16 Қаңтар, 2015

Азаматтар арызы қаралды

313 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Бас Прокурор Асхат Дауылбаев кезекті рет азаматтарды қабылдады. Арыз берушілердің өтініштері қылмыстық және әкімшілік істер бойынша сот актілеріне, қылмыстық іс жүргізудің сотқа дейінгі сатысындағы уәкілетті органдардың шешімдеріне, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық саладағы шағымдарға қатысты болды. Бас Прокурор азаматтарды тыңдаған соң шағымдарды мұқият зерделеп, заң бұзушылық анықталған жағдайда бұзылған құқықтарды қалпына келтіру және кінәлі тұлғаларды заңмен белгіленген жауапкершілікке тарту бойынша түбегейлі шаралар қабылдауды тапсырды. Ал А.Дауылбаевтың осыған дейінгі қабылдауында болған арызданушылардың дәйектерін анықтау үшін Бас прокуратура қылмыстық қудалау органдары қаулыларының күшін жойып, сотқа дейінгі тергеу қозғаған еді. Сонда  мәселен,  В.Айт­қо­жи­наның өтінішін қарағанда асыра билік ету дерегі бойынша қыл­мыстық істі қозғаудан бас тарту туралы қаулының күші жойыл­ды, сөйтіп іс жүргізушілік шешім қабылданып, сотқа дейінгі тер­геу тағайындалды. Алматы қала­сының прокурорына тергеуге дейінгі тексеріс жүргізу кезінде заңдылықтың бұзылуына жол берген, сондай-ақ тиісті қада­ға­лау­ды қамтамасыз етпеген кінәлі тұлғаларға қатысты шаралар қа­был­дау туралы тапсырма берілді. Сол сияқты К.Әміреновтің шағымы бойынша денеге за­қым келтіру фактісі бойынша қыл­мыстық іс қозғаудан бас тарту туралы Ақмола облысының Бұланды аудандық ІІБ шешімінің күші жойылды, сотқа дейінгі тергеу басталды. Арызданушы Ж.Бәйменовтің дәйектерін зерделеу нәтижесімен Алматы гарнизоны бойынша ҰҚК Әскери полиция басқармасының лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық істі қысқарту туралы қаулының күші жойылды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізу үшін қылмыстық іс ІІМ Тергеу коми­тетінің Әскери-тергеу басқар­масына жолданды, деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.