Өндіріс • 31 Мамыр, 2024

«Соль артельден» басталған соқпақ

119 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сыр бойындағы өндіріс орындарының басында тарихымен де, табысымен де «Аралтұз» кәсіпорны тұр. Келер жылы көл түбіндегі шөгіндіні қажетке жаратудан басталған кәсіпке тура 100 жыл толады. Еліміздегі ең ірі Жақсықылыш тұз кенін игергендер кеңес заманы кезінде жылына 650 мың тоннаға дейін өнім шығарыпты. Қазір оның көлемі артып, «Аралтұз» өнімі әлемнің біраз еліне экспортқа шығарылып отыр.

«Соль артельден» басталған соқпақ

Жақсықылыштың жақсылығы

Тарихи деректер осы маңдағы тұз көлдерді игеру 1913 жылдардан бастау алғанын көрсетеді. Бірақ оны жаппай өндірістік мақсатта пайдалану 1925 жылы «Соль артель» мекемесі құрылғаннан басталыпты. Сол жылдары қолмен қазылып, түйемен тасылған тұз көлі қорының ғасырларға жететін қазына екенін ешкім де болжамаған болар. Алғашқыда балық шаруашылығына қосымша кәсіп ретінде басталған тұз өндірісі жыл өткен сайын қанатын кеңге жайып, 1960 жылы иодталған ас тұзы шығарыла бастады.

Осы жылы кәсіпорын атауы «Аралсоль» болып өзгеріпті. Араға 10 жыл салып, одақтағы тұз өнеркәсібінің көш­бас­шысына айналған кәсіпорын өз тарихында тамақ өнеркəсібі саласындағы ауыспалы Қызыл туды бірнеше мəрте жеңіп алған.

Одақ ыдырағаннан кейін комбинат жекеге өтіп, өндірісті басқару мен өнімді жоспарлау нарықтық экономика талаптарына ыңғайланды. Ас тұзын халықаралық стандарттарға сай келетін полиэтилен пакеттермен қаптау үшін жаңа желілер орнатылды. Бірақ өнімін одақтың әр түкпіріне жіберетін өндірісте іркіліс пайда бола бастағаны байқалатын еді. Осының салдарынан өнім өндіру күрт қысқарып, оның көлемі 100 мың тоннаға дейін азайып кетті. Бұл сол кездегі барлық кәсіпорынның басындағы жағдай болатын.

«Аралсоль» 1994 жылы «Аралтұз» акционерлік қоғамы болып қайта құрылып, іргелі өндірісті жаңа заман талаптарына бейімдеуге қадам жасалды. 2000 жылдардан бастап өндірісте қайта құру жұмыстары басталып, тұзды екінші мәрте байыту технологиясы енгізілді. Бұл тұзды йодтау, жуу, кептіру жұмыстарын заманауи тәсілдер арқылы жүргізуге жол ашты.

Бүгінде комбинатта 1 200 адам тұрақты жұмыс істейді. Олардың дені – тұз кенін дәстүрлі өндіріске айнал­дырған Жақсықылыш кентінің тұрғын­дары. Бұл мекеннің инженерлік, әлеуметтік инфрақұрылымын жетіл­діруге «Аралтұз» акционерлік қоғамы қосқан үлес те аз емес. Кәсіптің қыр-сырын жете меңгерген жұмысшы еңбегі­нің нәтижесінде көптеген республи­калық және халықаралық көрмелерде «Аралтұз» АҚ өнімі жоғары бағаға ие болып, марапат төрінен көрініп келеді.

 

Инвестор әкелген игілік

Осыдан 12 жыл бұрын өндірісті жаңа инвестор қолға алып, әуелі ком­пания­ның дамуы мен алдағы жос­парларды жүйелеген жаңа стратегия қабылданды. 2021 жылы акционерлік қоғам стратегиялық жоспарға сәйкес №5 цехқа өз қаражаты есебінен испан өндірісінің заманауи қондырғыларын орнатып, сол жылы қазан айында зауыт алғашқы өнімін шығара бастады. Кәсіпорында ас тұзын өндіру 5 мың тоннаға дейін артты. Сонымен қатар тұз қалталау цехына Ресейден 5 жаңа автомат алынып, өндіріске енгізілді. Қосымша тағы жүздеген жұмыс орны ашылды.

Осы күні тұз кенінде скрепер, тракторлы жүк тиегіш, бульдозер, тұз сорғыш, фрезерлі комбайндар тұрақты жұмыс істеп тұр. 2013 – 2014 жылдары осындай ауқымды жұмыстарға 1 миллиард теңге шамасында қаржы жұмсалыпты. Осының арқасында өндіріс іркілістен сілкініске көшіп, бүгінде өнімнің 16 түрін ұсынып отыр. Қазір «Аралтұз» серіктестігі жылына  800 мың тонна ас тұзын өндіреді. Бұл ТМД-дағы ас және техникалық тұз өндірудегі жетекші компанияның жоғары өндірістік қуатын және Қазақстанмен қатар шет мемлекеттерді тұзбен қамтамасыз етуге қосқан қомақты үлесті көрсетеді.

 

Арал тұзы әлемге тарайды

Осыдан 10 жыл бұрын «Аралтұз» АҚ  59 206 тонна тұз экспорттапты. Арада үш жыл өткенде сыртқа шығарылатын өнім көлемі 223 606 тоннаға жеткен. Ал 2018 жылы Арал тұзына деген сұраныс 260 000 тон­наға дейін ұлғайды. Осы жылы кәсіпорын Ресей аумағындағы ас тұзы нарығының 15 пайызын иелен­ді. Кəсіпорын өнімінің 85 пайызы Қыр­ғыз Республикасы, Грузия, Əзербайжан елдеріне де жеткізіліп отыр. Алдағы уақытта Еуропалық одақ елдеріне, Қытай Халық Республикасына, Біріккен Араб Әмірліктері мен Сауд Арабиясына экспорттауды қолға алмақшы.

Кәсіпорын алдындағы негізгі стратегиялық мақсат – сапаны жақ­сартып, нарыққа сай инновациялық өнім шығару. Осы бағыттағы бастамалар «Аралтұзды» ішкі және сыртқы нарықтан лайықты орын алған кен өндіруші компания атандырды. 

Биыл кәсіпорын Еуропалық қайта құру және даму банкінен (ЕҚДБ) 5,5 млрд теңге несие алуға қолжеткізіп отыр. Бұл жоғары сапалы «Экстра» тұзын өндіру үшін буландыру зауытын салуға мүмкіндік береді. Әрі бұл несиелік қолдау компанияға экспорт құрылымын әртараптандырып, Еуропа, Таяу Шығыс пен Қытайда өз қызметін кеңейте түсуге сеп болмақ.

Банк пен кәсіпорын арасындағы кредиттік келісім шеңберінде ЕҚДБ, облыс әкімдігі мен «Аралтұз» АҚ арасында ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойылды. Бұл тараптар арасындағы әріптестік қатынастарды нығайтуға, өңірде жаңа әлеуметтік және экологиялық стандарттарды енгізіп, Арал ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына дем береді.

 

Қызылорда облысы,

Арал ауданы