Бұл іс-шара 2018 жылы Қазақстан Үкіметі бастаған үш тілді білім беру бастамасына қолдау көрсетуге бағытталған. Кейінгі жылдары АҚШ дипломатиялық өкілдігі ағылшын тіліндегі бағдарламалардың кең ауқымын ұсынып келеді. Соның ішінде «Fulbright» бағдарламасы жемісті жұмыс істеп жатыр. Мәселен, биылғы оқу жылында да еліміздің университеттерінде ағылшын тілін оқытатын «15 Fulbright ETA» мен «7 ELF» жобасына қатысқан студенттердің қатары көп. Жоғары оқу орындарындағы студенттерге ағылшын тілін оқыту мен дамытуға тікелей үлес қосуды көздейтін жобаға биыл америкалық 22 оқытушы қатысқан. Олар студенттерге тіл үйретіп қана қоймай, елімізде бір жылға жуық уақытта жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысуға мүмкіндік алды.
Өткен аптада осы бағдарламаға қатысқан 80 студент пен оқытушы АҚШ елшілігі ұйымдастырған үш күндік жарыста бақ сынады. Пікірталас жеке, кәсіби және жаһандық мәселелер тақырыптарын қамтыды. Олардың дебаттық жарысына Қазақстандағы АҚШ елшісі Дэниел Розенблюм төрелік етіп, жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне қатысты.
«Пікірталасқа елдің түкпір-түкпіріндегі 19 университеттің студенті қатысып жатыр. Олар берілген тақырып бойынша жоспар құрып, ағылшын тілінде ой-пікірін еркін әрі нақты дәлелмен жеткізе білуге тиіс. Сондай-ақ айтылып отырған тақырыпқа қатысты бір-бірін толықтыру тапсырылды. Айта кету керек, бұл бағдарлама орта мектептерде де жұмыс істеді. Америкалық оқытушылар он ай бойы осы елге келіп, оқушылар мен студенттерге, мұғалімдерге ағылшын тілінен сабақ берді», дейді елші. Оның айтуынша, бағдарлама алдағы уақытта да жалғасады. Сондай-ақ жоба қатысушылары арасындағы байқаудың қорытындысын шығару үшін пікірсайысты тұрақты өткізу де көзделіп отыр. Бұл жолғы жарыста Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенттері топ жарды.