Балалар • 31 Мамыр, 2024

Бала – басты байлығымыз

159 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Балалардың сапалы білім алу құқы сақталып отыр ма? Олардың білім ұйымдарында өмірі мен денсаулығын сақ­тау­да, сондай-ақ жақсы көңіл күйде жүруіне, дұрыс тәрбие алуына қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Елімізде балалар құқын қорғау қандай деңгейде? Осы және өзге де сұрақтарға Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстел сарапшылары жауап берді.

Бала – басты байлығымыз

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Жиында сөз алған Оқу-ағар­ту ми­нистр­­­­лігі Бала­­лардың құ­қы­н қорғау коми­­­те­тінің төрағасы Насымжан Оспанова:

«Алда келе жатқан Халық­ара­лық балаларды қорғау күні біздің, яғни ересектердің өске­лең ұрпақ алдындағы үлкен жауапкершілігін еске салады. Өйткені баланың ең маңызды құқығы – бақытты болу. Биыл еліміздегі Бала құқықтары ту­ра­лы конвенцияның қабыл­дан­ғанына 30 жыл толды. Осы уақыт ішінде еліміз балалардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын арттыруда үлкен жолдан өтті. Қазір еліміздегі балалар саны 6,8 млн-ды құрайды. Ресми болжамға қарасақ, 2027 жылға қарай бұл көрсеткіш 8 млн-ға ұлғаяды. Бүгінде мектептердегі орын тап­шылығы, үш ауысым және апат­ты жағдайдағы мектептер өзекті мәселеге айналып отыр. Оны шешу үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске асты. Жоба толық жүзеге асқан сәтте жоғарыда аталған мәселелер толық шешімін табады. Бұл шаралар балалардың сапалы білім алу құқығын қамтамасыз ету үшін қабылданған», деді Н.Оспанова.

Комитет басшысының айтуын­­­ша, мемлекеттің басым мін­деті – балаларды көшеде, үйде және мектепте қауіпті жағ­дай­лардан қорғау. Сондықтан балалар тәрбиеленетін, білім алатын ұйымдарда кешенді қауіп­сіздік шаралары жүзеге асы­рылып жатыр. Еліміздегі мемле­кеттік мектепке дейінгі білім ұйымдары бейне­ба­қылау жүйелерімен, лицен­зия­ланған күзетшілермен, дабыл түймелерімен 100 пайыз қамтылған. Министрлік үшін білім ұйымындағы қауіпсіз орта техникалық қауіпсіздік құралдарымен ғана шектеліп қоймай, баланың эмоционалдық әл-ауқатын да қамтиды. Осыған орай Оқу-ағарту министрлігі әзірлеген «Досболlike» антибул­линг­ бағдарламасы аппробациядан сәтті өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Ғылым және жоғары білім министр­лі­гімен бірлесіп, «Менің бауы­рым» волонтерлік жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба арқылы балалар дұрыс қарым-қатынас орнатуды және күрделі жағдайлардың шешімін табуға үйренеді.

«Министрлік тамақтанудың сапасын арттыру мақсатында бі­лім ұйымдарындағы бала­­лардың тамақтану стан­дарт­тарын қайта қа­ра­ды. Мониторинг топтары қыз­метінің тәртібі туралы заң­намалық нормалар бел­гіленді. Мектептерде тамақ­та­ну мәдениетін қалып­тастыруға ерекше көңіл бөлінеді. Былтырғы қыркүйектен барлық бастауыш сынып оқушысы мектептерде тегін тамақтанады. Балаларды зорлық-зомбылықтан, суицидтен қорғау және олардың құқы мен әл-ауқатын қам­та­масыз ету жөніндегі 2023–2025 жыл­­дарға арналған кешенді жос­­­пар іске асырылып келеді, оған балалық шақты қорғаудың маңызды бастамалары кірді. Аймақ­тық психологиялық қол­дау орталықтарын дамыту бо­йынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл балалардың кәсіби пси­хологиялық көмекке қол жет­­кізуін қамтамасыз етуге мүм­кін­дік береді. Бүгінде рес­пуб­ликада 14 психологиялық қол­­дау орталығы жұмыс істейді. Отбасы, әйелдер және бала­лар­дың құқын қорғау мәселелері бо­йын­ша «111» мемлекеттік бірыңғай сенім телефоны құ­рыл­ды. Осыған қоса, жақында қа­­былданған «Әйелдердің құ­қықтары мен балалардың қауіп­сіздігін қамтамасыз ету туралы» заңға сәйкес балаларға қатыс­ты зорлық-зомбылық үшін жауап­кершілік заңнамалық деңгейде күшейтілді», деді Н.Оспанова.

