Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
Жақында қолжазбамды қайта қарап отырғанымда 1930–1933 жылдары большевиктердің бүкілодақтық коммунистік партиясы орталық комитетінің жауапты нұсқаушысы болған Ә.Досовтың Мәскеуде әртүрлі басшылық қызметтер атқарған белгілі қазақ азаматтарының Қазақстандағы аштыққа көзқарастары мен іс-әрекеттері туралы жазбасы қазіргі алмағайып уақытта да маңызды екеніне көз жеткіздім. Оны НКВД-ның тергеу абақтысынан аман шығуы екіталай болғанын сезген революционер-большевик өзі білетін шындық тарихта қалсын деп жазып кеткен сияқты.
«...1929 жылы Мәскеудегі марксизм курсында Қазақ АКСР Халық комиссарлары кеңесінің бұрынғы төрағасы Нығмет Нұрмақов оқып жатты. Мен ол кезде Бүкілодақтық атқару комитеті президиумының мүшесі әрі хатшысының орынбасары болып істейтінмін.
Нұрмақовпен айына екі-үш рет кездесіп тұрдым. Көбіне оның үйіне баратынмын. Себебі менің Алматыда істейтіндердің ешқайсысымен жеке байланысым болмағандықтан, біздікіне ешкім келмейтін. Ал оның үйінде қашан болсын Қазақстан қызметкерлерінің біреу-міреуін, тіпті Мәскеуге жолсапармен келген халкомдарға дейін кездестіруге болатын.
1930 жылдың қаңтарының аяғында болған бір кездесуде Нұрмақов Қазақстанда масқара асыра сілтеушіліктер, бассыздықтар орын алуда деді. «Аудандардағы қазақтар ашаршылықтан шыбындай қырылып жатыр. Оңтүстікте және Алматы облысында іс мынаған дейін жеткен. Қыстыгүні қазақтарға бір мыңдай киіз үй тіктіріп, бәрін нөмірлеп, әр көшеге партия көсемдерінің, соның ішінде Голощекиннің, Құрамысовтың, Исаевтың есімдерін бергізген», деді.
Осыны естігенде ашуға булығып, партияның Орталық Комитетіне (ОК) хабарлайық деген ұсыныс айттым. Нұрмақов мырс етіп күлді де: «Одан ештеңе шықпайды. Саған сене қояр деймісің. Егер ОК-ға жазсаң, ондағылар әуелі Голощекиннен сұрайды, ал ол қазақ эммигранттары біздегі қиыншылықтарды әсірелеп көрсетіп отыр, жұмыс істеуімізге кедергі келтіруде деп жауап береді де, тағы да кемінде жарты жыл қызмет істейді», деді. Бұған қоса, Қазақстандағы заңсыздықтар мен зорлық-зомбылықтар туралы фактілерді жинастырып жатқандығын, жинап болған соң ғана ОК-ға хабарлауға болатынын айтты. Мен онымен келістім. Кешікпей мені Башқұртстанға ұзақмерзімді жолсапарға жіберді.
Содан сәуір айында бір-ақ оралып, Мәскеуге келісімен тағы бір кеште Нұрмақовтың үйіне барып жолықтым. «Фактілер жинап қойдың ба?» деп сұрадым. Ол: «Иә, артығымен жетеді. Бірақ ОК-ға жазуды қажетсіз деп санаймын», деді. Сосын өзінің менімен көптен бері сөйлескісі келіп жүргенін айтып, әңгімені Мәскеудегі қазақ қызметкерлері Қазақстанға қайтып оралуы қажет деген сөзден бастады. «Бұл тек Голощекин бастаған өлкелік басшылық коллективтендіру, астық, ет дайындау мәселелерінде ірі саяси сәтсіздікке ұшыраған жағдайда ғана мүмкін болмақ. Тек сонда ғана ОК оларды орындарынан алып, бізді жібереді. Ал біз барған соң жағдайды түзетеміз», деді. «Қазақстан шаруашылық және мәдени құрылыста көршілес республикалардан көп артта қалып қойды. Қазақтардың бар байлығы саналатын мал тұяғы қалмауға айналды», деп бірсыпыра мысал келтірді. Солардың ішінен есімде қалғаны: жуырда Алматыда өзіне таныс бірнеше әртісті аштықтан бір мекеменің аттарын ұрлағандығы үшін қамауға алыпты.
