16 Қаңтар, 2015

Сенат келісімдермен келісті

259 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен кеше палатаның осы жылдағы алғашқы жалпы отырысы өтіп, онда депутаттар өздерін толғандырған мәселелер бойынша сауалдарын жария етті. Сондай-ақ, күн тәртібіне шығарылған бірқатар халықаралық заңдық құжаттарды қарап, ратификациялады. Алдымен депутаттар Қазақстан мен Катар үкіметтері арасындағы Табысқа салынатын салықтарға қа­тысты қосарланған салық салу­­ды болдырмау және салық салу­­дан жалтаруға жол бермеу тура­лы келісімді және осыған сәй­кес хаттаманы ратификациялау тура­лы заң жобасын қарады. Келі­сімге хаттама 2014 жылғы 19 қаң­тар­да Астанада жасалған екен. Келі­сімнің мақсаты – инвестиция­лар үшін қолайлы жағдайлар жасау жо­лымен Қазақстан мен Ка­тар ара­сындағы экономикалық ынты­мақ­тастықты нығайту және кеңейту. Және де халықаралық шарт қосарланған салық салуды болдырмау үшін де жасалған көрінеді. Уағдаласушы мемлекеттердің әрқайсысы салық төлеушіге бір рет салық төлеу мүмкіндігін қам­та­масыз етеді. Сондай-ақ, келісімде табыстың пайда болу көзі болып табылатын мемлекетте дивидендтерге, пайыздарға және роялтиге төмендетілген мөлшер­лемелер бойынша салық салынуы мүмкін ережелер де көзделгендігін айта кеткен жөн. Заң жобасы депутаттар тарапынан қолдауға ие болды. Бұдан кейін сенаторлар Мә­жі­ліс мақұлдаған «2000 жыл­ғы 7 шіл­дедегі Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Үкіметі мен Өзбек­стан Рес­публикасының Үкіметі ара­сындағы Азаматтардың өзара сапар­ларының шарттары туралы ке­лісімге өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын қарады. 2012 жылғы 7 қыр­күйекте Астанада жасалған Хатта­маға сәйкес Қазақстан мен Өз­бекстан азаматтарының Тарап­тар­дың аумағына келуі, шығуы, транзитпен өтуі, сондай-ақ, уақытша бо­луы үшін құжаттар тізбесіне өз­герістер мен толықтырулар ен­гізу көзделген. Ішкі істер министрі Қал­мұ­хан­бет Қасымовтың айтуын­ша, құжаттар тізіміне қосымша дип­ломатиялық паспорт пен Өзбекстан азаматының биометриялық пас­порты, осы елдің 16 жасқа тол­маған азаматының куәлігі және қайтып оралуға арналған куәлік қосылып отыр. Бұл ретте, заң жобасы бойынша пікір білдірген сенатор Қуаныш Айтаханов Оң­түстік Қазақстан облысында 700 мыңнан астам адам шекаралас аймақта тұратынын және өңірде 400 мыңға тарта өзбек ағайын бар екенін атады. Депутаттың сөзіне қарағанда, Қазақстан шекарасынан тұрғындар ешқандай кедергісіз өтеді екен. Ал Өзбекстан шекарасынан өтер кезде өткізу бекеттерінде 2-3 сағат немесе жарты күн тұрып қалатын көрінеді. Сондықтан да Қазақстан Үкіметі тарапынан осы мәселеге ықпал етілуін сұраған депутат бұл екі ел халқына да ыңғайлы болған болар еді дегенді айтты. Сенатордың ұсынысынан кейін палата заң жобасын қабылдады. Кешегі отырыста «Шекара­ара­лық су арналары мен халықаралық көл­дерді қорғау және пайдалану туралы конвенцияның 25 және 26-баптарына түзетуді ратификация­лау туралы» заң жобасы да палата қарауына ұсынылды. Ол бойынша баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков Су конвенциясына Хельсинки қаласында 1992 жылы қол қойылғанын және ол 1996 жылы күшіне енгенін жеткізді. Түзетулердің күшіне енуі аумағында трансшекаралық өзендердің су ресурстарының басым бөлігі қалыптасатын елдермен шекараласатын мемлекеттер үшін аса маңызды көрінеді. Депутаттар талқылай келе, конвенцияның 25 және 26-баптарына енгізілген түзетулерді де ратификациялады. Мәжіліс мақұлдаған «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Жануарлардың саулығы жөніндегі дүниежүзілік ұйым арасындағы Жануарлардың саулығы жөніндегі дүниежүзілік ұйымның Аусыл бойынша субөңірлік үйлестіру кеңсесін Астана қаласында құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы да қолдау тапқандығын айта кету керек. Отырыс соңынан Сенат депутаттары өз сауалдарын жария етті. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».