25 Сәуір, 2015

Еуропаны босқындар басып барады

330 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Дагдарыс-1Кәрі құрлықты кезекті дағдарыс бұлты торлады. Бүтін бір құрлықты  тығырыққа тіреген бұл дағдарыстың себебі Еуропаға толассыз ағылған заңсыз мигранттар тасқыны болып отыр. Заңсыз жолмен жер ауған африкалықтардың Жерорта теңізінде жиі-жиі апатқа ұшырауы жаһан жұртын алаңдатып, Еуропалық одақты шұғыл шаралар қабылдауға мәжбүрлеуде. Ауыр апаттарға тосқауыл қажет Өткен жексенбіде Жерорта теңізінің Сицилия бұғазында 700-ден астам заңсыз мигранттар  мінген кеме апатқа ұшырап, теңізге батып кетті. Осы жантүршігерлік апат салдарынан кемеге мінген адамдар түгелге дерлік қаза тапты. Батыстың сұрқия саясатының салдарынан мемлекеттік төңкеріс болып,  азамат соғысының жалынына шарпылған Ливия мемлекетінің тұрғындары босқынға ұшырады. Жан сақтаудың қамымен соғыс­тан қашқан халық қолына іліккен қайықпен бұғазды кешіп өтіп,  Еуропаға жетуге тырысады. Алайда, қауіпсіздік шарттарын сақтамай, жасырын қоныс аударушылар жиі-жиі апатқа ұшырап жатыр. Үстіне 700-ден астам адам мінген ескі кеменің Ливиядан шығып, Италия жағалауына қарай бет алғандығы туралы теңіз жағалауындағы шекарашылар хабардар болған еді. Соған байланысты осы өңірді торуылдап жүрген Португалияның King Jacob кемесі тиісті тапсырма алып, шектен тыс адам тиелген ескі кемеге қарай асығыс аттанды. Өкінішке қарай, куәлардың айтуынша, King Jacob кемесі заңсыз қоныс аударушылар мінген кемеге жақындай берген кезде ол суға батады. Жан-жақтан көмекке жеткен мальталық, италиялық кемелер мен тікұшақтардың көзінше жүздеген адам су түбіне кете барды. Құтқарушылардың тек 28 адамды аман алып қалуға шамасы келді. Адам шығыны жағынан бұл апат Жерорта теңізіндегі ең үлкен апатқа айналды. Теңіз арқылы Еуропаға заңсыз қоныс аударған африкалықтар бұдан бұрын да талай-талай апатқа ұшыраған еді. Тек өткен жылы ғана Жерорта теңізі арқылы Еуропаға қашқан мигранттардың ішінен 3,5 мың адам суға кеткен болатын. Алайда, биылғы жылдың басынан бері Жерорта теңізінде орын алған апаттар салдарынан болған қасірет өткен жылғыдан бірнеше есе асып түсетін сияқты. Тек сәуір айының ортасына дейін теңіз арқылы кәрі құрлыққа қашқан 900-ден астам африкалықтар мерт болды. Олардың басым көпшілігі әйелдер мен балалар еді. Сәуір айының соңғы апталарында Жерорта теңізінде бірінен кейін бірі 3 үлкен апат орын алды. Осы апаттардың салдарынан бір жұманың ішінде ғана 1300 мигрант суға кетті. Жерорта теңізі жағалауында жиі-жиі орын алған апаттар салдарынан Италия премьер-министрі Маттео Ренци шұғыл мәлімдеме жасап, Брюссель қаласында еуропалық саммит шақырылуын талап етті. Өткен дүйсенбіде Люксем­бургте Еуроодаққа мүше мем­лекеттердің сыртқы істер және ішкі істер министрлері шұғыл жиналды. Олар бейсенбі күні өтетін саммиттің күн тәртібін белгіледі. Саммит күн тәртібінде бір-ақ мәселе – Еуропаға заңсыз келіп жатқан мигранттар жайы болмақ. Жерорта теңізі арқылы заңсыз қоныс аударушылардың басым көпшілігі Италияға жетуге асыққан Ливия тұрғындары болып отыр. Италия үкіметінің жауапты шенеунігінің айтуынша, бұл елге заңсыз келіп жатқан ливиялықтар саны жылдың аяғына дейін 1 миллион адамға  жететін көрінеді. Оның үстіне елдегі босқындарды қабылдайтын орталықтар үсті-үстіне ағылған жұртты қабылдауға қауқарсыз болып отыр. Мигранттарға жұмсалатын шығын көлемі онсыз да қалт-құлт етіп тұрған Италия экономикасына қосымша соққы болып тиюде. Италия өз күшімен толассыз ағылған босқындар проблемасын шеше алмайды. Оған «Жерорта теңізі» атты мигранттарды құтқару жөніндегі италиялық тиімді бағдарламаның бар болғаны бір-ақ жыл өмір сүргендігі дәлел