Нұрмақов екеуміздің арамызда бұрынғы қазақ қызметкерлерінің билік басына келу әдісі турасында келіспеушілік болды. Мен мәселені былай қойдым: «Елге оралуымыз үшін саяси, шаруашылық сипаттағы бүлдірушілікпен айналысуымыз қажет пе? Екіншіден, қателіктерді шұғыл түзетудің орнына, одан сайын ұлғайту халықтың кеңес өкіметіне, ұжымшар құрылысына наразылығын туғызбай ма? Үшіншіден, халықты бұрынғыдан бетер қайыршыландырамыз. Осылардың салдарынан көтерілістер бұрқ ете түсуі мүмкін, ал оларға жол беруге болмайды», дедім.
Нұрмақов мені былайша иландырды: «Бәрібір, асыра сілтеушіліктер болды. Не айтсаң да Голощекин оған құлақ аспайды. Ауылда ет дайындау жоспарын орындауға мал басы жетіспейтінін, ал Шет ауданының өмірі егін егіп көрмеген көшпелі қазақтарына астық салығын салып отырғандықтан, олар қолдарындағы бар малын арзанға сатып, түскен пұлына астық сатып алып, мемлекетке өткізуге мәжбүр болғандығын айтып көрші, онда бұл есерсоқтар сені партиядан шығарып, оңшыл троцкистерге жатқызып, онымен де қоймай, түрмеге апарып тығады. Шындықты айтқан адамдарды, аупарткомдардың хатшыларын осылайша топ-тобымен партиядан шығарып жатыр. Халықтың ашынуына келсек, жаяу қалған, аш-жалаңаш жұрт көтеріліс жасай қоймас, ал егер кей жерлерде ондай бас көтерулер бола қалса, онда олар туралы ОК біліп, қазіргі өлкелік басшылықты біздермен алмастырады», деді. Маған оның пікірі дұрыс көрінді (4-том, 1-4, 14-21-беттер).
...1932 жылы сәуір айының шамасында мен тағы да жолсапардан келісімен кешке Нұрмақовтың үйіне бардым. М.Орынбаев, Ә.Лекеров, Ғ.Тоғжанов, М.Тәтімов, Ә.Өтекин жиналып отыр екен. Дәлізде шешініп жатқанымда Нұрмақовтың: «Оңбаған неме, оның қандай шаруасы бар еді?» деп жекігенін естідім. Орынбаевқа: «О не?» дедім. Ол: «Нұрмақов Төреғожинді сөгіп жатыр», деді. Сөйтсем, Алматыда ет дайындау жоспарына байланысты өлкелік комитет мал санын анықтау жөнінде О.Исаев басқарған комиссия құрыпты. Осы комиссияға З.Төреғожин Қазақстанда қазір шамамен 4-4,5 миллион бас қана мал қалды деген мәлімет әкеліпті. Ал О.Исаевтың комиссиясы әлі де 14-15 миллион басқа жуық мал бар деп көрсеткен. Осыған орай, Төреғожин Исаевқа: «Бұл қалай?..» деген екен. Ол сасыңқырап қалып: «Өлкелік комитеттің анықтап отырған цифры одан да үлкен, 21 миллион басқа жуық», депті. Сосын бюрода өзінің комиссия мәліметін баяндайтынын айтып, Төреғожинге: «Сен өз цифрыңды айт», деп кеңес беріпті. Бюрода Төреғожин мықтап таяқ жепті.
Орынбаев өлкелік комитеттің бюросында не әңгіме болғандығын егжей-тегжей әңгімелеп берді. Лекеров оның Алматы облысының бір ауданында болған көтерілісті басуға қатысып, өрескел қателік жасағаны үшін кінә тақты. Ол есімін ел білетін қазақ қызметкерлері көтерілістерді басуға қатыспауға тиісті, мұндай жағдайларда Жангелдин, Сейфуллин, Меңдешевтер сияқты араағайын рөлін атқарғаны жөн деді. Орынбаевты бәріміз де кінәладық.
