25 Сәуір, 2015

Көмек пен қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда

335 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
тасқын Бірлік бар жерде тірлік бар дейді. Бұл сөздің негізі біздің еліміздің халық­тарына қаратылып айтылса керек. Өзара сенім мен бауырластық және адами ізгі қасиеттердің нышаны қазір айқын аңғарылуда. Себебі, бүкіл қа­зақстандықтардың бір-біріне деген осы достығы мен мейірімділігінің арқасында ғана су басқан аймақтарға көмек қолын созу сындарлы түсіністікке ұласты. Атырау, Қостанай, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және т.б. облыстардан су алған аймақтардағы қиналған жандардың жағдайына сәл де болса қолдау болсын деген халықтық көмектің маңызы артуда. Міне, бұл орайда бір байқағанымыз, уақытша қиыншылыққа қарсы тұрудағы шыдамдылыққа ұйыстырған басты жауапкершілік сыналар сәттегі істер барысы қандай дәрежеде екендігі енді анық көрініп жатыр. Соның бірқатарын кеше Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов та айтып берді. Оның ақ қағазға тізілген баяндама мәтініне қарағанда, су тасқынына қарсы шараларды қамту қалыптағыдай қарқынды жалғасып жатқан көрінеді. Осындай жұмыстардың арқасында бүгінде еріген қар суын сору және бұру арқасында 2 288 үйден су шығарылған. 16 200 эвакуацияланған адамдардың 14 631-і өз үйлеріне оралды. Эвакуациялау пункттеріне 499 адам орналастырылғанымен, әлі де 1070 адам туысқандарында қалды, дейді өкіл. Ақмола облысында су айдындары жай-күйіне үздіксіз мониторинг жүргізілуде. Құтқару құралымдарының күштері мен құралдары жоғары әзірлік режімінде тұр. Целиноград ауданының Ағанас ауылында адамдарды өткізу мен азық-түлікті тасымалдау ұйымдастырылды. Жол төсемін қалпына келтіру жұмыстары басталды. Ақмола облысының құтқарушылары тәулік бойы кезекшілік атқаруда. Талапкер ауылында еріген қар суын сору жұмыстары жалғасуда, ауылдан барлығы 3 980 текше метр сорылды. Оразақ ауылында тұрғын үйлердің маңына бөгет үю және инертті материалдар төсеу жұмысы жүргізілуде. Қосымша 275 тонна инертті материал әкелінген. Инертті материалдар салынған қаптарды дайындау жұмыстары да жүргізілуде, барлығы 2 170 қап дайындалып қойылыпты. Осы жұмыстарға құтқару бөлімшелерінен, Ұлттық ұланнан, жергілікті атқарушы органдар мен басқа да тартылған ұйымдардан 116 адам атсалысып, 11 бірлік техника және 2 қайық қатыстырылды. Қараөткел ауылындағы тұрғын үйлердің маңына бөгет үю және қоршау жұмыстары жалғасуда. Жұмыстарды жүргізу үшін 4 460 тонна инертті материал әкелінген. Қорғалжын ауданының Кеңбидайық ауылының 12 тұрғыны алдын ала жергілікті мектептің ғимаратына эвакуацияланды. Онда бөгенді бекіту жұмысы жүргізілуде. Қазіргі уақытта оның 350 м. тұсы бекітілді, инертті материал салынған 1000 қап төселді. Жұмыстарға құтқару бөлімшелерінен, жергілікті атқарушы органдардан және басқа да тартылған ұйымдардан 135 адам, 6 бірлік техника және 2 қайық тартылды. Ақмола облысы автомобиль жолдарының 5 учаскесінде еріген қар суы ағып жатыр. Зақымдалған учаскелерге апаратын жолдарда ескерту белгілері қойылған. Су ағып жатқан жол бойының жүруге болатын шеттерінде дабыл белгісі бар бағандар орнатылған. Қарағанды облысында тәулік бойы патрульдеу және су деңгейін бақылау тоқтатылған жоқ. Мұндағы облыстық ТЖД жедел-құтқару жасағының құтқарушылары Қарой ауылына қайықпен адамдарды апарып, әкеліп және оларға гуманитарлық көмек жеткізуді жалғастыруда. Ақтоғай ауданы Қарасу ауы­лында су деңгейінің төмендеуі байқалды. Киевка-Жараспай автожолы арқылы еріген қар суының өтуі тоқтады. Қазір жол төсемдерін қалпына келтіру бойынша жұмыс жүргізілуде. Алайда, Киевка кенті мен Қарой ауылы арасындағы көпір су өтуіне байланысты жабылды. Шығыс Қазақстан облысында Бесқарағай ауданы Глуховка ауылында су сору және тұрғын үйлерден еріген қар суын бұру жұмыстары жалғасуда. Онда ІІМ бөлімшелері мен жергілікті атқарушы органдардан 45 адам шығып, 8 бірлік техника жұмыс істеуде. Аягөз және Жарма аудандарының автожолдарында қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Павлодар облысында автожолдардың зақымдалған учаскелерін қалпына келтіру бойынша жұмыстар жалғасуда. Солтүстік Қазақстан облысында Есіл ауданы Корнеевка ауылында құтқару бөлімшелерінің күштерімен тасқынға қарсы іс-шаралар жалғастырылуда. Шал ақын, сондай-ақ Тайынша, Тимирязев, Қызылжар аудандары автожолдарының 4 учаскесінде еріген қар суының ағуы тоқтамай тұр. Дегенмен, бүгінгі күні республика бо­йынша автомобиль жолдарының бүлінген 172 учаскесінің 122-сі қалпына келтірілді. 23 138 метр уақытша бөгендер тұрғызылды, 484 878 текше метр еріген қар суы сорылды, 97 217 инертті материалдар салынған қап төселді. Жоғарыда айтқанымыздай, қиындыққа тап болған жандарға еліміздің әр түкпірінен гу­ма­нитарлық көмек жеткізу жалғасып жатыр. Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан».