Мысалы, Әулиекөл ауылында өткен санитарлық тазарту акциясына мемлекеттік және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, еріктілер, ауыл тұрғындары, кәсіпкерлер бар – ұзын-ырғасы 180-нен аса адам қатысты. Туған жерді абаттандыру, қоршаған ортаға қамқорлық таныту бағытындағы игі іс-шараларға жергілікті шаруа қожалықтары техникаларын бөліп, қоқыс үйінділерін шығарысуға атсалысып жатыр.
Өткен сенбілікте аудан тұрғындары Әулиекөл ауылының солтүстігіндегі орман-саябақты қоқыстан тазартып, көбіне жастар келіп бас қосатын демалыс аумағын ретке келтіріп қойды.
«Таза Қазақстан» жалпы республикалық акциясына Әулиекөл ауданының тұрғындары екі айдан бері белсенді қатысып жатыр. Еңбек ете жүріп, ауылдастармен әңгімелесіп, бой жазу да бір ғанибет қой. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, елімізді абаттандыру, көгалдандыру – үлкен мемлекеттік мәні бар маңызды іс. Әрбір адам айналасын таза ұстап, тал егіп, туған жердің табиғатына қамқорлық көрсетуді өмір салтына айналдыруы керек. Тазалық – денсаулық кепілі. Мысалы, осы тазалық маусымының ішінде қаншама ауылдың айналасы тазарып, қыс бойы бейберекет тасталған, көктемгі қызыл су айдап әкелген қоқыстан аршылып, көрген көз сүйсінетіндей ажары кіріп қалды», дейді Әулиекөл аудандық қоғамдық кеңесінің төрайымы Альмира Жансүгірова.
Өткен сейсенбіде Қостанай ауданында да дәл осындай сенбілік ұйымдастырылды. Жергілікті әкімдік жанынан жұмыс істеп жатқан Жастар ресурстық орталығының мамандары Қостанай ауыл шаруашылығы колледжінің студенттерімен бірлесіп, Тобыл қаласы арқылы өтетін сайды тұрмыстық қоқыстардан тазартты. Тазалық ациясына 50 шақты адам қатысты.
Қаланың бірнеше көшесін қиып өтетін сай тұрмыстық қалдықтарға, қаңылтыр құтыларға толып қалған. «Мұндай көрініс қаламызға абырой әпермейді. Өкінішке қарай, кейінгі кездері шашылып жатқан қоқыстың жанынан бейжай өтіп кетуге ет үйреніп кеткен сияқты. «Таза Қазақстан» акциясының мақсаты да – жұртты қоршаған ортаға немкетті қараудан арылтып, тазалыққа, әсемдікке көз үйрету», дейді жастар ресурстық орталығының еріктілері. Жастар орталығының бастамасы колледж студенттері тарапынан қолдау тауып, қоқыс толы сай айналасы бір-екі сағаттың ішінде тазарып қалды.
Бейімбет Майлин ауданының орталығы Әйет ауылында да жаңбырдың суы ағатын арықтарды тазарту, лай толып, қайраң басып қалған су арналарын аршу жұмыстары жүргізілді. Тұрғындар Әйеттегі ашық алаңқайлар мен мекеме ғимараттарының айналасына қаулап өсіп келе жатқан жасыл шөпті жұлып, орталық көшелерді сыпырып шықты. Акцияға 30 адам қатысты, қоқыс шығаруға арналған бір техника тартылды.
«Әйет ауылындағы тазалық акциясы – тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға ықпал ететін мәнге ие маңызды іс-шараның бірі. Ел болып бірігіп, бір жарты күн тырмақ, сыпырғыш, күрек ұстап ауылдың іші-сыртын тазартып қойсақ, өзімізге жақсы ғой. Ауыл тұрғындары сенбілікке екі айтқызбай шығып, елдіктің, бірліктің не екенін көрсетіп жатыр. Бұл – өте жақсы үрдіс. Бүгінгі іс-шараға қатысқандардың барлығына ризамын», дейді аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Ахметов.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Қостанай қаласындағы «Триатлон паркінде» де санитарлық тазарту жұмысы атқарылды. Сенбілікке 150-ге жуық адам атсалысып, демалыс орнының айналасын қамыс, қурайдан тазартып, бірнеше көлік қоқыс шығарды.
Қостанай облысы