Жарыс жолында қалған үш боксшының жолына қазіргі кезде үлкен үмітпен қарап отырған жайымыз бар. 50 кг салмақ дәрежесіндегі Назым Қызайбай тұсаукесер кездесуінде жастар арасындағы Еуропа біріншілігінің (U-22) екі мәрте қола жүлдегері, словакиялық Николь Дурикованы айқын басымдықпен жеңсе, кеше 1/16 финалда оңтүстіккореялық Джухюнг Джунмен шеберлік байқасты. Бұл жекпе-жекте де барлық төреші тарапынан Назымның мықтылығы бірауыздан мойындалды.
Үш бірдей қарсыласы – филиппиндік Кристиан Лауренте, түркиялық Мизан Айкөл және италиялық Джанлуиджи Маланганы еш күмәнсіз ұтқан 63,5 кг салмақтағы Мұхамедсабыр Базарбайұлы ширек финалда Эрисланди Альвареспен айқасты. Кубаның қабыланы былтыр Ташкентте өткен әлем чемпионатының ақтық сынына алқынбай жетті. Шешуші тұста франциялық София Умиядан ұтылып, күміс медальды иеленді. Ол – басқа да аса ірі халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырына көтерілген әккі боксшы.
Базарбайұлы мен Альварес арасындағы жекпе-жек өте тартысты өтті. Бәсекенің басынан аяғына дейін екеуі де қарқынын бір бәсеңдеткен жоқ. Бір қарағанда, біздің жігіт басым болғандай көрінді. Көбіне-көп шабуылдаған – Мұхамедсабыр. Бәсеке барысында ол кубалықты нокдаунға да жіберді, қабағын да жарды. Бірақ төрешілердің бүйрегі Альвареске бұрғаны анық байқалды. Рингтегі қазы қазақ боксшысына қайта-қайта ескерту жасап, оны әбден тығырыққа тіреді. Қапталдағы төрешілер де қалыспады. Олар да Бостандық аралы өкіліне көп ұпай беріп, қандасымыздың еңбегін елемеді. Нәтижесінде, Эрисланди Альварес жартылай финалға өтті. Ал Мұхамедсабыр Базарбайұлы енді қосымша жолдама үшін таласады.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін 60 кг салмақта күш сынасқан Римма Волосенко тұсаукесер кездесуінде германиялық Фелиситас Мария Ганглбауерден басым түскенімен, екінші айналымда Римма үндістандық Анкушита Бородан айласын асыра алмады. 54 кг салмақтағы Ұлжан Сәрсенбек Шэра Мэй Патрисиомен жұдырықтасты. Ұлжанның ұлттық құрама командасының жейдесін кигені кеше ғана. Тәжірибенің аздығы сын сағатта сыр берді. Ол өз қарсыласынан ұпай санымен ұтылды. 66 кг салмақтағы Наталья Богданова сербиялық Кристина Кулухованың осал тұсын таба алмады. Ал 75 кг салмақ дәрежесінде сайысқа түскен әлем чемпионы Валентина Хальзова Еуропа чемпионы, украиналық Каролина Махноны ұтты.
Тағы бір айта кетерлік жайт, Бангкокта Қазақстанның жанкүйерлеріне есімдері етене таныс тағы екі былғары қолғап шебері бақ сынап жатыр. Біріншісі – Азат Махметов (51 кг). Атбасар бокс мектебінің түлегі кезінде жастар арасындағы Қазақстан біріншілігінде дара шығып, ел чемпионатының күміс жүлдегері және Ислам ынтымақтастығы ойындарының жеңімпазы атанды. Кейіннен Бахрейнге қоныс аударып, кейінгі жылдары сол елдің намысын қорғап жүр. Екіншісі – Владислава Кухта (57 кг). Қостанайдың тумасы Қазақстан чемпионатын үш рет ұтып, бірқатар халықаралық турнирде топ жарды. Былтыр ол Мажарстан азаматтығын алды. Өкінішке қарай, Азат алғашқы айналымнан аса алмады. Ал Владислава әзірге сәтті өнер көрсетіп жатыр.
Сондай-ақ Қытай мен Моңғолияның туы астында күш сынасып жүрген қазақ боксшылары Данабек Байғазы мен Бекнұр Халиге де жанкүйер боламыз. Аса ауыр салмақта жұдырықтасып жүрген қос қандасымыз бастапқы бәсекелерінде жеңіске жетті.