Сөзіміз жалаң болмас үшін сыналап мысал келтірейік. 1977 жылы тыл еңбеккері, білім ошағының еңбекке баулу пәнінің мұғалімі Александра Чадованың басшылығымен «Жауынгерлік және еңбек даңқы» мұражайы ұйымдастырылған екен. Жақсы істі мұрат тұтқан елуге тарта жас зерттеушілер жерлестерінің, Екінші дүниежүзілік соғысы ардагерлерінің, табаны тастан таймаған тарланбоздай уақытпен санаспай жұмыс істеген тыл еңбеккерлерінің отбасыларындағы жылдар бойы жинақтаған жеке мұрағаттарынан уақыт өте келе, кәдімгідей құнды жәдігерге айналған деректерді жинап, безендіріп, көркемдеп, стендтер құрастырып, бір тақырыпты қаузайтын, жан-жақты мағлұмат беретін макеттер дайындаған екен. Білім ошағында оқи жүріп әскери мамандықты таңдаған оқушылар Ақмола облысының жауынгерлерінен құрылған №310 атқыштар дивизиясының дерегін жан-жаққа хабар салып, тірнектеп жүріп жинады. Нәтижесінде, «Біздің оқушылардың жолдары», «№310 атқыштар дивизиясы» тәрізді ерлік пен елдіктің жарқын мысалдары топтастырылған фотоальбомдар жасап шығарды. Мұражайда мектеп мұғалімі Нина Романованың жетекшілігімен бағзы Кеңес одағының Батыр қалалары атанған, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қиянкескі ұрыс өткен елді мекендерге сапар шегіп әкелген жәдігерлер де орын алыпты. Мәселен, Мамай қорғанынан жеткізілген снарядтың сынықтары. Сол жылдары «Следопыт» штабы Кеңес Одағы аумағында тұратын қан-қасап майданда ел қорғаған жауынгерлермен де хат алмасыпты. Бүгінде сол бір зұлмат жылдардың запыранынан сыр шертетін сарғайған хаттар мұражайда тұр. 1987 жылы мектеп түлектері соғыс жылдарындағы сұмдықты баяндайтын «Жастық шақ соғыспен өртенді» деп аталатын слет өткізіпті. Слетті ұйымдастыруға Т.Кравченко, Н.Романовалар мұрындық болған.
Алексендр Никоновна бастаған мектеп оқушылары жазғы демалыс кезінде Радовка ауылында орналасқан кірпіш зауытында жұмыс істеген екен. Жас балалардың еңбекке араласуы, қара жұмыстың дәмін татуы осы кезден басталған. Кірпіш зауыты шығарған мыңыншы кірпіш мұражайда сақтаулы тұр. 1987 жылдан бастап мектеп мұражайындағы жұмысты тарих пәнінің мұғалімдері Армия Сәдуақасова, Татьяна Мальцева, Майра Санатова, Райхан Әлжановалар жалғастырды.
«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында қыруар жұмыс қолға алынды. 2015 жылы Минуара Утеуованың жетекшілігімен «Атамекен» тарихи-өлкетану мұражайы ашылды. Минуара Мұхаметқалиқызы 1983 жылы мектепке директор болып тағайындалғаннан кейін белсенді жұмыс істеп, жаңа мектеп пен ұстаздарға арналған 10 пәтерлі коттедждің салынуына мұрындық болды. Қазіргі уақытта «Атамекен» тарихи өлкетану мұражайының жетекшісі. Өңірдің ғажайып мұрасын жас ұрпақты тәрбиелеуге тиімді пайдаланып жатқан осы бір іске ынталы адамдарды жұмылдыра білуде.
Мұражай бүгінде төрт бөлімнен тұрады. Әр бөлімді саралай айта кетсек те артықтығы болмас. Мәселен, Ақсу кенішінің 1929 жылдан 1941 жылға дейінгі тарихы, «Отан үшін от кешкендер» бөлімінде ел қорғаған ауыл тұрғындарының ерлік істері жан-жақты баяндалады. «1418 отты күндер мен түндер» стенді ел қорғаған ерлердің мәңгі өлмес ерлік істері туралы сыр шертеді. Мемориалдық тақтада майдан даласынан оралмаған жерлестерінің ерлігін кейінгі ұрпақтың көз алдына әкеліп, көкіректеріне патриоттық сезімді құйып тұр. Соғыс ардагерлерінің ерлік үшін алған марапаттары, орден-медальдар да осында.