Дөңгелек үстел отырысын­да баяндама жасаған Оқу-ағарту министрлігі Тәрбие жұмысы және қосымша білім депар­та­мен­тінің директоры Меруерт Медетбекова қазіргі уақытта білім ұйымдарында жүзеге асырылып жатқан «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы туралы айтты. Спи­кердің сөзіне қарағанда, оқу ошақ­тары бағдарламалық білім берумен ғана шектелмей, тәрбие беруі қажет.

«Халықаралық балаларды қор­ғау күні – ертеңі қоғамның то­лыққанды қорғаушылары мен жасаушылары ретінде мем­ле­кеттің жас азаматтары үшін жарқын болашаққа де­­­­­ген үміт пен сенімнің символы. Білім ұйымдары ака­демиялық білім берумен ғана емес, болашақ ұрпақ бо­йы­­на жалпыадамзаттық құн­ды­лық­тар­ды сіңіріп, қоғамда өздерін сенімді, адал, әділ, қауіп­сіз сезінетін, жауапкершілігі мол, қоршаған ортаға құр­мет­пен қарайтын тұлға ретінде тәр­­­бие­­леу­ге тиіс. Осы бағытта 2023–2024 оқу жылының басынан бастап барлық білім ұйымына (балабақша, мектеп, колледждерге) арнап «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы оқу үде­­рі­сіне енгізілді. Аталған бағ­­­­дар­л­аманың мақсаты да – өске­лең ұрпақтың тәрбиесін кү­шейту. Аналитикалық тал­дау нәтижесінен байқап отыр­ғанымыздай, осы оқу жылында іске асырылған бағдар­лама айтарлықтай елеулі нәти­же­лер көрсетті. Сонымен қатар шығармашыл әр баланың шабытын оята отырып, оларға мықты қолдау көрсететін бірқатар жобаны атап кету керек. Мысалы, «Жеткіншектің жеті жарғысы», «Еңбегі адал жас өрен», «Өр та­лап­ты, озық ойлы ұлан», «Рес­пуб­ликам – мақтанышым», «Ән­шуақ», «Менің бауырым», «Экодизайн», «Балалар кітап­ха­насы», «Каникулда бірге кітап оқиық, басқа да жобалар іске асырылып отыр. Ата-ана­лардың қолдауымен «Ұлт­тық киім күнін» белгілеп, аталып өтетін болды, осыған қоса «Бұрымды қыз» челленджін ұйым­­дастыру да – ата-аналар мен балалардың бастамасы»,  деді М.Медетбекова.

Баяндамашының айтуынша, жазғы каникул – балалардың өмі­рі мен денсаулығының қауіп­сіздігі. Елімізде қазір 10743 бала­­лар демалысын ұйым­дастыру орталығы өз жұмысын бас­тап жатыр. Онда 14 мың бала жыл бойы сауықтыру орта­лық­тарында демалса, 320 мың бала маусымдық сауықтыру орталықтарында, 2,7 млн бала мектеп жанындағы, 275 мың бала шатырлы және киіз үйдегі демалыс орындарында каникулын өткізеді деп жоспарланған.

Еліміздегі БҰҰ балалар қоры (ЮНИСЕФ) өкілінің мін­­детін атқарушы Летисия Баззи-Вейл Қазақстандағы бала­лар құқын қорғау деңгейіне тоқ­талды.

«Қазақстан кейінгі үш он­жыл­­дық­та балалардың өмірі мен ден­саулығын сақтау­да айтар­лық­­тай жақсы көрсеткіш­тер­ге қол жеткізді. Мысалы, елде 5 жасқа дейінгі балалардың өлі­мі 5 есеге азайды, сонымен қатар 3–6 жастағы балалардың 90 пайызы балабақшамен қам­тыл­ған. Бәріміз білетіндей, баланы ерте жастан бастап дамыту оның болашақта барлық қабілетін ашуға мүмкіндік береді. Қазақстанда Әлеуметтік кодекстің қабылдануы, бала­лар­ға көмек беретін Ұлттық қордың құрылуы балалардың әлеуметтік жағынан қорғалуына, білім алуы­на кеңірек жағдай жасайды. ЮНИСЕФ 30 жылдан бері білім, денсаулық бағытындағы бағдарламалар арқылы балалар­дың құқын қорғауда Қазақ­стан­мен әріптестік орнат­қа­нына мақтанады. Қазақ­стан­дағы балалардың 25 пайызынан көбі семіздіктен және артық салмақтан зардап шегеді. Бұл көптеген созылмалы аурудың туу қаупін жоғарылатады. Біз Қазақстан Үкіметінің Ұлттық та­мақтану бағдарламасын іске қосқанына қуаныштымыз әрі ал­дағы уақытта балалардың дұрыс тамақтануын қамтамасыз етуге күш саламыз», деді Л.Баззи-Вейл.