Фото: museum-alzhir.kz
Музей қызметкері Абзал Рымбектің айтуынша, бұл көрмеге негізінен кейінгі үш жылдың көлемінде табылған тың жәдігерлер шығарылыпты. Көрмедегі құнды деректердің бірі – Алаш ардақтысы Жүсіпбек Аймауытұлы қолына ұстап, оқыған Құран кітабы. Ол 1900 жылы Қазан қаласында басылған. Бұдан бөлек Ж.Аймауытұлының жатын бөлмесінде ілініп тұрған жасыл түсті сюзане кілемі де көрмеге қойылған. Гүлдермен кестеленген текстиль өнімі бұхаралық шебердің қолынан шыққан. Сонымен қатар көрмеде Жүсіпбектің өзі ағаштан жасап алған сия сорғышы, сызғышы, қағаз кескіші де бар. Алаш ардақтысы осы әр затының бір бұрышына бейбітшіліктің символын бедерлеп салыпты.
Одан кейінгі көзге оттай басылатын құнды дүние – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының Ақтоғай аулынан табылған «Қырық мысал» кітабы. Кітап 1909 жылы Санкт-Петербург қаласындағы Ғылым академиясының баспаханасында төте жол нұсқасындағы араб қарпімен жарық көрген. Өкініштісі, кітаптың мұқабасы және алғашқы 16 беті, ал жалпы 63 беті сақталмаған.
Нәзір Төреқұлов бас редактор болған «Темірқазық» журналы да көрме төрінен орын алыпты. Журнал 1923 жылы Мәскеу қаласындағы Ұлттар комиссариаты жанындағы «Күншығыс» баспасынан жарық көріп тұрған. Көрмедегі журнал Тереңкөл аулынан табылған тарихи басылымның біріктірілген 2,3-саны екен. Жазу стилі Ахмет жасаған әліпбидің өңделген нұсқасына келеді. Мұқаба бетінде араб және кириллица әріптерімен «Жер жүзі еңбекшілері, бірігіңдер. Темірқазық. Айына бір шығатын саясат, шаруашылық, білім, әдебиет журналы. Саны 2-3, март-апрель, 1923 жыл» деген басылымның негізгі мәліметтері беріліпті. Ал орта тұсынан басталып тұтас бетке «Ұлт мәселелері жайынан» деген тақырыппен көлемді мақала түскен.
Сондай-ақ режиссер, драматург, қазақ ұлтының кәсіби театр өнерінің негізін салушы Жұмат Шаниннің 1928 жылы Ташкентте басылған «Арқалық батыр» атты еңбегі де көрмеге келушілердің қызығушылығын туғызды.
Көрмеде Қошке Кемеңгерұлының «Қазақтың тарихынан» атты кітабы да тұр. Жазушының бұл еңбегі Железин ауданында сақталыпты. Кітап әбден көнеріп, тозып кеткен. Бас жағында араб қарпіндегі «Жер жүзі еңбекшілері, бірігіңдер» деген ұран жазылған. Ал орта тұсында кітаптың авторы мен аты жазылып, одан төменіректе «С.С.С.Р халықтарының кіндік баспасы. Мәскеу – 1924 жыл» деген мәлімет басылған.
Абзал Рымбек облыстың түкпір-түкпірінен табылған мұндай жәдігерлер әлі де көп екенін, көрмеге тек олардың біршамасын ғана алып келгендерін айтты.
«Біздің музейде А.Байтұрсынұлының «Маса» жинағы, «Жас қазақ» журналының түпнұсқасы, Абайдың 1909 жылы жарық көрген өлеңдер жинағы да сақтаулы. Ал Ж.Аймауытовтың заттарын бізге ол кісінің қызы Муза Жүсіпбекқызы табыстаған. Ал кітап, журналдарды өңір тұрғындарынан алдық. Кеңестік кезеңде көбі арабша хат танымағандықтан, көпшілік оларды атамыздан, әкемізден қалған Құран немесе дінге қатысты кітап деп ойлап, көздің қарашығындай сақтап келген. Бұл түпнұсқа кітаптардың алғашқысы табылған кезде, ол жаңалықтарға шығып, кейін «Бізде де арабша жазылған кітаптар бар» деген жерлестеріміздің қатары көбейе түсті. Осылайша, бұл тарихи құнды еңбектер құтты орнына әкеліп қойылды», дейді А.Рымбек.
Көрмеге зиялы қауым және мектеп оқушылары қатысып, алаштықтарға қатысты баға жетпес жәдігерлермен танысты.