Нұрмақов Алматыдағы қызметкерлер өлкелік комитетті саяси беделден айыру бағытын ұстанып, ОК алдында абыройсыздыққа ұшырату үшін мынадай шараларды қолдануды ұсынды:
- Өлкелік комитеттің өзі ұсынып отырғанындай, коллективтендіруді күшейту керек. Оған қарсыласудан еш пайда жоқ.
- Елден ауа көшу көбейіп барады. Халық көршілес облыстарға қарай босып жатыр. Ал халық бостан-бос қырылмауы және оларға Мәскеуде назар аударуы үшін босқындарға Сібір, Самара, Саратов, Сталинград губернияларына, Орал жаққа қарай бағыт алуға кеңес беру керек. Біріншіден, бұл жерлерден олар нан таба алады. Екіншіден, көршілес облыстардағылар көңіл аударады. Нұрмақов Калининнен Самара обкомының хатшысы Эйхенің ОК-ға Қазақстандағы жағдай туралы хат жазғандығын естіпті.
- Қазір асыра сілтеуге қарсыласудан келер еш пайда жоқ. Кадрлардан текке айырылып қаламыз, оларды партиядан шығарып жібереді. Мәселен, Төреғожиннің айтқан сөзін тыңдаған кім бар? Олай істесек, бізді де ақымақ қылады.
- Ең бастысы – халықты сақтау болмақ. Қазақтар көтеріліске шыққан жерлерде қазақ қызметкерлері бітімші болып, ірі оқиғаларға жол бермеуі керек. Себебі қан текке төгіледі.
Тәтімов екеуміз Нұрмақовқа қолдау білдірдік. Лекеров: «Қазақтар Ресейде босқа құриды, одан да оларды Өзбекстан мен Қырғызстанға қарай көшіру керек. Тектес халықтар емес пе, күнкөрістері жеңілдеу тиер. Ал Самараның мұжығы аш қазақ ұрлықпен айналысса, желкесінен түймей ме?» деді. Тәтімов Степнякта күн сайын жиырма-отыздан аштан өліп жатқан қазақтар қоқыстағы қалдықтарды теріп жүретіндігін, асханалардың жуынды төгетін жерлерінде тізіліп кезекте тұратындығын хабарлады.
Орынбаев Нұрмақов пен маған: «Мәскеуде отырсыңдар, үлкен адамдармен араласып жүрсіңдер, бірақ, солардың біреуін Қазақстандағы жағдайды барып көруге жіберуге шамаларың келмеуі қалай?» деген кінә тақты.
«Ауа көшу бағытын қалай жүзеге асырамыз?» деген сауал түсті. Елге барып өзіміз ұйымдастыру мүмкін болмағандықтан, екі жолды таңдадық. Біріншісі – аудандық қызметкерлер арқылы. Екіншісі – халық жиналып қалған стансалардан өтіп бара жатқанда қай-қайсымыз болсын жұртқа Ресейде нан арзан екен, солай қарай көшіңдер деп кеңес беруіміз қажет. Ол жаққа, әсіресе Семей, Петропавл, Қостанай, Орал губернияларының қазақтарын жіберу аса қиынға соқпайды.
Содан кейін отырысқа қатысушылар маған ОК аппаратында ұлты басқа нұсқаушылар арқылы Қазақстандағы жағдай туралы пікір туғызуды тапсырды. Нұрмақов бұған пессимистік тұрғыдан қарап, бізге бәрібір сенбейді деді. Мен бұл тапсырманы табандылықпен орындадым. Сольцтің Қазақстанға бару сапарына ОК мен Орталық бақылау комиссиясының аппаратында қалыптасқан қоғамдық пікір елеулі әсер етті.
