Кеше Үкімет үйінде Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Екібастұз ГРЭС-1, ГРЭС-2 және «Алматы электр стансасы» АҚ сияқты ірі электр стансаларының электр энергиясын өндіруге шекті тарифтер аясында инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Кеңес жұмысына орталық мемлекеттік органдар, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ және энергия өндіретін кәсіпорындар басшылары қатысты.
Шекті тарифтер пайдаланылған соңғы 5 жылда электр энергетикасына инвестиция көлемі 5 есе артып, барлығы 700 млрд. теңгеге жуық қаражатты құрады. Бұл жұмыс істеп жатқан жалпы қуаттылығы 5000 МВт электр стансаларын жаңғыртып, тағы 1700 МВт электр қуаттылығын іске қосуға мүмкіндік берді. 2015 жылдың соңына дейін қосымша 3300 МВт қуаттылық пайдалануға беріледі.
Кеңес шеңберінде Бақытжан Сағынтаев инвестициялық бағдарламалар аясында өткізілетін ресурстарды қалпына келтіру және кәсіпорындардың қуаттылықтарын дамыту бойынша нақты жобаларды жүзеге асыру барысы туралы электр стансалары басшыларының есептерін тыңдады, сондай-ақ, оларды уақтылы және сапалы орындау бойынша бірқатар тапсырмалар берді.