Сауда • 31 Мамыр, 2024

Ауқымы кең жоба

116 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Таяуда Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бастаған отандық бизнес-делегация Қытайдың Цзянсу провинциясының Нанкин қаласына барып, «Цзянсу – Орталық Азия» сауда орталығы алаңында болды. Онда «SOHO Holdings Group» компаниясымен бірлескен ауқымды жобаны жүзеге асыру жайы талқыланды.

Ауқымы кең жоба

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «ЕQ»

Биыл наурыз айында Қазақстан мен Қытай «Цзянсу – Орталық Азия» көпфунк­ционалды орталығын құру туралы келісімге келген еді. Экспортты қолдау бойынша «QazTrade» ұлттық операторы мен «Jiangsu SOHO Holdings Group Co Ltd» халықаралық компаниялар тобы тиісті құжатқа қол қойған. Тараптар Қытайдың Цзянсу провинциясында сауда орталығын ашып, сауда сөрелерінде біздің өнімдерді сатылымға шығаруға шешім қабылдаған болатын.

Цзянсуға сапары барысында Арман Шаққалиев компания өкілдерімен бірқатар кездесу өткізіп, Қазақстан мен Ор­талық Азия елдері үшін салын­ған сауда павильонын аралады.

«SOHO Holdings Group» өкілінің айтуынша, жоба аясында Нанкин қаласының дамы­ған ауданында 11 ғима­рат салу жоспары бар. Бұл нысан­дардың барлығы бизнес­тің жаңа түрлерін, соның ішінде трансшекаралық нысан­­дар­ды орналастыруға арнал­ған. Қазақ­стандық және Орталық Азия мем­лекеттерінің өнім өндіру­шілері үшін төрт қабат­ты бөлек павильон қарас­тырылған.

«Қытай – біздің страте­гиялық сауда серіктесіміз. Қазақстанмен екіжақты сау­да айналымында жетекші орын алады. Мемлекет басшысы Қытаймен өзара сауданы 100 миллиард долларға жеткізу міндетін қойды. «Цзянсу – Орталық Азия» жобасын жүзеге асыру отан­дық өндіру­шілердің Қытай нары­ғы­на шығуына ықпал етіп, екі ел арасындағы сауда-экономикалық қа­рым-қа­ты­настың кеңеюіне серпін береді», дейді Арман Шаққалиев.

Министр сауда павильоны­ның аумағы 2 мың шаршы метрді құрайтынын, оның басым бөлігі еліміздің тауарлар көрмесіне бөлінетінін атап өтті. Жоба әзірлеушілердің айтуынша, сауда кешенінің бірінші қабатында қытайлық келушілер үшін Қазақстанның мәдениеті мен ерекшеліктері туралы таныстыру алаңы орналасады. Екінші қабатта әртүрлі санаттағы отандық тауарды көрсету ұсынылады. Оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдері, өнеркәсіп тауарлары мен басқа да тауарлар болады. Қалған қабаттарда біздегі компаниялардың кеңселері орналасады.

Қытайлық серіктестер­дің айтуынша, Нанкиндегі «Орталық Азия – Цзянсу» сауда орталығының ресми ашылуы қыркүйек айына жоспарлан­ған. Осыған орай Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев еліміздің тауар үлгілерін Қытайдың Цзянсу провинциясына жөнелтуде жедел дайындықты бастау қажеттігін ескертті.

Осындай көпфункционал­ды орталықты елімізде де салу жос­парда бар. Орталық қытай­лық және отандық тауар­лар витринасының рөлін атқарып қана қоймайды, онда бизнес өкілдері халықаралық серік­тестермен келісімшартқа отыра­ды, іскерлік келіссөз жүр­гізеді, қаржылық және кеңес беру қызметтерін алады, сауда операцияларын рәсімдейді.