болады. Өткен жылдың күзінде қаржы тапшылығынан бұл бағдарлама жабылды. Оның орнына қазіргі кезде тиімділігі де, мазмұны да өте төмен Fortex атты еуропалық теңіз агенттігінің  «Тритон» бағдарламасы жұмыс істеп тұр. Жерорта теңізінде апатқа ұшы­раған мигранттарды құт­қару жұмысы еуропалық теңіз­шілердің міндетіне көшкеннен бері қаза болғандар саны күрт өсіп кетті. Оның себебі, ита­лия­лық шекарашылардың қайы­рымдылығы мен шеберлігінде емес. Мәселе, екі бағдарламаның ауқымы мен қаржыландыруындағы  айырмашылықта жатыр. Ита­лиялық «Жерорта теңізі» бағдар­ламасы бойынша 70 мың шаршы шақырым теңіз аумағы бақы­лауға алынған болса, қазір еуропалық шекарашылар Италия жағалауының 30 шақырым аумағын ғана бақылауға алады. Егер, « Жерорта теңізі» бағдарламасы бойынша теңіз­дегі құтқару жұмысымен 900 маман айналысқан болса, «Три­тон» бағдарламасы бойынша 65 адам ғана айналысады. Екі бағдарламаның қаржыландыру деңгейі де көп жайдан хабар берсе керек: «Жерорта теңізі» бағдарламасына ай сайын 9 миллион еуро қаржы бөлініп отырса, «Тритон» бағдарламасына 2,7 миллион еуро ғана қаржы бөлінеді. Соңғы аптада орын алған ауыр апаттар Италия премьер-министрі  Маттео Ренциді Еурокомиссияға батыл талаптар қоюға мәжбүр етті. Бірінші кезекте Рим Брюссельден мигранттарды қабылдайтын  жаңа орталықтар салу үшін және қолданыстағы орталықтарды жетілдіру үшін қаржы талап етіп отыр. Қалыптасқан жағдай кәрі құрлықты мигранттар проблемасына басқа қырынан қарауға мәжбүрлейді. Дүйсенбіде өткен Еуропалық одақтың сыртқы істер және ішкі істер министрлерінің басқосуында бұл мәселе күн тәртібіне өткір қойылды. Tsmc тоқырауға тап болды Өскелең заманның озық технологиясының барлығында дерлік қолданылатын чиптерді өндіретін Тайваньдағы Taiwan Semiconduсtor Manufacturing Co (TSMC) атты ірі келісімшарт кәсіпорыны 2015 жылы өзінің бюджетін 1 миллиард долларға қысқартатындығын мәлімдеді. Енді TSMC өндірістік қуатын арттыруға және технология­ны дамытуға бұрын белгіленген 12 миллиард АҚШ долларының орнына 11 миллиард доллар қаржы жұмсайтын болды. Бұл туралы жақында TSMC-тің қаржы директоры Лора Хо мәлімдеді. Дагдарыс-2Сарапшылар бұл компания бюд­жетінің биылғы жылы миллиондаған долларға қысқаратындығын болжаған еді. Мәселен, Credit Suisee агенттігінің сарапшысы Рэнди Абрамс компания өзінің негізгі шығындарын жүздеген миллион долларға қысқартатындығын айтқан. Бірақ іс жүзінде бұл шығын миллиардтан асып түсті. Еске сала кететін болсақ, TSMC үстіміздегі жалдың 1-ші тоқсанын 65 пайыз пайдамен аяқтаған болатын. Қаңтар-наурыз айларында компанияның таза пайдасы өткен жылдың сәйкес мерзіміндегі 47,87 жаңа тайваньдық доллардың орнына 78,99 миллиард жаңа тайваньдық долларға дейін асып түсті. TSMC тоқсандық түсім көлемін 50 пайызға арттырып, 222,03 миллиард жаңа тайваньдық долларға жеткізді. Ал биылғы жылдың 2-ші тоқсанына арналған болжам бойынша тоқсандық түсім 7,5 пайызға төмендейтін көрінеді. TSMC  шығаратын чиптер іс­жүзінде озық өндірістің барлық саласында, атап айтқанда, медициналық жабдықтар өндірісінде, автомобиль өндірісінен, ұялы телефондар өнді­рісіне дейін қолданылады.   TSMC  компаниясының күрделі қаржы саласындағы жоспарларының өзгеруі әлемдік рыноктағы чип өндірісіне өзіндік ықпалын тигізуде. Аталмыш компанияның президенті  әрі қосымша директоры Марк Льюдің айтуынша, 2015 жылы бүкіл жартылай өткізгіштер өндірісінің өсімі жоспардағы 5 пайыздың орнына 4 пайыз көлемінде болмақ. Кейбір сарапшылар тайваньдық TSMC компаниясы 2015 жылы өз дамуының шырқау биігіне шықты, енді экономикалық тоқырау кезеңіне ауысады деген болжам айтады. Дайындаған Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».