Үшінші бөлім «Мен туған өлкемді құрмет тұтамын» деп аталады. Бұл бөлімде білім беру саласының үздіктері, өнеркәсіптің, ғылым мен мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосқан мектеп түлектері туралы деректер бар. Әр жылдары ыстық ұядан түлеп ұшқан Алтын белгі иегерлеріне жеке бұрыш бөлінген. Әскери мамандықты таңдаған оқушылар туралы мәлімет «Офицер – батырлық мамандығы» стендінде берілген. Сондай-ақ мектеп түлектері Әскен Нәбиевтің, Амантай Кәкеновтің кітаптары қойылған. Амантай Қабылденов, Арыстан Ибатолла, Сапар Сабыров тәрізді тұлғалардың өмірінен өнеге шашатын жинақтар да бар.
Музей Өлкетану кіші бағдарламасында «Адам еңбегімен даңқты», «Еңбегі зор асыл жандар» тақырыбында танымдық-тағылымдық шараларды жиі өткізеді. Мұндай жиындарға заманында маңдайынан тері сорғалап жүріп ел игілігін тасытуға қисапсыз еңбегін сіңірген ардагерлермен, кеншілермен, теміржол жұмысшыларымен тәлімді кездесулер өткізеді. Өзге де өнегелі тақырыптар қамтылады. Осының барлығы жас толқынды ұлы өмірге дұрыс бағыттау, тәлімді тәрбие беру тарапындағы талпыныстар. Жыл сайын Қарттар күніне орай кенттің байырғы тұрғындарымен «Мәңгілік жастық мейрамы» кездесуін ұйымдастырады. Мұндай кездесуде ескірмейтін ескі естелік тыңдаған жанның мейірін қандырып, сарытап сағыныштың шымылдығы ораған сонау бір кезеңдер туралы салиқалы пікір алмасады. Әсіресе, «Еске алу вахтасы», «Біз батырлардың ұрпақтарымыз» іс-шараларының мәні мен мазмұны салмақты.
Мұражай ұжымы Ақсу кенті мен Степногор қаласының ардагерлер кеңесімен бірлесе жұмыс істейді. Жастарға мамандық таңдауға бағыт беретін кездесулер өткізіледі. Минуара Мұхаметқалиқызы зейнет демалысында болса да белсенді жұмыс істеуде. Осындай тынымсыз еңбегінің арқасында Степногор қаласының құрметті азаматы атанған. Туған өлкенің тарихын толайым толғаған кітап та жазып шықты. Омбы облысындағы өзінің кіші Отанымен байланысын үзген емес. «Састомар – менің ауылым» деп аталатын 2023 жылы шыққан жинағы туған жерге деген перзенттік махаббатқа тұнып тұр.
Бүгінгі күні Ақсу кентінің іргетасы қаланғанына 95 жыл толуына орай ақпарат жинау жұмысы тыңғылықты жүргізіліп келеді. Жылдар жылнамасына айналатын бұл жинақ келер жылы жарыққа шықпақ. Сондай-ақ майдангерлер туралы Ақсу орта мектебінің тағылымды тарихы туралы деректер жинақталып жатыр. Ардагерлерге байланысты әлі де талмай зерттейтін тұс жетіп артылады. Себебі 2015 жылы жарық көрген Ақмола облысы ардагерлерінің 11 томдық энциклопедиясында Ақсу, Бестөбе кенттерінің майдангерлері туралы мәліметтер енбей қалған. Енді осы олқылықтың орнын толтыру – парыз.
Айрықша маңызды оқиғаның бірі осы топырақта күн кешкен Етекбай би Түркебайұлына арналған бұрыштың ашылуы болды. От ауызды, орақ тілді би ата Бурабай мен Омбының арасындағы жалпақ жұртқа билігін жүргізген, мейлінше әділ, тапқыр адам болса керек. Аузынан жалын шыққан аға сұлтандардың, шынжыр балақ, шұбартөс болыстардың алдында ел мүддесін қорғаған көсем де шешен би туралы көне деректер көп көңілін аударып-ақ тұр.
Туған жердің түтінін түзу ұшыру үшін дәл осындай өнегелі іс керек-ақ. Әдемі мысал болсын деп әдейілеп тілге тиек еттік біз де.
Ақмола облысы,
Ақсу кенті