Қоғам • 04 Маусым, 2024

Ешқашан сарқылмайтын күш-қуат

110 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақ – ежелден өзінің ен-таңбасы мен көк байрағын қасиеттеп, қастерлеп ұстаған халықтың бірі. Небір заманалардың тар жол, тайғақ кешу кезеңдерінде өз елінің таңбасы мен байрағын еш жауға бермеген, ешкімге де алдырмаған. Сол ұлы қасиет дарығын халқымыз бүгінгі күні өзінің Туын көтеріп, Елтаңбасын жарқыратып, Әнұранын шалқыта шырқап, төрткүл дүниенің төрт бұрышына, айдай әлемге танылып отыр.

Ешқашан сарқылмайтын күш-қуат

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Әр жылдың 4 маусым күнін Мемле­кеттік рәміздер күні деп атап өтуі­міздің үлкен тарихи мәнін ұлттық құндылық ретінде ұстанып келе жатқан ұлттық бітім-болмысымызға да тығыз байланысты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Аты­рауда өткен Ұлттық құ­рыл­­­тай­дың үшінші отырысында: «Ұлттық бірегейлігіміз мемлекеттік рәміздерде айқын көрініс тапқан. Біз­дің көк туы­мызда мін жоқ. Онда еліміздің біре­гей болмысы нақты бейнеленген. Ән­ұра­нымыз да нағыз ұлт­тық рухты паш етеді. Қа­зақтың Әнұраны әлемнің әр түк­пірінде шырқалып жүр. Жаңа жылды жақындарымыздың орта­сын­да Ән­ұранмен қарсы алу жақсы дәс­­түрге ай­налды. Бір сөзбен айтсақ, Әнұранымыздың сөзі де, әуені де халықтың жүрегіне әбден орныққан», дегені де осы ұлттық бол­мы­сымыздың бірегейлігін көр­сетеді.

Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет – елге, мемлекетке деген құр­­­мет. Біз еліміздің Туы, Ел­­таң­басы, Әнұранына деген құр­мет­ті және сүйіс­пен­шілікті өз ұр­пақтарымыздың бойына бала күні­нен сіңіруіміз қажет. Бұл орайда кейінгі жыл­дары Мемлекеттік рәміз­дер­ді кеңі­нен насихаттау шаралары жүйелі жүр­гізіле бастады, Туды ілудің жаңа қағи­далары орнықты. Қазір Әнұран ой­налса болды, тіпті аяғын жаңа бас­қан балдырғанның өзі сәби қолын жүре­гінің тұсына қойып, тұра қала­ты­нына қалай сүй­сін­­бейсің?

Биылғы Жаңа жыл кешінде әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайберген мемлекеттік Әнұранды орындағанда толқымаған, тебіренбеген адам жоқ, сірә! Соның арқасында еліміздің Ән­ұранын әлемнің түкпір-түкпіріндегі халықтар шырқай бастады. Бұған қалай қуанбасқа!

Біз – әлем сүйсініп отырған таңбалы елміз, танымал елміз. Елдің бірлігін, халқымыздың ынтымағын нығайта түсер Мем­лекеттік рәміздеріміздің күш-қуаты да ешқашан сарқылмасы анық.

 

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Сенаторлар кеңесінің мүшесі