Абай • 30 Мамыр, 2024

Абай және Сыдық Мұхамеджанов

381 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұл не өзі? Мынау ән қайда тартып барады? Қара құрдым... Түпсіз терең тұңғиыққа түсіп барамын. Ол менің, мен оның ішінде. Кішкентай баланың қолындағы тиек секілдімін. Әлемет ән мені домбыраның ойығынан өткізіп, ішіне тастап жіберіпті. Ал екі шегі... Екі шегі фәни мен бақи арасындағы қақпаның екі босағасы екен. Ән шумақтары көңіл күмбезімде күңірене күңгірлеп тұр: «Жарқ етпес қара көңілім, не қылсада...»

Абай және Сыдық Мұхамеджанов

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Сізге қалай екенін біл­меймін, бірақ Абай­дың осы өлеңі мені осындай ойға батырады. Сыдық Мұхамеджановтың музыкасымен шырқалған үйлесім үлгісі көңіліңді елең-алаң күйге түсіреді. Алғашқы ноталарынан-ақ минорлы аккорд мұңға жете­леп кетеді. Мұң болғанда да, жай мұң емес, мүбәрак мұң... Ал қайыр­масында... «Жүрек наласын биік­тете көтеріп, шексіздік­ке шарықтата жұ­тыл­ды­рып, қанаты талған қырандай, талмау­сырап барып бітеді». Мұны айтушы – өрелі өнертанушы Ілия Жақанов. Рас, орындаушысы келіссе, тыңдарманын тұңғиық шыңырауға да түсіріп, тым биік шыңға көтеретін шығарма – бұл.

Күні кеше дәстүрлі әншіміз Асқар Мұқият Өзбекстандағы «Ovoz The Voice» жобасында Абайдың осы бір ғаламат әнін шырқады. Екпіні тау теңселтер алапат баритон иесіне қол соқпаған жан қалмады. Сүйегін сүтпен жуғандай сүйсініп қалды бәрі. Абайдың әні қалың бір ой құшағына қалдырғанын жеткізді. Иә, Асқар Сүлейменовше айтсақ, ақыл әнге апармайды, ән ақылға апарады. Жан­ның дірілін, жаурағанын, тасығанын – иек артқанмен, сөзді арқаланбай-ақ – қалтқысыз жеткізетін – ән.

Қазақстан атынан бақ сынап келген Асқар Мұқият Өзбек­станның Халық әртісі Фаррух Закировтен бастап, Мәдениет және туризм министрі Озадбек Назарбеков, танымал әнші Севара Назархан, Тохир Содиков сынды өнер майталмандарын тәнті етті. Қобыз көмей, аспан кеуде жігіттің әні әлеуметтік желіде де кеңінен таралып жатыр. Олай болуы заңды да.

Заманында көркемдік ке­ңес­те жас композитор Сыдық Мұха­­меджановтың аталған туын­дысын тыңдаған Евгений Бру­силовский де әнге ерекше баға берген. «Тамаша! Бәрі өз ор­нында! Қисынды, қызықты. Ең бастысы, мұнда ұлттың жаны бар, жаны! Мәселен, «Ертарғын» опе­ра­сына «Елім-ай» әнін пай­да­ландым. Қарапайым әуез дер­сіз, ал оның салмағы қандай зіл­ма­уыр. Мына жігіттің әні де осындай. Бір қызығы, Абайдың өзі жазған секілді бұл романс­ты. Айтарға сөз жоқ!», деп баға береді атақты композитор.

Күләш Байсейітова да шы­ғар­­маның Абай рухымен үндес еке­нін ақтарыла ашық айтқан. «Се­зімге бай ән. Ойы жинақы, әрі терең. Евгений Григорьевич айт­қандай, ағылып жатқан әуез. «Қор­ланға» қалай ұйысақ, «Жарқ ет­песте» дәл сон­дай һәл кешесің. «Абай жолы» романындағы Абай мен Тоғжанның сол бір соң­ғы­ жүздесуі көз алдымызға кел­ге­­нін қараңыз. Біздің Тобықты елін­­де Абайдың өз «Жарқ етпесі» ай­­ты­латын-ды. Келе-келе ол мүлде ұмытылды. Оны білетін жан­дар бүгінде о дүниелік. Ал мы­на «Жарқ етпес» сол «Жарқ ет­песті» тірілткендей болды. Жап-жас жігіттің толғанысы – Абай­дың өз толғанысы!», деген екен.

Иә, одан кейін біршама уақыт өтті. Еліміздегі музыкалық үдеріс түрленіп, соны сипат алды. Абай өлеңдеріне де жаңаша әндер шығарылып, тыңдарман қауымға жол тартты. Жаман емес. Көпші­лі­гі көңілден шығып жатыр. «Бойы бұл­ғаң», «Көзімнің қарасы» секілді әндер джаз, блюз жанрында шырқалды. Алайда ешбірі «Жарқ етпестің» биігіне шыға қой­ған жоқ. Шықпауы да мүмкін. Себебі мұн­дай рухани үйлесімде жаралған өнер туын­дылары бір ғасырда бір-ақ келуі мүмкін. Абайдың алып трагедия­сын аңдаған композитор ғана мұндай батыл­дыққа бара алады.

Меніңше, бұл шығарманың соңғы нотасы жоқ. Әрі қарай ол сенің кеудеңді тартыла береді. Тартыла береді... Ешқашан тоқтамайды...