Қоғам • 31 Мамыр, 2024

«Самұрық-Қазына» қорының шетелдік серіктестері көмек қолын созды

58 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Самұрық-Қазына» АҚ портфельдік компа­ния­ларының шетелдік серіктестері Қазақстандағы су тасқынына қарсы күреске қаражат бөлді.

«Самұрық-Қазына» қорының шетелдік серіктестері көмек қолын созды

Биылғы көктем елімізге оңай соқпады. Байтақ еліміздің әр өңі­рі қиын қыстау кезеңді бастан өтке­ріп, тілсіз жау – тасқыннан зардап шекті. Қиындық біріккенде ең­се­рі­летіні мәлім. Бұл орайда елде бол­ған табиғи апаттың салдарын жою жұмыстарынан қор да қалыс қал­мады. Атап айтқанда, қорға қарасты портфельдік компаниялар мен олардың шетелдік серіктестері көмек ретінде арнайы қаражат бөлді және бұл игі істі әлі де жалғастырып жатыр.

Осыған дейін қор және компаниялар тобы атынан 15 млрд теңге қаражат бөлінген болатын. Сондай-ақ қордың корпоративтік орталығы, «ҚазМұнайГаз», «Қаз­атом­пром», «Қазақстан темір жолы», «QazaqGaz», «KEGOC», «Эйр Астана», «Самұрық-Энерго» секілді өзге де портфельдік компаниялар гуманитарлық көмектер жөнелтіп, күрделі жағдайға тап болған өңірлерге арнайы техникалар бөлді. Ал азаматтарды қауіп­сіз ай­мақтарға көшіру үшін арнайы әуе тарифтері ен­гі­зілді. Қор қыз­мет­кер­лері қор­ғаныс бөгеттерін нығайту, инфрақұрылымдарды қай­та жөндеу жұмыстарына жұ­мыл­­ды­рылды. Бұл жұмыстар су қаупі сейілмеген аймақтарда әлі де жал­ғасып жатыр.

а

Қазіргі кезде көмек көрсету­шілердің қатарынан «Самұрық-Қазына» АҚ шетелдік әріптес­терін көруге болады. Атап айт­қанда, әлем­дегі ең ірі уран өн­діру­шілердің бірі канадалық «Cameco» компаниясы – 150 млн теңге, жапондық «Marubeni» сауда компаниясы – 14,1 млн теңге және қытайлық «CGN» атом компания­сы 221 млн теңге көлемінде «Samruk-Kazyna Trust» қайы­рымдылық қорына қара­жат аударды. Аталған кәсіп­орын­дар – «Қаз­атомөнеркәсіп» АҚ ше­тел­дік серіктестері.

«Қаз­атомөнеркәсіптің» өзге де бірқатар ірі шетелдік серіктестері алапат тасқынның салдарын жою үшін қаражат бөлуді жоспарлап отыр. Олардың қатарында «Катко» қазақстандық-француздық бірлескен кәсіпорны, Ресейдің атом энергиясы жө­ніндегі мем­лекеттік «Росатом» корпорациясы, Францияның «Orano» атом компаниясы, Қытайдың «CGN» атом компаниясы және жапондық «Sumitomo» секілді ірі компаниялар бар.

Сондай-ақ мұнай-газ сала­сын­дағы ұлттық оператор – «Қаз­мұнайгаз» АҚ-ның серіктесі румындық «Rompetrol» компаниясы да зардап шеккен жер­лестерімізге қолдау көрсету үшін 45 млн теңге аударды.

Қазіргі кезде қордың шетелдік серіктестері де еліміздегі жағдайға бай­ланысты барынша қолдау көр­сетуге ниет білдіріп отыр.

Жиналған қаражат қордың Бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» арқылы көктемгі қарғын судан зақымданған инфрақұрылымды қалпына келтіру және тұр­ғындардың жағдайын оңалту жұмыстарына жұмсалатын болады.