Аймақтар • 01 Маусым, 2024

Демеушілер қолдауымен салынған спорт нысаны

36 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жетісуда елімізде бұ­рын-соңды болмаған ерек­ше спорт нысандары ашыл­­мақ. Мұның бірі – «Жетісу» кәсіби волей­бол клубына арнал­ған жат­тығу базасы. Құры­лысы былтыр басталған орталықтың жұмысы аяқ­талуға жақын. Жер­гілікті ақжолтай азамат­тардың қолдауымен жанынан спортшыларға ар­налған тұрғын үй де бой көтереді. Оған қоса үстел теннисі орталығы да іске қосылады.

Демеушілер қолдауымен салынған спорт нысаны

Суреттерді түсірген – Жеңіс Ысқабай

Талдықорғанда ерекше үл­гі­дегі «Жетісу» кәсіби во­лей­бол клубына арналған жат­тығу базасы жыл соңында пай­далануға беріледі. Оның жа­нынан бой көтерген спортшы­лар баспанасы да бітуге жақын. Демеушілер қаражаты есебі­нен клуб спортшыларына бар жағдай жасалын­бақ. Оның үс­тіне сол атымтай жомарт азаматтар халықаралық талаптар мен стандарттарға сай келетін үстел теннисі орталығын да ел игілігіне ұсынбақ ниетте. Құ­рылыс жұмыстарын көзбен көр­ген облыс әкімі Бейбіт Исабаев ­қос нысанның халыққа қызмет ете­­ріне сенім білдірді.

Әуелі өңір басшысы жатты­ғу базасына барды, онда жақын күндерде «Жетісу» КВК ерлер мен әйелдер командаларының негізгі құрамы, сондай-ақ жас­тар құрамы жаттығады. Бір ерекшелігі, бұл спорттық жат­тығу базасының ел ішінде баламасы жоқ. Онда әйелдер мен ерлер құрамының жаттығуына арнал­ған екі бөлек зал бар. Сон­дай-ақ спортзалы, қажетті әкім­шілік және санитарлық-тұрмыстық үй-жайлар, меди­цина­лық, массаж бөлмелері бар.

а

Б.Исабаев мердігер ұйым­­ның өкілдерімен, «Жетісу» КВК директорымен бірге нысанды жайлас­тыру, спорттық жабдықтарды орналастыру, іргелес аумақты абаттандыру мәселелерін талқылап, сондай-ақ клубты дамыту жос­парлары туралы пікір алмасты. Сонымен қатар спортты коммер­цияландыру, тиісінше клуб жү­йесіне кезең-кезеңімен көшу жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Қабылданған шаралар мен демеушілік қолдаудың арқа­сында біздің «Жетісу» кәсіби волейбол клубында жаттығу өткізуге арналған жеке спорттық база мен клубтың волейболшыларына арналған тұрғын үй салынып жатыр. Келесі жылы волейболға бейімделген мектеп ашуды жос­парлап отырмыз. Жалпы, білім беретін мектептерден волейболға таланты бар балалар іріктеледі. Бұл мектепте олар волейболмен белсенді айналысады. Осылайша, өз ойыншыларымызды үйретіп, өз чемпиондарымызды тәрбиелеп шығарамыз», деді Б.Исабаев.

Өңір әкімінің баспасөз қыз­метінің мәліметінше, жаттығу базасының ғимаратын салу мен безендіру бағытындағы құрылыс-монтаждау жұмыстарының басым бөлігі іс жүзінде аяқталған. Бұдан бұлай жаттығу залдарын жайластыруға ерекше назар аударылады. Бұл залдарда ең маңыздысы жоғары сапалы спорттық еден жабыны төселеді, сондай-ақ іргелес аумақ абаттандырылады.

«Жетісу» КВК директоры Нияз Жантілеуовтің айтуынша, спортшыларға арналған шағын отбасылық тұрғын үй 40-45 орынға есептелген. Жертөлесі бар төрт­қабатты ғимараттың 2 кіреберісі болады. Олардың бірінде 12 бір бөлмелі және 3 екі бөлмелі, ал екіншісінде жеке ванна бөлмелері бар 26 бөлме бар. Сондай-ақ қажетті санитарлық-тұрмыстық үй-жайлар қарастырылған. Облыс әкімі осындай мүмкіндіктерден кейін клуб өзінің ойын деңгейін көтеруі керектігіне ерекше екпін түсірді.

Одан кейін Б.Исабаев то­лықтай демеушілік қаражат есе­бінен салынып жатқан, ха­лық­аралық талаптар мен стан­дарттарға сай келетін үстел теннисі орталығына барды. Нысанда темірбетон жұмыс­тары аяқталуға жақын. Әзірге құрылысқа 25-ке жуық адам жұ­мылдырылған, алдағы уақытта жұмысшылар саны арттыры­лады. Жаттығулар мен жарыс­­тар өтетін залдың жалпы ауданы ­1 600 шаршы метр, 150 орын­дық трибунасы бар.

Орталыққа 16 теннис үстелі орнатылады, халықаралық жа­рыстар кезінде тек 9 үстел ғана қал­дырылады. Облыстық дене шы­нықтыру және спорт бас­қармасының басшысы Ұлан Рысқұлдың айтуынша, ғимараттың екінші қабатының пайдалы алаңын неғұрлым тиімді пайдалану үшін шахмат клубын ашу көзделіп отыр. Облыс әкімі жаңа спорт ны­са­нының аумағын абаттандыру мә­селелеріне ерекше назар аударды. Көгалдандыру, тұрақ орында­рын орналастырудың жоспарла­ры талқыланды.

Бейбіт Өксікбайұлы өңірдегі жаңа спорт нысандары резерв­тік бюджет пен демеушілік қара­жат арқылы бой көтергенін атап өтті.

«Мұндай нысандарды салу­ға біз әлеуметтік нысандарды немесе тұрғын үйлерді салуға көзделген бюджет қаражатын пайдаланбаймыз, демеушілерді тартамыз. Мәдениет пен спорт салаларын дамыту жайы үне­мі назарымызда болуы керек. Бұл – азаматтардың рухани жә­не физикалық денсаулығын ны­ғайтуға әсер ететін әлеуметтік сая­саттың маңызды бөлігі», деді ол.

Атап өтсек, демеушілер өңір­дегі әлеуметтік осал топ сана­тындағы тұрғындарға үй салуға да көмек қолын созды. Мәселен, «Самұрық-Қа­зы­на» АҚ қаражаты есебі­нен Тал­­ды­қорғанда әрқайсысы 60 пә­тер­лік бесқабатты 7 үй салынып жа­тыр. Әрқайсысының салыну сатысы – әзірге әр деңгейде. «Қа­зақСтройЭксклюзив» компа­ния­лар тобының бас инже­не­рі Исмихан Каримовтің айтуын­ша, әр үйде 30 үш бөлмелі, 15 бір және екі бөлмелі пәтер бар.

Бес көпқабатты үйдің құры­лысы тамыз айында аяқтала­ды, ал қалған екеуі жылыту маусы­мы басталғанға дейін бітуге тиіс. Мердігер ұйыммен және қала­лық әкімдік өкілдерімен бірге үйлер­дің қасбеттерінің түс үйлесімі мен қаптайтын материал­дарын таңдау, аулаларды абаттандыру мәселелерін талқыла­ған облыс әкімі Б.Исабаев құры­лыс-монтаждау жұмыстарын мер­зімінде, сапалы жүргізу бірінші кезектегі міндет екенін айтты.

 

Жетісу облысы