Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Ұлттық тестілеу орталығының хабарлауынша, тіркелу кезінде талапкер тестілеуді тапсыратын қаланы өзі таңдайды. Үміткерлер өтініштерді қабылдау мерзімі аяқталғанға дейін (8 шілдеге дейін) білім бағдарламаларының тобы, тілі және тестілеуді тапсыру орны бойынша өтінішке өзгерістер енгізе алады. Талапкер тестілеудің өтетін күні туралы ақпаратты жеке кабинетінен 13 шілдеде көре алады. Ғылыми-педагогикалық магистратураға түсу үшін кешенді тестілеу электронды форматта өткізіледі және үш бөлімнен тұрады: шет тілі бойынша тест, оқуға дайындығын анықтауға арналған тест және білім бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест. Барлығына 3 сағат 55 минут беріледі. Шекті ұпай – 75.
Ал шығармашылық мамандықтар бойынша бейінді магистратураға үміттілерден құжат қабылдау 1 маусым мен 8 шілде аралығында жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жүзеге асырылады.
Биыл бейінді магистратураға түсу ережелеріне өзгеріс енгізілді. Енді бейінді магистратураға түсуге ниеттілер «Оқуға дайындығын анықтауға арналған тест» бөлімінен босатылды. Осылайша, олар тек білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест тапсырады. Шекті ұпай кемінде 30, оның ішінде әрбір бейінді пән бойынша кемінде 7 ұпайды құрайды. Сондай-ақ басшы лауазымында кемінде 5 жыл өтілі бар немесе білім беру бағдарламасының бейініне сәйкес мамандығы бойынша кемінде 10 жыл еңбек өтілі бар тұлғалар бейінді магистратураға ақылы негізде әңгімелесу нәтижелері бойынша қабылданады. Кешенді тестілеу нәтижелерімен келіспеген жағдайда талапкер тестілеу аяқталғаннан кейін онлайн апелляцияға бере алады.
Магистратураға түсушілер 13 мыңға жуық білім беру грантына үміткер бола алады. Осыған дейінгі материалымызда жазғанымыздай, магистратурада оқуға бөлінген гранттар тізіміне келсек, «Инженерлік, өңдеу және құрылыс» салалары бойынша мамандықтарға ең көп грант (3227) бөлінген. Одан кейінгі ретте «Педагогика ғылымдары» бағыты бойынша мамандықтар (3347) қарастырылған. «Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика» салаларындағы мамандықтарға – 1265, «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» салаларындағы мамандықтарға 1235 грант бөлінді. Ал ең аз грант бөлінгені – «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету» (225), «Қызмет көрсету» (315) салаларындағы мамандықтар.