Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Депутаттық сауалда Гүлдара Нұрымова спорттың осы түрі әлемдік аренада екітүрлі аталып, жұртты жаңылыстыратынын айтты. Бұл былай, ойынның осы түрінен елімізде ұйымдастырылатын халықаралық жарыстар «тоғызқұмалақ» аталса, қырғыз ағайындар өткізіп жүрген дәл осы ойын «тоғызкөргөл» деп аталып жүр екен. Мұның салдары ойынның әлемге таралуына белгілі бір деңгейде кері әсер ететін көрінеді.
«Мемлекет басшысы биыл елімізде өтетін ауқымды іс-шараның бірі V Дүниежүзілік көшпелілер ойынын жоғары деңгейде сапалы ұйымдастыруды тапсырған еді. Осыған орай аталған ойынды өткізу қарсаңында аса маңызды бір мәселе бар. Иә, тоғызқұмалақ зияткерлік ойыны – түркі халықтарының ортақ мұрасы. Тарихи құндылығы мен ақыл-ой мәдениетінің көрсеткіші әрі ортақ жәдігері саналады. Бұл ойын кейінгі жылдары жақсы дамып, Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы құрылды. 2020 жылы ЮНЕСКО тоғызқұмалақты адамзаттың мәдени мұралары тізіміне қосты», деді Г.Нұрымова.
Кейбір зерттеушілердің пікірінше, бұл ойынның жалпытүркілік атауы – «Тоғызат». Мысалы, этнограф Г.Загряжскийдің еңбегінен де ойын XIX ғасырда «Тоғызат» деп аталғанын білуге болады екен.
«Тоғызқұмалақтың атауы әуелден «тоғызат» аталғанын ойын тақтасының қазақ, қырғыз, қарақалпақ, ноғай тіліндегі атауынан білуге болады. Бүгінде қазақ, қырғыз халықтары сақтап, дамытып келе жатқан ойын спорт қана емес, құндылыққа айналды. Ойынның одан әрі танылуына бөгет болған жайды ескере отырып, алдағы V Дүниежүзілік көшпелілер ойынына дейін жалпытүркілік бұл зияткерлік спорттың атауын ортақ нұсқамен «Тоғызат» деп қалыптастыру іс-шараларын қолға алуды ұсынамыз. Бұл спорттың дамуына жол ашып, әлем назарын аударатындай деңгейге жетуіне септеседі деп сенеміз», деді Мәжіліс депутаты депутаттық сауалда.
Осыған қатысты Қазақстан және Дүниежүзі тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Байменов ресми мәлімдеме жариялап, төл атаудан жирену, қасиетті ұғымдарға немқұрайды қарау ұлттық құндылықтар аясында қоғамды ұйыстыруға септеспейтінін еске салды.
«Мәжілістің бірнеше депутаты ұлттық мәдени мұрамыз тоғызқұмалақтың атын өзгерту қажет деп Үкіметке сауал жолдапты. Көзіқарақты кез келген адам «бұлар басқаны қойғанда, Абайды танымай, Әуезовті оқымағандар ма?» деп қайран қалған шығар. Бастамашылардың кімді оқитынын білмейміз, бірақ қағидалы ақиқатты түсінбейтіні анық. Тоғызқұмалақ – ұлттың мыңжылдық тарихы бар зияткерлік ойыны. ЮНЕСКО оны адамзаттың мәдени мұрасы деп 2020 жылы мойындаған. Тоғызқұмалақ – ұлтымыздың әлемдік мәдениетке қосқан үлесінің жарқын үлгісі. Сырттан келген бірер адам түрлі пиғылмен атауын бұрмаласа, ондай тәсілді біздің мәдениет пен тарихи жадымызға қарсы сыртқы күштер талай қолданғанын тарихтан да білеміз. Тарихи, ғылыми дереккөздерде, көркем және ауыз әдебиетінде, ұлттың жадында ойын тек тоғызқұмалақ деп аталады. Ұлттық ойынның атауы Парламент, Үкімет, тоғызқұмалақ федерациясына да тиесілі емес. Ол еш адамның, не ұйымның меншігіне жатпайды. Ойынның да, оның атауының да иесі – қазақ халқы. Біздің перзенттік парызымыз – тоғызқұмалақты дамытып, қанатын кеңге жаю», деп атап көрсетті.
Федерация жариялаған деректерге көз жүгіртсек, бүгінде әлемнің 50-ден аса елінде тоғызқұмалақ көзбе-көз ойналса, интернет арқылы 100 мемлекеттің тұрғындары түрлі сайысқа қатысады екен. Осыған дейін 6 әлем чемпионатына 25-30 елден ойыншылар қатысқан. Жаһанға танымал зияткерлік ойындардың сайтында да тоғызқұмалақ көш басында тұр. Ойынның осы түрімен елімізде 210 мың адам тұрақты айналысады екен. Иә, шын мәнінде, мұның барлығы ардагер, жаттықтырушылардың, ойыншылардың, оларды демеп, қолдап жүрген федерация, тоғызқұмалақ қайраткерлері, кәсіпкер, Туризм және спорт министрлігі мен жергілікті әкімдіктер, маслихат депутаттарының бірлесе атқарып жүрген істерінің жемісі екені түсінікті.
Сондай-ақ мәлімдемеде: «Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылы тоғызқұмалақты дамытуға назар аударуы ортақ іске соны серпін берді. Біз әрі қарай да ұлттық мұраны насихаттап, дәріптеп, кеңірек таралуына күш саламыз. Перзенттік парызымызды атқаруға ешкім кедергі бола алмайды. Қазақ барда, тоғызқұмалақ дами бермек. Ұлт алдында зор міндет тұр. Азамат ретінде ел дамуының өзекті мәселелері бойынша жоғары мінберлерден келелі ой айтылғанын қалаймыз. Пікір алуандылығын сыйлай отырып, қасиетті құндылықтармен ойнауға болмайтынын мәлімдейміз», делінген.
Депутаттық сауалдан кейін тоғызқұмалақ зияткерлік ойынының атауын өзгертуге қарсылық білдірген ел азаматтары, қоғам белсенділері көп болды. «Осындайда ұрпақтан-ұрпаққа «тоғызқұмалақ» атауымен жетіп, санада жатталып қалған ойынның атауын өзгерту арқылы не ұтамыз?» деген орынды сауал туады. Бұл өзгеріс Көшпелілер ойыны таяған шақта қаншалықты тиімді болады? Байқағанымыз, көпшіліктің ұсыныс-пікірі зияткерлік ойынның атауын да, мәртебесін де дәстүрге сай лайықты насихаттауға келіп тіреледі.