Елбасы, еліміз Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Жеңіске құрмет» атты әскери-патриоттық акция-марафон өткен жылдың 30 желтоқсанынан бері жүріп келеді. Акция аясында өңірлерде орналасқан әскери бөлімдерге «Жеңістің жалауын» тапсыру эстафетасы өтті. Аталған акция күні кеше аяқталып, «Жеңіс жалауы» Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас Ұлан» республикалық мектебінің ұландарына тапсырылды.
Ең алдымен Шығыс әскери округінен бастау алған акция одан кейін Қарағанды, Семей қалалары мен Жамбыл облысының, сондай-ақ, Қапшағай, Ақтау, Алматы қалаларының әскери гарнизондарында өткізілді. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы құрметіне орай ұйымдастырылған шараның мақсаты батырларымыздың ерен ерлігін жас ұрпақтың бойына сіңіру болып табылады.
Акция барысында Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров осыдан жетпіс жыл бұрын дүниежүзіне фашизмнен төнген қауіпке төтеп бере білген адамзат осылайша өмір сүру құқығының бар екендігін дәлелдеді, деген лебізін жеткізді. Бұл тұста, ол Ұлы Жеңіске ардагерлердің батырлығы, ерлігі мен қажырлылығының арқасында қол жеткендігін қоса айтып өтті. «Еліміз Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев соғыстың бірде-бір куәгері қалмайтын күндер болатындығын, сол себепті, олардың ұрпақтарына дейін аса құрметтеу керек екендігін айтып келеді», деді тағы да өз сөзінде Т.Мұхтаров.
Салтанатты акцияға сұм соғысты көзімен көрген ардагерлер шақырылып, олар жүрекжарды сөздерімен бөлісті. 1940 жылы әскер қатарына шақырылып, Мәскеу, Смоленск, Кенигсберг, Берлин қалаларын басқыншы жаудан азат етуге қатысқан, қазіргі таңда Астана қаласының құрметті азаматы Абдурахман Сафаров ақсақал сөз сөйледі.
– Мен Мәскеуде Алматыдан барған Панфиловшылар дивизиясының екінші қорғанысында тұрдым. Сол дивизияның қаһармандығы сіздерге, жас ұландарға үлгі болсын! Қажет болса, елді ерлікпен қорғай біліңдер! Отанға абыройлы қызмет етіңдер, – деді Ұлы Отан соғысының ардагері.
Одан кейін «Жеңіс жалаушасын» «Жас Ұлан» республикалық мектебінің 11 сынып оқушысы, 2012 жылғы республикалық интеллектуалдық олимпиаданың жеңімпазы, жүзуден спорт шебері және бірнеше әскери парадтың қатысушысы Ақтөре Естаев қабылдап алды.
Еліміздің Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы Мұрат Майкеев:
– Бүгін Ұлы Отан соғысының жеңісіне арналған акцияны мақтанышпен аяқтаймыз. Жастар тарихты білуі керек. Қазақстаннан Ұлы Отан соғысына 12 атқыштар дивизиясы, 4 кавалерия дивизиясы, 7 бригада, 50 жеке полк батальондары қатысты. Осындай батырларымызды келешек ұрпаққа үлгі ету үшін Елбасы, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен барлық гарнизондарда «Жеңіске құрмет» акция-марафонын ұйымдастырдық. Қазақстанның барлық өңірінде жалғасын тапқан бұл шараның жастарды патриоттық бағытта тәрбиелеуде маңызы зор, – деді.
Эльмира МӘТІБАЕВА,
«Егемен Қазақстан».
АСТАНА.