Бір жолы, 1932 жылдың басында, Нұрмақовқа кеше Сәбит Мұқановты көргенімді, одан Шығыс Қазақстан облысында адам жеу оқиғалары болғандығын естігенімді, соған орай бұл факт туралы ОК-нің кадр бөлімінің меңгерушісі Ежовқа хабарлап, Кагановичтің атына Қазақстандағы жағдай, жаппай көшіп кетушілік, аштық, асыра сілтеу туралы баяндаған тілхат жазып тапсырғанымды айттым. Нұрмақов: «Бекер істеген екенсің, бұдан ештеңе де шықпайды», деп бір-ақ кесті. Лекеров мені қолдады. «ОК-ға дәл қазір жазу керек. Оған қоса, жергілікті жерлердегі аудандық қызметкерлер мен колхозшылардың, тұрғындардың атынан Сталин, Каганович, Молотовтардың атына арыз ұйымдастыру керек», деді. Сол жерде біреу Орджоникидзенің атына жазу керек деді. Тоғжанов па, әлде Өтекин бе, қайсысы екені есімде жоқ, Мәскеудегі қазақ студенттерінің көңіл күйлері жоқтығын, елдегі ата-аналарынан хат алып, кейбіреулері оқуларын тастап кетіп жатқандығын айтып, солардың атынан да арыз ұйымдастыру керек деді.
1932 жылғы қарашада Нұрмақовтың үйінде болып, жағдайды сұрағанымда, ол негізгі мақсат орындалды деуге болатынын, қазақтардың қазір Самарада ғана емес, Ленинградта да кездесетіндігін мәлім етті. Бірақ біздің адамдар орындарында қала алмауда. Белгілі Тоқжігітовті партиядан шығарып, түрмеге отырғызды деді (4-том, 23-36, 313-беттер).
1933 жылы көктемде менің Мәскеудегі үйіме соңғы рет қонақ шақырылып, сауда академиясында оқитын Әлкей Өтекиннің үйлену тойы болды. Тойға Нұрмақов, Рысқұлов, Құлымбетов, Исаев келді. Тойға қатысқан әрбір адам сөйледі. Бірінші болып Құлымбетовке сөз берілді. Ол: «Қазақстан жаңа жолға түсті, – деп мәлімдеді. – Ендігі міндет – бірігу. Қазір Қазақстандағы қазақтар және Қазақстаннан шеттегі қазақтар деп бөлінудің қажеті жоқ. Өйткені Қазақстанның жағдайы өте қиын. Сондықтан бұрынғы қазақ қызметкерлері Алматыға оралуға, білек біріктіре жұмыс істеуге, топшылдық және өзімшілдік пиғылдарды ысырып тастауға тиіс. Осындай ниет болса, елге оралу жөнінде қашан болсын келісуге болады». Оның сөзіне жұрт қостау білдірді.
Сосын Исаевқа сөз берілді. Ол Құлымбетовтің пікірін құптап: «Қазақстанның алдында тұрған қиыншылықтарды жеңу жолында бүкіл қазақтар бірігуі қажет. «Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дер, өспес елдің баласы бірін-бірі қатын дер». Әлі күнге біздің арамызда бір-бірімізді түсініспеушілік бар. Қазақ халқының кейбір кезеңдерін бағалауда жаңылысып жүрміз. Бірақ басты мәселе – Қазақстанның өткенінде емес, келешегінде екендігі бәрімізді де толғандыруға тиіс. Қытайды бірлігі болмағаны үшін ғана бәрі ренжітеді. Өйткені онда лидерлер көп, провинциялық сұмпайы топтар көп. Біз қытайлықтар емеспіз, бізге жекелеген сұмпайы топтарға бөлінудің қажеті жоқ. Асыра сілтеу, ауа көшу, ашаршылық біздің бәрімізді біріктіруге тиіс», деді. Жұрт оған қол соқты.
Содан кейін Рысқұлов сөйледі. Ол: «Исаев дұрыс айтады. Біз қытайлықтар емеспіз. Біздің халқымыз қытай емес. Біздің арамыздағы бүгінгі жақындасу алдағы ынтымақты жұмысымызға жол ашуға тиіс. Мен қазақ халқының игілігі үшін барлық күшті біріктіруді жан-тәніммен жақтаймын», деп мәлімдеп, Қазақстанда және Қазақстаннан тыс жерлерде жұмыс істейтін бүкіл қазақтардың бірлігі үшін тілек айтты.
Рысқұловтан кейін Нұрмақов сөйледі. «Бірігу туралы ой әр кезде менің идеям болды. Бірақ кейбір тұлғалардың кінәсінен кешігіп қалдық. Сол үшін күллі қазақ халқы шеккен зардап аз емес. Әйткенмен, ештен кеш жақсы. Ең алдымен, біз өзімізді күйзеліске ұшыраған қазақ халқының мұң-мүддесі біріктіретіндігін есте ұстауымыз шарт. Ал өзгесі – екінші кезектегі мәселе деп білемін», дей келіп: «Тек қана біздің қырсығымыздан зардап шеккен қазақ халқы үшін», деді (4-том, 37-40-беттер)», деп жазыпты Әбілқайыр Досов.
Ол революционер-большевик ретінде И.Сталиннің солақай саясатының сойылын соғысып, талай қателіктерге ұрынғаны анық. Мәселен, өзінің тергеу барысында көрсеткеніндей, БК(б)П орталық комитетіне ұсынылған байларды тәркілеу жобасының алғашқы авторы болғандығын мақтаныш еткен (4-том, 241-бет). Сондай-ақ өзі басқарған Оңтүстік Қазақстан облысында «халық жауларын» әшкерелеу науқанына білек сыбана кірісіп, обкомның екінші хатшысы Таганскийдің қарсылығына қарамастан, әсіресе қазақ қызметкерлерін жаппай қуғын-сүргінге салған. Оларды арашалауға тырысқан Таганскийдің өзін Мирзоянға айтып, орнынан алуға әрекеттенген екен (4-том, 290-291-беттер).
1938 жылғы 8 наурызда Алматы қаласында болған КСРО Жоғарғы соты әскери алқасының жабық сот мәжілісі Ә.Досовтың қылмыстық ісін небәрі он бес минут уақыт ішінде қарап бітірген. Ол соңғы сөзінде өзінің «халық жауы» Н.Нұрмақовтың қақпанына түсіп қалғанын айтқан, О.Исаевты контрреволюциялық ұйымның мүшесі деп есептейтіндігін мәлімдеген. Шамасы, «үндеместер»: «Исаевты көрсетсең, тірі қаласың...» деп азғырған болар. Ал Ә.Досов өзінің ату жазасына кесілетіндігін сот үкімі оқылғанда бір-ақ білген тәрізді. Үкім сол күні орындалған. Көп кешікпей, 31 мамырда О.Исаев тұтқынға алынған.
Осылайша, кеңес өкіметі өзіне жанын сала қызмет еткен қазақ большевиктерін де аяған жоқ. Әлде, оларды өздері қудалап, НКВД-ға ұстатып жіберген Алаш арыстарының қарғысы атты ма екен?.. Мәселен, Ә.Досов өз өмірбаянында жазғанындай, 1921 жылы Омбыдағы қазақ комитетін күшпен қуып таратып, оның белді мүшесі болған ақын М.Жұмабаевты тұтқындауға қатысқан екен. Ал Мағжан соның алдында оларды «Сендер қазақ халқын сатып кеттіңдер» деп айыптапты. Мұндай ауыр сөзді «Тұранға жер жүзінде жер жеткен бе? Түрікке адамзатта ел жеткен бе?» деп жырлап, түбі бір түркітілдес халықтардың қайта бірігуін армандап өткен түрікшіл ұлы ақын бекерден-бекер айтпаса керек.
Иә, Нығмет Нұрмақовтың айтқанындай, халқымызды қырғынға ұшыратқан алапат аштық та, одан кейінгі жаппай саяси қуғын-сүргін құрбаны болған зиялы азаматтарымыздың тым көптігі де қазақтың басы бірікпегендігінің салдары десек, қателеспеспіз.