Қоғам • 31 Мамыр, 2024

Еурохаттаманың ерекшелігі неде?

78 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап сақтандырудың міндетті сыныптары бойынша азаматтар сақтандыру төлемін алуға онлайн жүгінуге құқылы. Сақтандыру ұйымдары құрған цифрлық сервистер тұтынушыға сақтандыру ұйымының кеңсесіне баруға уақыт жұмсамай, құжаттардың ең аз топтамасын ұсына отырып, өзі көрсеткен банктік шотқа сақтандыру төлемін қашықтан алуға мүмкіндік береді.

Еурохаттаманың ерекшелігі неде?

Фото: dknews.kz

Сақтандыру полисін ресімдеу үшін қажетті негізгі деректер Бірыңғай сақ­тан­дыру дерекқорының түрлі мем­ле­кет­тік дерекқорлармен ықпалдасуы есебінен автоматты түрде толтырылады. Соны­мен қатар биылдан бастап міндетті авто­сақтандыру бойынша ұсақ жол-кө­лік оқиғаларын (ЖКО) жол полициясын шақырмай және сотқа жүгінбей-ақ онлайн ресімдеуге болады. Мұндай оңайлатылған тәртіп Еурохаттама деп аталады.

Еурохаттама залал мөлшері 100 АЕК-тен (шамамен 370 мың теңге) аспаған және ЖКО қатысушыларында апатқа кім кінәлі, кімнің зардап шеккені туралы өзара келіспеушіліктер болмаған кезде ресімделеді. Осы уақытқа дейін мұндай жағдайларда ЖКО қатысушылары жол полициясын шақырмай және сақ­тан­ды­ру төлеміне жүгінбей, оқиға орнында уағ­даласқан. Келтірілген залалды апатқа кінәлі адам дербес өтеген.

Қазір Еурохаттаманы ресімдеу үшін ЖКО-ға қатысушылардың екеуіне де смартфондарға мобильді қосымшаны жүктеу, идентификаттаудан өту, декларация толтыру, апат орнынан фотосуреттер мен бейнетүсірілім жасау қажет, содан кейін өтініш автоматты түрде сақтандыру ұйымына жіберіледі. Осыдан кейін ғана апат орнынан кетуге болады. Жол полициясын шақырудың және сотқа жүгінудің қажеті жоқ.

Мұндай хаттаманы ресімдеу үшін Еурохаттаманың мобильді қосымшасын пайдалану керек. Алайда бұл жалғыз нұсқа емес. Жекелеген сақтандыру ұйым­дары өздерінің цифрлық сер­вистерін әзірледі. Еурохаттаманы ре­сімдеу үшін оларды да пайдалануға болады.

Мәселен, «Freedom Insurance» АҚ-да – «DTP.kz» сервисі, «Халық» СК» АҚ-да – «Halyk» қосымшасы, «Номад Иншуранс» СК» АҚ-да – «Nomad.kz» қосым­шасы бар. Кей сақтандыру ұйым­да­ры Еурохаттаманы өздерінің ресми интернет-ресурстарында («Basel» СК» АҚ, «Мұнай сақтандыру компаниясы» АҚ) ресім­деу мүмкіндігін ұсынады.