеген көрінеді. Сондықтан өскемендіктер 1935 жылы М.Ка­лининге театр труппасын құруға көмек көрсету жөніндегі ұсыныстарын жолдайды. Осылайша, Өскеменде 1936 жылы Н.Гогольдың «Үйлену» қойылымымен тұңғыш театр маусымы ашылды. 1939 жылы Шығыс Қазақстан жеке облыс болып бөлінгенде, қалалық театр облыстық театр мәртебесіне ие болды. 1946 жылы Жамбылдың 100 жылдық мерейтойына орай облыстық театрға жыраудың есімі берілді. Ұзақ жылдар бойы репертуарында орыс және шетел классикасы болған Жамбыл атындағы театрдың базасында 2000 жылы қазақ труппасы құрылып, алғашқы маусымын «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» қойылымымен ашқан болатын. Театрда «Мәдениет саласының үздігі», «Мәдениет қайраткері» атанған аға және орта буын өкілдерімен бірге ойнаған рөлдерін режиссердің діттеген мақсатына жеткізе білетін талантты жас буын өкілдері еңбек етуде. Бүгінде өнер ұжымы Татарстан, Қырғызстан, Башқұртстан, Түркия елдерінде өткен халықаралық фестивальдердің лауреаты атанды. Театрда 600 және 150 орындық екі көрермен залы және 3 дайындық залы бар. Еден мен қабырғалардағы мәрмәр тастар мен ағаш қаптамалар әдемі үйлесім тауып, кіре беріс холлдың өзінен мәдени орынның лебі еседі. Екінші қабатқа көтерілгенде, қос қапталы биік, кең холл жарқ ете қалды. Үлкен залға екінші және үшінші қабаттан кіруге болады. Залдың жоғары бөлігінде жарық беруші, аудармашы, саунддизайнер, лазерлі шоу бағдарламасын үйлестірушілер жайғасқан техникалық бөлме бар. Еліміздегі өзге театрлардан ерекшелігі, облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен нысандағы төртінші қабатта балаларға арналған жасөспірімдер театры жұмыс істейді. Яғни, театрға келген көрермендер балаларын өздерімен бірге алып келіп, қойылым соңына дейін жасөспірімдер театрына қалдыруына болады. Театрдың көзге көп шалына бермейтін тұстары да жетерлік. Заманауи технологиямен жасалған сахнаның қажет кезінде шеңбер жасап айналып тұратынын және басқа да күрделі режиссерлік шешімдерді орындауға қабілетті екенін аңдауға болады. Айта кетелік, театр ғимаратының салынуына өңірдің бұрынғы басшысы, қазіргі Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев өлшеусіз үлес қосты. Өңірдің барлық қалалары мен аудандары қатысып, қазақтың «Асар» дәстүрімен құрылыстың алға жылжуына атсалысты. Сондай-ақ, театр жобасына құрылыс барысында облыс басшысы Даниал Ахметов бірқатар өзгерістер енгізді. – Бүгінде театр ұжымында 287 адам еңбек етеді. Актерлік құрамды кеңейтуіміз үшін қос театрға 35 актердан алуға мүмкіндік беріліп, 70 штат бекітілді. Әрине, әріптестеріміз осал емес. Алайда, осындай заманауи зәулім театр салынғаннан соң спектакльдің сапасына қойылатын талап та жоғарылайды. Ал өңірде театр саласында оқыған білікті актерлер өте аз. Сол себепті бізге жақсы режиссерлер мен актерлер ауадай қажет. Қазір Астанадағы Өнер университетімен келісім жасаудамыз. Ескі театрдағы қойылымдардың декорациясы жаңа сахнаға сай келмейді. Бұл – репертуар мен декорацияны жаңа сахнаға лайықтауды қажет етеді. Театрға халықтың келуі, жарнаманың жүруі, қойылым деңгейінің артуы, яғни жан-жақты жұмыс істеуіміз, Елбасының ұжымға жүктеген сенімін ақтауымыз қажет, – деді театрдың жаңа директоры Дінмұхамед Ұябай. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». ӨСКЕМЕН. Суреттерді түсірген Ғылымбек СӘБИТОВ.