Спорт • 01 Маусым, 2024

Жарыс күнделігі

60 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2036 жылғы жазғы Олимпия ойын­дарының алауы Қатардың бас шаһары Дохада тұтанады. Қазіргі кезде бұл хабарды барлық БАҚ өкілі таратты. Бұл күндері ұйымдастыру комитеті мен Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОҚ) арасында келіс­сөздер жүргізіліп жатыр.

Жарыс күнделігі
  • Шайбалы хоккейден әлем чемпиона­ты аяқталғаннан кейін рейтинг жаңартыл­ды. Сөйтіп, 2025 жылы Швеция мен Данияда ұйымдастырылатын дүниежүзілік додада қай командалардың өзара күш сынасатыны белгілі болды. Сонымен келесі маусымда А тобында Канада, Швеция, Швейцария, Словакия, Латвия, Аустрия, Франция, Словения құрамалары өнер көрсетсе, В тобында Финляндия, Чехия, АҚШ, Германия, Дания, Норвегия, Қазақстан, Мажарстан бақ сынайды.
  • 8 маусымда Қытайдың Ақсу қаласын­да аралас жекпе-жектен WKG турнирі ­өтеді. Жарыстың басты бәсекесінде қытай­лық қандасымыз Тайлақ Нұражыұлы (9-1) ресейлік Максим Шим­ченкомен (8-3) күш сынасады.
  • Халықаралық шаңғы спорты федерациясы (FIS) 2024/2025 жылғы маусымда өтетін Әлем кубогінің кезеңдік сайыс­тарының күнтізбесін жариялады. Фрис­тайл-могул мен фристайл-акробатикадан байрақты бәсекелердің бірі 21-23 ақпан аралығында Алматыда ұйымдастырылады.
  • 5-12 маусым аралығында Алматыда шосседегі велоспорттан Азия біріншілігінің жалауы желбірейді. Сары құрлықтың дүл­дүлдері бас қосатын жарыста Қазақстанның туы астында Николя Винокуров, Руслан Әлиев, Рудольф Ремхи, Андрей Ремхе, Дмитрий Груздев, Евгений Федоров, Глеб Брусенский, Игорь Чжан, Евгений Гидич, Дмитрий Груздев сынды спортшылар өнер көрсетеді.
  • 1 маусымда Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында сурдо-футзалдан жастар ара­сындағы (U-21) әлем біріншілігінің шымыл­дығы түріледі. Бұл бәсекеде Қазақстаннан бөлек, Бразилия, Украина, Оман, Иран, Әзербайжан, Тәжікстан, Таиланд, Өзбекстан және Сауд Арабиясы құрамалары бақ сынайды. Жарыс 10 маусымда мәреге жетеді.
  • Футболдан Қазақстан кубогінің жартылай финалдық сайыстары өтті. Қос­танайдың «Тобылы» өз алаңында «Атыраудың» қақпасына жауапсыз екі доп соқты – 2:0. Бұл голдардың авторлары – Ахмед Әл-Мессауди (40-минут, пенальтиден) мен Жасұлан Жұмашев (86-минут). «Ақтөбе» мен «Елімай» арасындағы матч та дәл сондай есеппен аяқталды – 2:0. Бұл ойында Дорни Ромеро (25-минут) мен Максим Самородов (33-минут) нысананы дәл көздеді.
  • Филиппиннің астанасы Манилада волейболдан «Шақыру кубогі» аяқталды. Қазақстанның әйелдер құрамасы ақтық сынға дейін алқынбай жеткенімен, шешу­ші тұста Вьетнамға 0:3 (20:25, 22:25, 22:25) есебімен есе жіберіп, күміс медальды қанағат тұтты.